• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 20 Қараша, 2020

Қалбаны қалмақтан қорғаған ерлер

2633 рет
көрсетілді

Қонақ бөлмесінің қабырға­сын­да атқа қонған найзалы ба­тыр­дың майлы бояумен жазыл­ған суретіне үңіле қарап:

– Сізге ұқсайды екен, атаңыз ба? – деймін ғой.

– Батыр бабамыз. Ерлігі тарихта қайталанбаған. Үлкен бір шайқаста бес қалмақпен айқа­сып, бәрін баудай түсіріпті. Естуіміз­ше, осы Самар, Қалба өңірлерінде өмір сүрген, – деп Самархан Жота­баев тарихтан тартып әңгімесін бастаған.

 

Жер бетінен жоңғарларды аты­мен жойып, Алтай мен Аты­рау­дың арасындағы ұланғайыр даланы бүгінгі ұрпаққа аманаттап кеткен жүрек жұтқан батыр бабаларымыздың атын жадымыздан өшіруге әсте болмайды. Тоқымдай жер үшін бастарын бәйгеге тігіп, жаумен алысқан ба­тырлардың ерлігін ертеңгі ұр­­паққа әңгімелеп жеткізу – біз­дің аза­маттық парызымыз. Сол үшін де жүрген ортамызда тарихи әңгі­мелер айтыла қал­са, қойын кітап­шамызға түртіп алу­ға тырысамыз. Бұл жолы да Са­мар ауылының тұр­ғыны Са­мар­хан Жотабаевтың ба­басы­ның батырлығы туралы айт­қан әңгімесін жазып алған едік.

– Қалба тауын мекен еткен Қа­рауыл жасықтың Қасаболат бас­таған батырлары Қаракерей Қа­банбай жүргізген азаттық со­ғы­сынан тыс қалмаған. Оқыған бол­са­ңыздар, жерлес жазушымыз Қалихан Алтынбаевтың «Көк­­пекті», күршімдік жазушы Совет­хан Қалиғожиннің «Нар найман саңлақтары», орыс ста­тисі Федор Щербинаның «Ма­те­риалы по киргизскому де­лу», Мүсәйіп Сыдықовтың «Кара­уыл жасық шежіресі» деген кітап­тарда Қасаболат батырмен оның ұлдары Сатыпалды, Жайнақ, Бекен, Жолан туралы айтыла­ды, – деп жинақтап қойған қа­ғаздарын қопарыстырып, біреуін маған ұсынды.

Шежіре екен. Көз жүгіртіп шық­­­тым. Қарауыл жасықтан Есен­­гелді, одан Мәмбетқошқар та­рапты. Мәмбетқошқардан Қаса­бо­лат батыр туған. Оның Са­тыпалды, Жайнақ, Бекен, Жо­лан деген ұл­дары болыпты. Іштеріндегі батыр­лығымен та­нылған Сатыпалды екен. Ба­тыр бірде Керей еліне үлкен ас­қа барып, бәйгеге тұлпарын қо­сады. Сол дүбірлі жарыс­та жалдас күреңі бас бәйгені тоғы­зымен алып, олжалы оралады. Елге қай­тар жолды орталап қал­ғанда шү­йіншілей шапқан жі­гіттер Ақкүміс ананың ұл тап­қанын жариялайды. Сонда қуа­нышы қойнына сый­маған Са­тыпалды «тұлпарым топтан озып, бәйгеден келгенде туған ұлым қашанда елдің алды болсын» деп сәбиге Аткелтір деп есім берген екен.

Кітапты шолып шығып, Са­мар­хан Жотабаевқа Сатыпалды ба­тырдың бес қалмақты бау­дай түсіргені туралы айтып бе­ріңізші дегенмін. Сәл ойланып отырды да:

– Бітімі кесек кісі болыпты. Бес қаруды бірдей меңгерген. Со­ғыстың тактикасына да әбден тө­селген. Жүрек жұтқандығы сондай, қалың қолға жалғыз шы­ғуға дайын тұратын кө­рі­неді. Соңынан ерген інілері де білекті, жүректі болыпты. Жай­нақ та батырлығымен көз­ге түскен. Ал Жолан мен Бе­кен жауырындары жерге тимеген балуандар еді. Төртеуі де қазақ­тың тулақтай жерін жауға бермеу үшін жан аямай шайқасқан. Қарауыл жа­сықтың мекен еткен жерлері – Қал­баның шығыс жағы. Қыс түсерде Қарғалыға көшіп ке­ліп жүріпті. Үлкенді-кішілі майдан­дарда мергендігімен көзге тү­сіп жүрген Сатыпалды бабамыз са­дақшылардың қолын басқар­ған. Он­дағы садақ тартқандар да шетінен құралайды көзге атқан мергендер екен. Сатыпалды са­­дақшылардың құрамын то­лық­тыру үшін тағы да мер­ген­дер­ді іріктеп, қатарын мың­ға жет­кізген. Қалмақтардың қа­зақ­­тың же­ріне қауіп төндіріп тұр­­ған уақыты ғой. Тұтқиылдан ша­­буыл­дауы мүмкін. Сондықтан да кү­ні-түні жаумен айқасу­ға да­­йын­далған. Ұсталарға сауыт­бұ­зар жебелерді көптеп соқ­тыр­ған.

– Содан дейміз ғой, әңгіменің қызығына кіріп кетіп...

