Жамбыл облысында 359,3 мың адам дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысады. Бұл тұрғындардың 31,7 пайызы. Биыл аталған салада 120 жоба іске асырылып, нәтижесінде спортпен шұғылданушылар саны 10 460-қа жетеді деп күтілуде.
Бұл туралы кеше Жамбыл облысы әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында баяндап берді.
– Облыс бойынша 2594 спорт нысаны тұрақты түрде халыққа қызмет көрсетсе, оның ішінде, 23 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 17 стадион, 1 спорт сарайы, 436 футбол алаңы, 652 спорт зал, 1429 спорт алаңшасы және 36 басқа да нысандар бар, – деді спикер өз сөзінде.
Сонымен қатар облыстың бас спортшысы Нұрбол Әбдімажитұлы халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету арқылы дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар санын арттыру мақсатында арнайы индикатор енгізілгенін, бағдарлама аясында 2020 жылы 120 жоба, оның ішінде 13 дене шынықтыру сауықтыру кешендерінің құрылысы, 2 нысанда күрделі жөндеу, 1 нысанда қайта жаңғырту, 12 нысанда ағымдағы жөндеу және 92 спорт алаңшасын орнату жұмыстары іске асырылып, нәтижесінде шұғылданушылар саны 10 460 адамға артатынына да тоқталды.
Тараздың балмұздағы
Облыс орталығында «Империя» ЖК балмұздақ шығаратын цехының құрылысы аяқталуға таяу. Бұл жобаны жүзеге асыруға жергілікті атқарушы органдардың қолдауы көп болды.Жуырда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев осы цехқа арнайы барып, технологиялық желімен танысты. Цех басшысы Патохберди Талипов цех іске қосуға дайын тұрғанын, инфрақұрылымды жүргізу мәселелерін шешу қажет екенін айтты. Өңір басшысы оған жан-жақты қолдау көрсетілетініне сендірді. Ол кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына тиісті тапсырма жүктеді.
– «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде облысымызға ауқымды қаржы бөлінуде. Мәселе жобалардың аздығында болып отыр. Бизнес-идеяларды қолдау үшін барлық мүмкіндіктер бар. Тек мәселелерді дер кезінде көтере білу керек, – деді облыс әкімі.
Жоба құны 800 миллион теңгені құрайды. Қуаты тәулігіне 8000 тонна тәтті өнім шығаруға шақталған. Мұнда балмұздақтың 30 түрін шығару жоспарлануда. Серіктестіктің басқарушы директоры Рахат Әшімовтің айтуынша, кәсіпорында жүзден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
– Жазда үздіксіз өнім өндіруге мүмкіндік бар, – дейді ол.
Өнім шығаруға қажетті сүт шикізатын жақын маңдағы шаруалардан алуға ниетті. Айта кетейік, қазір «Империя» ЖК шұжықтар мен кондитерлік өнімдерді сақтаумен және тасымалдаумен айналысады.
Жамбыл облысы