Жеті жыл бұрын «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы қабылданып, солтүстік пен шығыстағы «жұмыс күшін қажет ететін» аймақтарға азаматтарды қоныстандыру қолға алынған. Тәуір-тәуір уәделері де бар: үймен, жермен қамтиды, отбасының әр мүшесіне бір реттік жәрдемақы береді, балалары мектеп пен балабақшаға кезексіз қабылданады, тағысын тағы. Осы орайда жылы орнын суытып солтүстікке көшіп барған кейіпкерлермен пікірлескен едік. Бірінің айы оңынан туса, бірі әлі мемлекет ұсынған игіліктерді ала алмай шерменде болып жүр.
Солтүстікке 563 отбасы қоныс аударды
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Алма Махметованың айтуынша, аймақта Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарынан, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан азаматтарды көшіру және оларды қоныс аударушыларды қабылдау жөніндегі өңірлік квотаға енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
– Жыл басынан бері облысқа Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарынан, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан құрамында 1720 адам бар 563 отбасы қоныс аударды. Ол отбасылар облыстың барлық аудандары мен Петропавл қаласына орналасты, – дейді Алма Махметова.
Көшіп келген 1720 адамның 879-ы – еңбекке қабілетті. Бұл келушілердің 51 пайызы деген сөз. Жұмыспен қамту шараларымен 708 адам қамтылып, оның ішінде 603 адам тұрақты жұмыс тапқан. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бізге берген дерегіне сүйенсек, дәл қазір аймақта 1000-нан астам бос жұмыс орны бар.
– Оның ішінде мал дәрігері, агроном, мұғалім, дәрігер, зоотехник, жоғары өнімді техниканың жүргізушісі мен механизаторлар бар. Ал бюджет қаражаты есебінен жаңа мамандықтар алғысы келетін адамдар «Еңбек» бағдарламасы бойынша даярлау және қайта даярлау курстарынан өте алады. «Бастау бизнес» курстарында кәсіпкерлік негіздеріне оқуға мүмкіндік бар. Кәсіпкерлікпен, бау-бақша өсірумен айналысқысы келетіндер үшін жер телімдерін бөлу және қайтарымсыз гранттар рәсімдеу, сондай-ақ кәсіпкерлік негіздеріне оқыту сияқты қажетті жағдайлар жасалады. Аталған шаралар нәтижесінде 100 адам өз ісін ашып, кәсіпкерлікпен айналысып жатыр, – деді бөлім басшысы.
Сын айтпай тұрып, жағдайды білгені жөн
Алматы облысының тумасы Айбол Нұрлыбек «Серпін» бағдарламасымен Петропавлдағы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітіріп, қазір Екібастұздағы Білім-инновация лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп жүр. Солтүстік Қазақстанды әдейі таңдадым, елге қызмет ету үшін географиялық мекенжай маңызды емес дейді жас маман.
– Қоғамда айтылып жүрген патриотизмнің көбі – пафос. XXI ғасырда өзімізді сөзбен емес, нақты істермен дәлелдеуіміз керек. Сол жағынан алғанда солтүстік халқының іске көбірек мән беретінін байқадым. Әдетте оңтүстік қазақша жақсы сөйлейді, солтүстік тілге шорқақ деген ұғым қалыптасқан ғой. Мұнда келіп жергілікті халықтың ана тілде тәп-тәуір сөйлейтінін байқадым. Керек болса жергілікті журналистер сингармонизм заңдылығын бұзбай сөйлейді. Әрине, орысша сөйлейтін жастар баршылық. Бірақ ондай жастар қай облыстан да табылады. Сондықтан жастар солтүстікке келсе тез сіңіседі, әрі жаңаша өріс табады деп сеніммен айта аламын, – дейді Айбол.
Айболдың қарындасы Аружан да ағасының ақылымен Петропавлға оқуға түскен. Қазір қазақ тілі және әдебиеті мамандығы бойынша білім алып жатыр.
Кейіпкеріміз ел ағалары солтүстікке мойын бұрмайды, көбі мұндағы жағдайды көзбен көрмей-ақ сырттай тон пішуге құмар, дейді.
