Қостанай облысының бас санитарлық дәрігері аймаққа қосымша шектеу шараларын енгізу туралы қаулы қабылдады. Қаулыға қол қойылған 17 қарашадан бастап облыс аумағына, сонымен қатар Қостанай және Рудный қалаларына кіріп-шығуға шектеу қойылды. Бірақ Қостанай мен Рудный қаласынан өзге елді мекендердің арасындағы жол қатынасына кедергі жоқ.
Бас санитардың қаулысы жарияланысымен, полиция басшылығы карантин режімінің күшейтілуіне байланысты енгізілген өзгерістер туралы түсіндірді. Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Виталий Цойдың айтуынша, облыс аумағындағы жүріп-тұру тәртібінің сақталуын 20 санитарлық бекет қадағалайды. 17 қарашадан бастап әр ауданға мобильді бекеттер қойылып, облыс орталығы мен Рудныйға баратын тұрғындардың жолға шығуына шектеу қойылады.
Қаулыда санитарлық бекеттерден өтуге рұқсат берілетін жолаушылар тізімі көрсетілген. Олардың ішінде өтіп бара жатқан жолаушылар мен жүк көліктері, вахталық жұмысшыларды таситын көлік құралдары, тұрғылықты мекеніне қайтып келе жатқандар бар. Такси жұмысы түнгі 22.00-ден таңғы 6.00-ге дейін шектелді.
Карантин тәртібінің күшейтілгені туралы аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасы арқылы хабарлап, облыс тұрғындарына енгізілген шектеу шараларына түсіністікпен қарап, жалпыға бірдей міндеттелген талапты сақтауды сұрады.
«Штаб отырысы барысында Меңдіқара, Сарыкөл, Қарасу, Қостанай, Жангелдин және Амангелді аудандары әкімдерінің ағымдағы жағдай туралы есебін тыңдадым. Сондай-ақ мониторингтік топтардың жұмысын қарастырдық. Өкінішке қарай, кейбір кәсіпкерлік субъектілері енгізілген шектеу шараларына қарамастан, бас санитарлық дәрігердің қаулысын өрескел бұзуға жол береді, бұл облыстағы эпидемиялық жағдайдың нашарлауына әкеп соғады. Осыған байланысты жедел штаб бір апта мерзімге қосымша шектеулер енгізу туралы шешім шығарды. Барлық шара бірінші кезекте облыс халқының денсаулығы мен әл-ауқатын сақтау үшін қабылданды», – деп жазды А.Мұхамбетов.
Қостанай облысы