Облыста өнеркәсіпті дамытуда отандық өндірушілерді қолдауға, бәсекеге қабілетті және импортты алмастыратын өнім шығаратын жаңа өндірістерді ашуға баса назар аударылатын болады. Nur Otan партиясы БҚО филиалының кезектен тыс XXVI конференциясында сөз алған облыс әкімі, филиал төрағасы Ғали Есқалиев осылай деді.
Nur Otan партиясының облыстық филиалының сайлауалды бағдарламасында өңірдің дамуының жеті басым бағыты айқындалған болатын. Өңір өнеркәсібін дамыту, отандық өндірушілерді қолдау, бәсекеге қабілетті және импортты алмастыратын өнім шығаратын жаңа өндірістерді ашу үшін 177 инвестициялық жоба, агроөнеркәсіптік кешенде 34 жоба жүзеге асырылмақ. «Бұл кешенді шаралардың нәтижесінде ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 1,5 есеге дейін артады», деді Ғали Есқалиев.
Өңір басшысының айтуынша, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жылына 270-тен астам жобаны мемлекеттік қолдау, 5 мыңнан астам шағын несие, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 3 мың грант беруге де көңіл бөлінуде.
– Ауыл халқын ауыз сумен қамтамасыз етуді 100 пайызға жеткізу, жалпы ұзындығы 800 шақырымнан астам автожолдардың сапасын жақсарту, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейін жетілдіре түсу мақсатында бірқатар жұмыс атқарылуда. Тұрғындарды баспанамен қамту үшін 2,5 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынады, – деді облыс әкімі.
Конференцияда жарияланған партия бағдарламасында «Әлеуметтік бағдарланған өңір», «Жастарға арналған аймақ», «Тарихы мен мәдениеті бай аймақ», «Ашық және қолжетімді әкімдік», «Қауіпсіз аймақ» секілді жобалар да бар.
– Біздің партия өңір тұрғындарының барлық тілегін қанағаттандыру үшін қажетті шараларды жасайтын болады. Халықтың барлық тобының мүддесін қамтып, халық пен билік арасын байланыстырушы буын боламыз. Алдымызға қойған мақсат-міндеттерге бірлесе қол жеткізейік! – деді өңір басшысы Ғали Есқалиев.