– Өзім осында өмір сүрген 5-6 жылда бірде-бір ел зиялысы осында келіп, жастармен кездесіп, дәріс оқыған емес. Өзін елге, ұлтқа қызмет етіп жүрміз дейтін сондай адамдар өзіне нағыз мұқтаж жерге барып, ақылын беріп, көмектесуі керек деп ойлаймын. Өкінішке қарай, біразы орталықтан ұзағысы, жылы-жұмсағынан алшақтағысы келмейтін сияқты. Сөйте тұра теледидарда, интернетте көзімен көрмеген өлке жайлы оңды-солды сын айтуға құмар. Дәл қазір солтүстік облыстарға мұндай биік деңгейлі азаматтардың көмегі аса қажет, – дейді Айбол Нұрлыбек.
«Ауылға жедел жәрдем келмейді»
Жамбыл облысының тумасы Гүлмира Серікбаева да жыл басында Солтүстік Қазақстандағы Ковыльное ауылына отбасымен көшіп келген. Мамандығы – бухгалтер-экономист. Екібастұз қаласы ұнамаған соң, әлеуметтік қорғау бөлімінің кеңесімен осы ауылды таңдаған.
– Қаңтар айында ауылға келіп, ел-жұрттың тұрмысымен, басшыларымен танысып, көңілден шыққан соң, көшеміз деп шештік. Қоныс аудару қиындық тудырған жоқ. Үкіметтен тиісті қаржылай көмекті алдық. Жаңа үй берілді. Коммуналдық жағдайы жақсы. Қыста ыстық. Үлкен қаладағы үш бөлмелі пәтерлерден кем түспейді. Қазір жолдасым екеуміз ауылдағы «Ақселеу» ЖШС-да жұмыс істеп жатырмыз. Мен – есеп бөлімінде, күйеуім автопаркте көлік жүргізуші, – дейді Гүлмира.
Екі ұлы мектепте оқыса, кенжесі балабақшаға барады екен. Алайда қазақ мектебінің жоқтығы отбасы үшін қиынға соғып тұр.
– Олар Жамбылда жүргенде қазақ мектебінде оқыды ғой. Енді мұнда келіп орыс мектебіне барып сабақтағы терминдерді, ережелерді түсіне алмай қиналып жүр. Үйренісіп кетер деп ойлағанбыз. Алайда оңай болып жатқан жоқ. Мектеп қазақ тілінде болса деген тілегіміз бар. Ал басқа жағынан солтүстік пен оңтүстіктің аса бір айырмашылығы жоқ. Тұрмыс жағдайы тең. Айырмашылық – тек көкөніс бағасы мен ауа райында ғана. Солтүстіктің қысы бізге қатты ұнады, табиғаты керемет, – деді кейіпкеріміз.
Қоныс аударушыны тағы бір алаңдатқан жағдай – медицина мәселесі. Министр А.Цойдың әдемі мәлімдемелерін, биік мінберлерден айтылатын ғажайып баяндамаларды бір сәт ұмыта тұрайық: Қазақстанда әлі күнге жедел жәрдем бармайтын ауылдар да бар...
– Өзіміз осы ауылға келгелі бірнеше рет медициналық көмекке мұқтаж болдық. Ұлым қолын сындырып алды. Сосын соқыр ішек болды. Ал медициналық көмек беретін жалғыз фельдшер ғана бар екен. Ол кісі травматолог емес, ота жасай алмайды. Бұл ауылға жедел жәрдем бригадасы да келмейді. Жақын арада бұл мәселе шешіле қоймас, – деді Гүлмира.
Шешілмеген мәселелер де көп
– Жұбайым, екі балам бар. Келіншегім осы жердегі қазақ мектептерінің біріне жұмысқа орналасты. Балам мектепке, қызым балабақшаға барады. Келген кезде үкімет тарапынан отбасы мүшелеріне 86 мың теңгеден берген. Алайда жұбайым мен қызымның тұрақты тіркеуі Қарағандыда болуына байланысты, көмекті тек ұлым екеуміз ғана алдық. Үйдің арендасын бір жылға дейін мемлекет төлеп берді, – дейді келесі кейіпкеріміз Ғани Қалдыбеков.
