Қазақ халқының музыкалық аспаптарының шығу тарихын ғалымдар сонау ықылым замандардан, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің тарихи зерттеу-жазбаларынан бастау алатынын алға тартады. Уақыт өте келе ұлттық қазынаның жандануына Шоқан Уәлиханов, Ахмет Жұбанов, Әлкей Марғұлан, Өзбекәлі Жәнібеков секілді тағы да басқа танымал ұлт зиялылары атсалысса, халқымыздың көне музыкалық аспаптары мен дәстүрлі қазақ музыка мәдениетінің кейінгі қайта даму кезеңі Болат Сарыбаев есімімен тығыз байланысты.
Аспаптанушы ғалымдардың зерттеу еңбектеріне жүгінсек, музыкалық жауһарлар алғаш өнер туындысы ретінде емес, тұрмыстық деңгейде қолданылатын құрал, бұйым тұрпатында пайда болғаны мәлім. Үрлеп ойналатын және ұрып ойналатын аспаптар атының тіпті көне зерттеулер мен Батырлар жырында жиі ұшырасуы халық өнері қорының тамыры тереңде жатқандығын, музыкалық аспаптардың қазақ даласында сан алуан түрі болғанын айғақтай түседі.
Төменде Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің жетекшісі Рүстем ҚАЙРАТҰЛЫ рухани байлығымызға баланған осынау құнды жәдігерлерді сақтап, зерттеудің маңызы мен болашағы туралы баяндайды.
– Рүстем Қайратұлы, әуелі музейдің тыныс-тіршілігі мен құнды жәдігерлердің қысқаша тарихы туралы әңгімелеп берсеңіз.
– Алматыдағы біздің музей халқымыздың көне музыкалық аспаптарына арналған әзірге еліміздегі бірден-бір рухани ошақ саналады. Мұнда қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптарымен қатар әлемнің 50-ге жуық елінің мәдениетімен таныстыратын залдарды қосқанда, бас-аяғы 9 зал жұмыс істейді. Музейге келушілерді әр экспонат жайында толық ақпаратпен қамтамасыз ету үшін музей залдары 2 ақпараттық киоск пен бейнеконтенттік проекторлармен жабдықталған. Киоск арқылы әр экспонат жайында ақпарат берілсе, бейнеконтенттен сол аспаптың дыбысталуы, аспапта ойналатын музыкалық шығармалар көрсетіледі. Әрбір экспонат жайлы ақпаратпен қамтамасыз ету – музейдің ғылым бөлімінің негізгі міндеті.
Бірінші залда музыкалық аспаптардың археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған, 10 ғасырдан астам тарихы бар көне жәдігерлер сақтаулы.
Үрмелі және соқпалы-шулы аспаптар залында әскери жорықтар кезінде қолданылған дабыл, дауылпаз, шыңдауыл, дудыға, сондай-ақ күнделікті тұрмыста қолданылған сақпан, шартылдауық, тұяқтас аспаптары мен сыбызғы, сазсырнай, желбуаз сынды үрмелі аспаптар бар.
Мемориалдық музыкалық аспаптар залында қазақ музыка тарихында «Алтын ғасыр» саналатын ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген халқымыздың шоқтығы биік әнші-жыршылары мен күйші-композиторларына тиесілі музыкалық мұраларға орын берілген.
Музейдің бағалы коллекциясында Абай, Шәкәрім, Құрманғазы, Дина, Жамбыл, Қазанғап, Ақан сері, Біржан сал, Кенен, Сүгір, Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев және тағы басқа тұлғалар ұстаған домбыралар мен сырнайларды тамашалауға болады.
– Осылардың ішіндегі ең көне мұра кімнің домбырасы?
– Залдағы ең көне жәдігер – Махамбет Өтемісұлының екі ішекті, 13 пернелі, жұмыр шанақты домбырасы. Аспап ұзақ уақыт музыкант Арыстан Баталовтың қолында болған. 1931 жылы өнер иесі қайтыс болған соң, домбыраны оның ағасы Қатеп Қызылордаға алып кетеді. 1933 жылы белгілі күйші-композитор Сейтек Оразалыұлы осы домбыраның артынан Қызылордаға арнайы іздеп барады. Махамбеттің домбырасында қатарынан екі күн ойнайды. Батырдың жәдігерін күйші қанша қалап, өзіне сыйға тартуын өтінгенмен олар көнбейді. Кейін Қатеп қайтыс болғаннан кейін, домбыра Қатептің туысы Қажеттің қолында қалады. 1934 жылы Қажет қайтыс болып, анасы Ресейге қоныс аударған кезде домбыраны өзімен бірге ала кетеді. Сөйтіп Ресейде аспап Елеу есімді қарттың үйінде сақталған. 1974 жылы ол кісі қайтыс болып, тарихи жәдігер оның ұлы Мұстафа Исмағұловтың қолына өтеді. 1985 жылы домбыраның бет тақтайы қайта жөнделіп, тарихи құндылық ретінде музейге табысталды.
