Бүгін Қызылорда қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімі мен "Бақытты отбасы" орталығы "Сыр аналар" Альянсы кеңесі базасында "Мен бақытты анамын" атты шара өткізді.
«Бақытты отбасы» отбасы институтын қолдау орталығының жанынан құрылған «Сыр Аналар» Альянсы кеңесі 32 ерікті анадан құралған. Ерікті аналар қала аумағындағы 18 шағын ауданға бөлініп, өз аймақтары бойынша тұрмыс жағдайы төмен, көп балалы, аз қамтылған және отбасында мүгедектігі бар азаматтарды анықтап, оларға көмек қолын созумен айналысады. Белсенді аналар қоғамдағы қолдауды қажет ететін жандардың мәселесіне бей-жай қарамай демеушілер қолдауымен әлеуметтік-гуманитарлық көмектер ұсынып, білім, медицина, және тұрмыстық жағдайға байланысты мәселелерін шешуге атсалысып келеді.
Бүгінгі кездесу барысында белсенді аналар өздерінің жыл көлемінде мұқтаж жандарға көрсеткен көмегін, атқарған жұмыстарын баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Шарада жақсылық жасап жарысып жүрген кең жүрек, ақ пейіл, дархан көңіл жандарға қала әкімінің орынбасары өз алғысын жетікізіп, игі істеріне сәттілік тіледі.
Басқосуға арнайы келген «Мағжан и К» ЖШС директоры Мағжан Ералиев, «Еларай» қоғамдық қорының басшысы Асхат Байдәулетов пен республикалық «Харекет» қайырымдылық қорының ресми өкілі Азамат Каренеев те ерікті аналарға өз ризашылықтарын жеткізіп, қам көңіл жандарға қамқор болып, сүрінгенді сүйеп, жығылғанды демеп жүрген белсенді жандардың қайырымды істеріне қашан да қолдау білдіретіндерін жеткізді.
Шара соңында кеңес құрамындағы аналарға алғыс хаттар мен қаладағы «Мұз айдыны», «Евразия» кешендеріне арнайы таллондар беріліп, кәсіпкерлердің қолдауымен сый-құрмет көрсетілді.