Мамандығы – дәнекерлеуші. Қарағандыда он жылдай «Имсталькон» компаниясында жұмыс істеп, 2016 жылы іссапар негізінде компаниясымен мердігер ретінде келіп Ақсудағы ферроқорытпа зауытына пеш қондырумен айналысқан. Сөйтіп, үш жыл өткен. Содан соң мемлекеттік бағдарламамен 2018 жылы Ақсуға отбасын да көшіріп әкеледі. Бұл кезде ол мердігер компаниядан жұмыстан шығып кеткен. Әкімдікке көлік жүргізуші болып жұмысқа орналасады. Алайда жалақысы аз болуы себепті ол жұмыстан да шыққан. «Әкімдікте көлік жүргізушісі болып істеп жүрген кезімде сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев келді өңірге. Ол кісінің алдында сөз сөйлеп, проблемаларды айтып едім. Алайда еш қайран болмады» дейді Ғани.
Біраз уақыт бұрын ол Ақсу ферроқорытпа зауытына дәнекерлеуші болып жұмысқа кіруге өтініш білдірген. Сынақтан да сәтті өткен. Тиісті медициналық құжаттарын да түгел әзірлеген. Бірақ зауыт нақты себепсіз жұмысқа алу мәселесін кейінге ысырып жатқан көрінеді.
– Үш апта өтті. Әлі ешқандай жауап жоқ. Кадр бөліміне хабарлассам, «сіз жұмысқа қабылдандыңыз, біздің қоңырауымызды күтіңіз» дейді. Не ойлағандары барын түсінбей далмын. Дәл қазір пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Табыс төмен болған соң балалардың киім-кешегін алып беру де, үйге азық-түлік алу да қиынға соғып тұр. Келісімшарт бойынша 5 жылға дейін бұл жерден кете алмаймыз. Әкімнің алдына кіре алмай жүргеніме біраз уақыт болды. Не ары емес, не бері емес, осылайша сенделіп қалдық. Менің ізімнен еріп бауырым мен келінім де келген. Қолдарында дипломы бар. Олар да қазір пәтерде жүр. Негізі мұнда баспана мәселесін шешеміз, жақсы жұмыс табамыз деп келіп едік. Бірақ оның орындалатын сыңайы байқалмайды, – дейді Ғани.
Ғанидың айтуынша, оңтүстіктен келгендерге берілетін үйлер әлі салынып жатыр. Барғандардың көбі жалдамалы жұмыс істеп, таксист болып, әрең күнелтіп жүр. «Бағдарлама дәрігерлер мен мұғалімдер үшін қолайлы шығар, біз сияқты кәсіптік білім игерген азаматтарға біраз қиын тиіп тұр» деді кейіпкеріміз.
* * *
Облыстық әкімдік өкілінің сөзінше, қазір Солтүстік Қазақстан облысында қоныс аударушыларға арналған үйлер салу бойынша қанатқақты жоба іске асырылуда. 2019-2022 жылдар аралығында 2142 үй салынбақ.
2013 жылы қабылданған «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы жүзеге асқалы бері 19 мың адам солтүстікке қоныс аударыпты. Оларға 5,4 мың қызметтік пәтер мен жатақхана берілген. Жалпы, 2018-2022 жылдары 59 мың отбасыны солтүстікке көшіру көзделіпті.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев солтүстікке көшіп барып жатқан азаматтарға жайлы жағдай жасау керек дегенді айтты. Оларды ынталандыру мақсатында жәрдемақы мөлшерін 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке көбейтуді тапсырды.
Бізде өзі жақсы жобалар бар... Жазылғанда, айтылғанда өн бойынан бір мін таппай мәз боласың. Іске аса бастағанда шодырайып шикілігі шыға бастайды. Кім біледі, қағаз жүзінде Гүлмира тұратын Ковыльное ауылына жедел жәрдем күн емес, «сағат сайын барып тұрған» шығар. Кім біледі, қағаз жүзінде Ғани Қалдыбеков бірнеше ай бұрын-ақ «жұмысқа тұрып қойған» болар. Бізде бәрі мүмкін...
Абай АЙМАҒАМБЕТ,
«Egemen Qazaqstan»