• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Руханият 20 Қараша, 2020

Әлемдегі ең үлкен домбыра Гиннес рекордтары тізіміне неге бірден енбей қалды?

556 рет
көрсетілді

Арғы беттегі қандастарымыз – Қытайдағы Іле Қазақ автономиялы облысының Құлжа ауданының Әулие ауылында тұратын ағайынды домбыра жасау шеберлері Бақытнұр Арынғазыұлы мен інісі Бақыткелді Арынғазыұлы ұзындығы 7,5 метр, қақпағының ұзындығы 2,80 метр, ені 1,80 метр, қалыңдығы 90 сантиметр, мойнының ұзындығы 3,5 метр, басы 1,20 метр, салмағы 200 кило болатын, әлемдегі алып домбыраны жасап шықты.

Әдеттегі орташа домбыра қақпағының кеңдігі 24 сантиметр, ұзындығы 39 сантиметр бол­са, ал перне байлайтын мо­й­­­­нының ұзындығы 48-52 сан­­­тиметр арасында болады. Домбыра шеберлері осы қара­пайым өлшемдерді масштаб бо­йынша үлкейтіп, 35 күн уақыт жұмсаған.

Естіген жаңалығымызға елең­­­деп, арғы беттің тілін біле­тін этнограф тарихшы, қа­­лам­­­гер ба­уы­рымыз Көкбөрі Мү­ба­рак Қизатұлына қолқа сал­­ғаны­мызда, ол тәулікке де жеткізбей ағайын­ды шеберлерге хабарла­сып, ақпаратты толықтырып бер­ді.

– Қос шебердің өмірбая­нына кеңірек тоқталатын болсақ, бұл отбасы бұрыннан домбыраны «ата кәсіп» еткен әулет. Домбыра жасау шебері Әділғазы Тыштыбайұлынан Арынғазы шебер туады. Арынғазыдан төрт ұл, бір қыз. Ұлдары – Әкімнұр, Бақытнұр, Қуаныш, Бақыткелді. Қызы – Амангүл. «Әлемдегі ең үлкен домбыраны жасау» дейтін осы маңызды жобаға бір үйдің бес баласы да атсалысқан. Бірақ басты жасау шеберлері біз атын атаған Бақытнұр мен Бақыткелді. Басты жасаушы Бақытнұр мырза 1976 жылы 7 наурызда туған. Ол 1992 жылдан бері домбыра жасап келеді. Яғни биыл оның домбыра жасап келе жатқанына – 28 жыл. Ол кісі домбыра жасау шеберлігінен тыс, үй әшекейлеу, қазақ қолөнерінен дәріс оқу, жергілікті мешіт жұ­мыстарын басқару сияқты шаруаларымен де айналысады, – дейді Көкбөрі Мүбарак Қизатұлы.

Бақытнұр шеберге Қытай үкіметі 2011 жылы маусым айында «Қазақтың домбыра өнерінің уәкілдік мұрагері» деген куәлік берген екен.

Алыс-жақынға танымал Абай және Жамбыл үлгісіндегі домбыраларды ойып жасау шеберлерінің «Қос домбыралы ша­ңырақ», «Қондырғылы дом­быра» қатарлы өнер туындылары «Қытай мемлекетінің ең үздік музыкалық турис­тік кәдесыйы» болып баға­ланған. Бұл алып домбыра алғашқыда Қытайдағы қазақтар жиі қоныс­танған Іле, Алтай, Тарбағатай секілді үш аймақтан құралған Іле қазақ автономиялы облысының құрылғанына 60 жыл толуына орай, 2014 жылы автономиялы облыстың «Жібек жолы» мұра­жайының тапсырысымен жасалған. Домбыраның ағашы қарағай мен талдың қоспасынан тұрады.

Ағайынды шеберлердің ай­туынша, жергілікті үкімет пен түрлі ұйымдар, мәдениет қайрат­керлері алып домбыраны Гиннес рекордтары тізіміне енгізбекші болады. Құзырлы орындардан келген мамандар мен ақпарат қызметкерлерінің кеңесінен кейін, «Егер, аға­йын­ды шеберлер бұл алып домбыраға мал­дың ішегінен үнді әрі берік өз­геше ішек орнатып, сонымен бірге мұны шертуге бола­тын­дай, зор дауыс шығара ала­тын­дай мүмкіндікке жетсе, бұл сөзсіз Гиннес рекордтары тізімінде ерекше орын алады» деп пәтуаласады. Қазір ағайынды екі шебер бұл алып домбыраның шертуге болатын тәсілін қарастырып жатыр.

Гиннес рекордтары тізі­міне жол алғалы тұр­ған дом­быраның бұған дейін де көлемі мен сәні, жасалу шеберлігі, дәлме-дәл өлшемдері, 35 күндік тоқтаусыз еңбекпен осы қалыпқа келуінің өзі де ел іші-сыртын шулатып, қазақтың мәртебесін бір көтеріп тастады.

 

АЛМАТЫ