– Ал Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрімнің домбыраларын музейге кімдер тапсырды?
– Келушілердің назарын өзіне аудартып тұратын ерекше құндылықтың бірі – Абай Құнанбайұлына тиесілі үш ішекті домбыра. Абай бірнеше саз аспабын жасатып, өзінің төл ұрпақтары мен айналасындағы әнші-күйші, ақындарға сыйға тартқан. Ақынның өзінің жеке домбырасы – үш ішекті, 8 пернелі, қалақша пішінді. Оны Абай мен ұлы Ақылбай тартқан. Кейін жәдігер мұра ретінде Ақылбайдың ұлы Исраилға тапсырылады. Ұлы ақынның немересі Исраил бұл домбырамен облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі байқауларға қатысқан екен. 1959 жылы Исраил дүние салып, кейіннен қыздары жәдігерді Семейдегі Абай Құнанбайұлының әдеби-мемориалдық музейіне тапсырған. Ал 1981 жылы ақынның асыл мұрасы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі қорына алынды. Айта кететін тағы бір жайт, Абай домбырасының осы түпнұсқасынан басқа 4 көшірмесі жасалған. Өкінішке қарай, бұл аспапты жасаушы ұстаның есімі және қай жылдары жасалғандығы жайлы ешбір дерек жоқ.
Мемориалдық аспаптар коллекциясына соңғы қосылған аспап – Шәкәрім Құдайбердіұлының екі ішекті (бастапқыда үш ішекті болған), 13 пернелі, қалақша пішінді домбырасы. Шәкәрім қайтыс болған соң, аспап оның ұлы Ахаттың қолында қалған. Ахат қарттан Семейдегі бір мұғалімге, кейін ол мұғалімнен Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректорының қолына өткен. Өз кезегінде оқу орнының басшысы домбыраны Шәкәрім өнерінің жанашыры болып жүрген меценат Медғат Құлжановқа табыстайды. Медғат Кәрімұлы 2019 жылы жәдігерді музейімізге өткізді.
– Музыкалық аспаптардың үнін қайта жаңғыртуда да біраз жобалар қолға алынған тәрізді...
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде жарыққа шыққан «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет екендігін айтып өткен болатын.
Осыған орай музей қорында сақталған мемориалдық музыкалық аспаптардың дыбысын қайта жаңғырту мақсатында «Жәдігер» музыкалық антологиясы жарық көрді.
Музыкалық антологияда музей қорында сақталған 24 мемориалдық аспапты қазіргі ән-күй, жыр мектептерінің ірі өкілдері дыбыстандырып, әрбір аспаптың жасалу технологиясына танымал шеберлер сипаттама берді.
Антология аудио және видео үлгісінде басылып шығып, әйгілі өнерпаздардың өз аспаптарында орындалған шығармалары бүгінгі аудиторияға жақындатылып әрі түсінікті форматта жол тартты. Видеолар музейдің шеберлер залында арнайы проектор арқылы келушілерге ұсынылуда.
Сонымен қатар қобыз залында ХVІII ғасырда жасалған Жарас бақсының қобызынан бастап, әр өңір бақсыларының қобыздары мен ХХ-ХХІ ғасырларда шеберлердің қолынан шыққан аспаптар және Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаев, Гүлнафис Баязитова сынды әйгілі қобызшылар өнер көрсеткен аспаптар қойылса, Шеберлер залы бүгінгі ісмер шеберлердің таңғажайып туындылары мен Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде екі жылда бір рет өткізілетін «Аңыз домбыра» республикалық байқауы жүлдегерлерінің аспаптарымен таныстырады.
Байқаудың негізгі мақсаты: насихаты кем түсіп жатқан дәстүрлі қолөнерімізді және оны сақтаушы шеберлердің еңбегін насихаттау, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу, домбыраның көне қоңыр үнін қайтару болып табылады. Байқау алғаш рет 2016 жылы Алматы қаласы күніне орай ұйымдастырылып, оған еліміздің әр түкпірінен 65 шебер қатысқан болатын. Ал екінші рет 2018 жылы өтіп, оған 39 шебер қатысты. Жүлделі орындарға ие болған домбыралар музей қорына алынып, экспозицияға қойылып отырады.
– Мұнда Қазақстандағы түрлі елшіліктер сыйға тартқан музыкалық аспаптар да бар екен. Музей қорын толықтыру мақсатында әлем халықтарының аспаптарын музейге жинастыру ісі қай кезден бастап қолға алынды?
– Келушілер әр елдің музыкалық өнерінен сыр шертетін түрлі аспаптарды тамашалай алады. Ол үшін «Түркі- тілдес халықтардың музыкалық аспаптары», «Азия халықтарының музыкалық аспаптары», «Еуропа халықтарының музыкалық аспаптары» залдары жұмыс істейді.