– Содан әлгі садақшылар атой­­лап шапқан қалмақтар­ды қойша қырған екен. Қо­зы­жауырын жебе­лері қал­мақ­тар­дың қорғасын са­уыттарын жарып өтіп, сұлата берген. Сөйтіп қалың қол есеңгі­реп қал­ған. Қалбадағы бұл жеңіс көп кешікпей Барақ батыр­дың құлағына жеткен. Ол уақыт­та Барақ, Танаш батыр­лар да қал­мақтың қалың қолын Сібе­ден ысырып жатқан. Барақтан қаш­қан қалмақтар Қалбаның шығыс жағына келіп бекінбек болады. Оны білген Барақ Са­тыпалдыға хабар жібереді. Қар­ауылжасық қолын бастап жүрген Сатыпалды ол тұста жиырма бес-ақ жаста еді. Қалмақтар да қонтайшыларынан «қазақты қырыңдар, мал-мүлкін тартып алып, тірілерін құлдыққа жі­беріңдер» деген бұйрық алады. Қазақтар қарап жатсын ба? Олар да бас қосып, соғысудың айла-тәсілін ойласады. Сөйтіп алдымен садақшылар оқ жаудыратын болып шешеді. Содан соң қатарлары бұзылған жауды қаптағайлап қос бүйірден келіп, басып-жаншимыз деп ымыраласады.

...Қалбаға қарай жерді қайыс­ты­рып қалмақтың қалың қолы келе жатады. Қанша қан төгіліп, жан қиылары бір құдайға ғана аян еді. Жақындай бере қалмақтың бес батыры жекеленіп шығып «жек­­пе-жек, жекпе-жек» деп ат­тан­­дай бастайды. Бесеуінде – бес түрлі қару. Бірі болмаса бірі жеңіп шығып, қазақтың жеріне иелік ет­пекші. Қазақтың ішінен суыры­лып Сатыпалды шығады. Жау жақ­тан екі иығына екі жігіт мін­ген­дей шойын қара алты кез алдас­па­нын айнал­дырып, айғайлап біз­дің батырға қарай ұмытылады. Са­тыпалды сассын ба?! Қалмақтың сер­ме­ген қылышын сол мезетте-ақ ұшырып жібереді. Күндей күр­кіреп шыққан шойын қара қаш­пақ болып тырмысқанымен, Сатыпалдыдан сытыла алмаған. Қал­мақтардың рухтары сынып кет­се керек, екі найзагері бірге шы­ғады. Бірге шығып, бірге мерт бо­лады сол жерде. Төртіншісі бүр­тікті шоқпармен шығып, екеуі беріспей ұзақ алысқан. Ақыры Сатыпалды орнынан көтеріп алып, жерге ұрып өлтіріпті. Соңғы батыры садағын кезенген. Бірақ жебесі қиыс кетіп, батыр бабамыз аман қалады. Сатыпалдының мергендігіне мін жоқ. Көз­де­генін аман жі­бермеген. Ат үстінен сауыт бұ­зар жебені шірене тартып, қал­мақты топ еткізеді. Қазақтың мық­тылығын қалмақтар іштей мо­йындағанмен, серттен тайып, шабуылға көшеді. Бұған да да­йын қазақтың қолы ақылдасқан әдістерімен қалмақтың қолын ой­сырата жеңеді. Сол заманда ат үстінде жүрген Абылай ке­ліп, қазақ даласында дүбірлі той жа­саған көрінеді. Сонда ұлы майдан­да құралайды көзге атқан Саты­палды мерген Абылай ханның өзі­нен сыйға садақ алыпты, – деп Самархан Жотабаев Қалба жаққа басын соза қараған.

Федор Щербинаның кітабын­дағы мәліметтер бойынша, Жай­нақ, Жолан, Бекен және Ақболат ата­лары Ертіс, Қайыңды бойын, Көкжота мен Құлынжонда, Ешкі­бай бұлағында және Қамыстыда тұрыпты. Сатыпалды батыр­дан жеті ұл тараған екен: Жана­лы, Бегалы, Тезекбай, Есен, Бай­сал, Байыр, Аткелтір. Бүгінде осы аталардың ұрпақтары Қалба тауының қой­науын жайлап, егемен елімізде ғұмыр кешіп жатыр.

– Аткелтір атаның Бопы­сы­нан Атабай, Жотабай мен Елу­бай, Лау­бай туған. Жота­бай­дан тараған Қалисаттар батыр бабасының ұр­пақтарын жал­ғас­тырып келеді. Қа­лисаттар­дың әкесі ерте қайтыс болып, Екпін ауылындағы Бағи­ла апа­ның қолында ер жетеді. Ол 1941 жылы соғысқа аттанып, 1946 жы­лы аман-есен оралған. Ауылға келісімен, Екпін колхозында жұ­мыс істей жүріп, сол заманның азын-аулақ техникасының ті­лін меңгереді. ЗИС, лобогрейка, шөп шабатын ат маши­на­ларын жөндеп, кол­хозға сеп­теседі. Алғырлығын бай­қаған шаруашылық басшы­лары Аягөз қаласында жүргізушілер дайын­дайтын үш айлық курсқа жібереді. Осы курсты оқи жүріп, сол жақ­тағы сыбан елінің көргенді ­қызы Зылихаға үйленеді. Самар­ға қай­тып келген соң Күршім, Үл­кен Нарын, Самар аудандарын қамтитын Самар авторотасына жүргізуші болып қызметке кіреді. Самар аулында қоныс тепкен әкеміз үй салып, ағаш егіп, бала өсіріп, үбірлі-шүбірлі болады. Әкеміздің Ұлы майдан, қанды соғыстан алған орден, ме­дальдары бейбіт күннің марапаттарымен еселеніп, Самар халқының құрметіне бөленеді, – дейді Қалисаттар ақсақалдың ұлы Самархан.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Көкпекті ауданы