«Қазақтың қуанышы – менің қуанышым» деп өткен қабырғалы қаламгер, көрнекті аудармашы Герольд Бельгер ақтық демі қалғанша әдебиетке деген адалдығынан танған жоқ. «Ұлтым неміс болса да, қазақтың жанын бір кісідей түсінем» дейтін жазушыны қазақ халқы да жүрегінде әлдиледі. Өмірден көшсе де көңілден өшпейтін із қалдырған тұғырлы тұлғаның Алматыдағы 40 жыл бойы тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Былтыр арманына қанат бітірген ару қалада дарын атына көше берілген еді.
Жазушының есімі тасқа басылған тақтайша Бельгер тұрған үйдің белгісі ғана емес, әрлі-берлі өткендерге Герағаның өмір өткелдерінен сыр аңдатып тұрғандай. Себебі дәл осы қабырғада жазушы шығармашылығындағы ең бір шуақты жылдар өтті. Елуден астам прозалық, әдеби-сын кітаптардың авторы 200-ге тарта қазақ қаламгерінің отты шығармаларын орыс және неміс тілдерінде сөйлетті. Рухани тұтастық пен ұлтаралық татулықты ту еткен туындыгер қоғамдағы түйінді мәселелерге де азаматтық үн қосты. Ізгілік шамы сөнбесе деп тіледі. Мемориалдың ашылу салтанатына келген зиялы қауым өкілдері Герольд Бельгер салған соқпақ алып даңғылға айналғанын айтады.
Салтанатты шараны ашып берген ақын Олжас Сүлейменов, қаламгердің өмір өрнегіне тоқтала келіп: «Қандай адам Қазақстанның символына айнала алады?» деген сауалға еш бөгелместен Герольд Бельгер деп жауап берген болар едім. Нағыз интернационалды тұлға біздің Қазақстанның барлық этностық шығу тегі мен мәдени шығу принциптерін біріктірді. Қай тілге болса да қамшы салдырмайтын, алған бетінен қайтпайтын Герольд Бельгер секілді жазушы әлемде кемде-кем. Ол қазақ халқының ұлы досы. Біз оған мәңгілік қарыздармыз», деп игі басқосудың мән-маңызын, дарынның әдебиеттегі ауыр салмағын саралап берді.
Шығармалары оқырман жүрегіне жол тапқан талант иесінің рухын аспандатқан басқосуда Герольд Бельгердің жазушылық қыры мен азаматтық сыры да айтылмай қалған жоқ. Қаламгердің қанаттас-қаламдастарымен қатар, әдебиеттегі ізін басқан інілері де ізгішуақ лебіздерін жолдады.
– Қазақ әдебиетінің бірнеше авторын орыс тіліне аударған Герольд Бельгер Абай әлеміне де терең бойлап, Гете мен Абай туындыларының өзара үндестігін зерттеді. Қазақ үшін оның орны бөлек. Өйткені ол өмір бойы қазақтың мәдениеті мен әдбиетіне, қазақтың тіліне қызмет етті. Қазақ жазушыларының ішінде өзінің библиографиясын жасап кеткен, өзінің өмірбаянын түзіп, шығармасын тізімдеп, қаттап-шоттап кеткен бір адам болса, ол – Герольд Бельгер. Оның «Қазақ дәптері» деген кітабы бар. Онда халқымыздың мәдениетін, тілін, жан дүниесін керемет ашып көрсеткен. Қазақтың жүрегін қазақтан артық түсінген бір адам болса, ол тағы да Бельгер деп ойлаймын, – дейді Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов.
Шынында да саналы ғұмырының сәулелі сәттерін әдебиет әлеміне бағыштаған Бельгердің қазақ халқына деген махаббаты шығармалары арқылы көптеп көрініс табады. Оған жазушының «Абай и Гете» зерттеу еңбегіндегі: «Менің Абайды тануым Гетені түсінуден басталуға тиіс сықылды еді. Қаншама қазақша оқып, қазақ ауылында өстім дегенмен, неміс емеспін бе? Бірақ бәрі керісінше болып шықты. Мен әуелі Абай арқылы Гетені таптым. Бұл әншейін айтыла салған жылтырақ сөз емес. Басқасын былай қойғанда, Гетенің әйгілі «Жолаушының түнгі жыры» атты өлеңін мен әуелі Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» деген өлеңін оқып барып, Лермонтовтың «Тау шыңдары» арқылы бойыма сіңіріппін», деген жолдары дәлел.
«Герольд 2015 жылдың 7 ақпанында мәңгілік мекеніне аттанды. Сол кезде оның жаназасына соншама жұрт жиналады деп ойлаған жоқ едім. Ол өте қарапайым адам болатын. Өзін ешқашан жоғары бағаламайтын. Тіпті маған бірде: «о дүниеге кетсем бір-екі жылдан соң-ақ ұмытыламын» деп айтқаны бар. Бірақ олай емес екен. Еңбегі еленіп, халықтың, қоғамның есінде екеніне міне, бүгін куә болып отырмын», дейді жазушының жары Раиса Хисматулина.
Г.Бельгер 1934 жылы 28 қазанда Саратов облысындағы Энгельс қаласында дүниеге келген. 1941 жылы ол ата-анасымен бірге неміс ұлтының өкілі ретінде Қазақстанға жер аударылған. Ол осыдан бастап Солтүстік Қазақстан облысындағы қазақ ауылында өсті. Осында қазақ тілін жетік меңгеріп шықты. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін бітіріп, еңбек жолын Жамбыл облысында орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беруден бастады. 1971 жылы Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданып, ұлт әдебиетінің тасын өрге дөңгелетуге сүбелі үлес қосты. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, неміс мәдени қоғамы Алматы қаласындағы бөлімшесінің төрағасы, Қазақстан немістері кеңесінің мүшесі және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі секілді жауапты қызметтерді де алғаусыз атқарды. Осыдан бес жыл бұрын жазушыны ақтық сапарға шығарып саларда сөйлеген сөзінде Әбіш Кекілбаев: «Қазақ әдебиетіндегі Бельгер соқпағы да уақыт өте келе, күні-түні жүрісі тоқтамайтын нағыз күре жолға айналғанын көріп отырмыз. Халықтар, қоғамдар, мәдениеттер арасындағы жылдан-жылға жиілей түскен үнқатысуларға үзбей атсалысып келе жатқан, қайсарлана алға ұмтылып, қайраттана ой толғаған айтулы азаматтың, кемел тұлғаның асқақ даусы барған сайын саңқылдай түсері анық. Ендеше, ол өлмейді. Өзі болмаса, сөзі мәңгі өшпес өмірмен бірге жасай бермек», деп тебіреніп еді.
Бельгер әлемінің бір белгісіндей болған ескерткіш тақтайша дана Әбіш тілге тиек еткендей, рухани тұлғаның ел жүрегіндегі екінші өмірінің басталғанын айғақтай түседі.
АЛМАТЫ