Алғашқы жылдары халық музыка аспаптары музейін ұйымдастыру барысында белгілі этнограф, музейдің ашылуына тікелей мұрындық болған Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен қазақ халқының ұлттық аспаптарын ғана емес, көршілес республикалар (ТМД) мен әлем халықтарының аспаптарын да жинақтау көзделген болатын. Оларға арнап экспозиция залдарын жабдықтау жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмысқа сол кезде музей жанынан құрылған «Сазген» фольклорлы-этнографиялық ансам-
блінің қосқан үлесі зор. Ансамбль тек қана музей сахнасында ғана өнер көрсетіп қойған жоқ, сонымен қатар шет елдерге гастрольдік сапарға шығып, музей қорын барған елдерінен алып келген музыкалық аспаптармен байытып отырды. Шетел аспаптарын музей қорына алу үрдісі әлі де жалғасын тауып келеді. Музей көптеген елдің елшіліктерімен, мәдени орталықтарымен, тіпті жеке тұлғалармен де іскерлік байланыс орнатып, нәтижесінде жыл сайын ондаған аспаптар музей қорына салтанатты жағдайда қабылданады.
– Бұл мақсатта музейде тағы қандай жобалар атқарылды?
– Осындай бір үлкен іс-шараның бірі – 2018 жылы Алматымен бауырлас қалалардың, атап айтқанда, Минск, Вильнюс және Будапешт шаһарлары өнерпаздары қатысуымен өткен «Әлем халықтарының музыкалық аспаптары – музей сахнасында» атты фестивалі еді. Фестиваль барысында осы елдерден келген музыканттар өздерінің ұлттық аспаптарында ойнап, халық әндерінен шашу шашты. Кеш соңында өздері ойнаған музыкалық аспаптарды музейге сыйға тартып кетті.
Сондай-ақ Индонезия, Тәжікстан, Тайланд елдерінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілері, Әзербайжан елінің Мәдениет министрлігі өкілі музейге арнайы ат басын бұрып, ұлттық музыкалық аспаптарын сыйлаған болатын.
Алматы қаласындағы өзге халықтардың мәдени орталықтары – «Ичикава» жапон үйі, «Масис» қазақстандық армян қоғамы да музейде дәстүрлі музыкалық кеш өткізіп, көрермендерді өздерінің музыкалық мәдениетімен таныстырды.
– Музыкалық аспаптарды зерттеу, насихаттау жұмыстары қалай жүзеге асырылады?
– Музей тек ағартушылық және насихат жұмыстарымен ғана шектеліп қоймайды, сонымен қатар мұндағы коллекцияларды ғылыми тұрғыдан зерттеп-зерделеу жұмыстарымен де тұрақты түрде айналысады.
Осы ретте 2017 жылы «Мемориалдық музыкалық аспаптар: ғылыми-зерттеу, жинау және насихаттау» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізілген еді. Конференцияға Ресей, Өзбекстан, Тыва, Германия елдерінен ғылыми-зерттеушілер қатысып, ХІХ-ХХ ғасырларда әйгілі әнші-жыршылар мен күйші-композиторлардың аспаптарына зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Өткен жылы қазанның 25-і күні Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында «Археологиялық қазба жұмыстарынан табылған көне музыкалық аспаптар: жиналу және зерттелу мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға Қазақстан музейлері мен ғылыми-зерттеу орталықтарынан археологтер мен этнолог мамандар, ғылыми қызметкерлер қатысып, ел аумағынан табылған көне музыкалық аспаптар және Қазақстандағы музыкалық археология мәселелері жайында ой-пікірлерімен бөлісті.
– Іс-шараға танымал тұлғалардан кімдер қатысты?
– Конференцияның ерекше қонағы, музыкалық археология саласында 25 жылдан бері зерттеумен айналысып жүрген норвегиялық ғалым, Осло университетінің профессоры, тәуелсіз зерттеуші Гермунд Коллтвейттің есімін ерекше атап өткім келеді. Доктор Коллтвейт Скандинавия елдерінің көне музыкалық аспаптары туралы өзінің зерттеулерімен және тәжірибелерімен бөлісті.
Сонымен қатар 2014 жылы Алтай өңірінен табылған ішекті аспап пен Украина жерінен шыққан қобыз аспабының көшірмелері таныстырылып, дыбысталып, конференция соңында музей экспозициясына қойылды.
Музей 2018 жылы елордада Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» кіші бағдарламасын іске асыру аясында Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Рухани қазына – 2018» І фестивалінде 16 аймақ қатысқан 53 музейдің арасынан «Үздік облыстық маңызы бар мемлекеттік музей» аталымы бойынша жеңімпаз атанып, қаржылай сыйлыққа ие болды.
– Карантин тұсында музей немен айналысты?
– Әлем халқын толқытқан пандемияға қарамастан, карантин кезінде де музей өзінің жұмысын еш тоқтатпай, уақыт пен заманның талабына сай онлайн форматта жұмысын жалғастырып отырды. Музей мен экспонаттар әлеміне онлайн-экскурсиялар жасалып, онлайн-лекциялар, айтулы күндер мен мерекелерге орай онлайн-концерттер, онлайн-байқаулар, сонымен қатар онлайн-шеберлік сағаттары өткізілді.
Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»