Синоптиктердің болжамына сүйенсек, таяу күндері оңтүстік өңірде күн күрт суытуы мүмкін. Еліміздің ең жылы аймағы десек те, қыстың аты қыс, жан-жақты дайындықты қажет етеді. Сол себепті қысқы маусымда туындауы ықтимал төтенше оқиғалардың алдын алу үшін тиісті мекемелердің дайындығы пысықталды.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов шаҺардағы тиісті мекемелердің қыс мезгіліне дайындығымен танысты. Апаттық құтқару және коммуналдық-техникалық қамтамасыз ету қызметтерінің қаз-қатар сап түзеген арнайы техникалары қаланы қардан тазалап, көк тайғақ кезеңде қажетті инертті материалдар себуге сақадай сай.
– Алдымызда қыс. Техниканың басым бөлігі жаңарғанын өзім көріп шықтым. Жағдайдың бәрі бақылауда болуға тиіс, – деді.
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, биыл үшінші мегаполистің көшелерін қардан тазалауға, құм себу жұмыстарына 182 техника, 670 жеке құрам сақадай сай. Көктайғаққа қарсы 17 мың текше құм мен 5 мың тонна тұз сынды инертті материалдар қоры жасалған.
Қалалық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Жәнібек Кәрімбаев:
– Қыс мезгілінде 32 бағытта ұзындығы 1 мыңнан астам шақырымды алып жатқан 299 көшеде жұмыстар жүргізіледі, – дейді.
Қалаға жылу беретін мекемелер де жылудан кінәрат болмайды, халық тоңбайды деп сендірді. Айтуларына қарағанда, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көп қабатты үйлер, бюджеттік және коммерциялық нысандарда тексеру жүргізілді, оларға жылу берілді.
«Қазигдромет» синоптиктерінің болжауынша, 17-19 қараша күндері еліміздің бірқатар аймағында күн суытып, кейбір өңірлерде 18-26 градус аяз болады. Шымкенте де алдағы күндері күннің күрт суытуы болжануда. Осы аптаның соңына қарай қар жаууы мүмкін.
ШЫМКЕНТ