Құны 12,5 млн теңгеге болатын героинді Жітіқара тұрғыны еденнің астында сақтаған, - деп хабарлайды Egemen.kz
Жітіқарада 39 жастағы жергілікті тұрғынның үйінен жарты килограмм героин табылды. Тәртіп сақшыларының сөзінше, есірткінің құны 12,5 млн теңге болады екен. Полицейлер аталмыш үйден героинмен бірге, таразы және 1 миллион теңгеден астам ақша тәркіледі.
«Препарат» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында жүргізілген арнайы операция жөнінде Жітіқара қаласы және аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Әлібек Шандалинов айтып берді.
- Есірткі таратушыны ұстау шарасы 2020 жылдың қазан айында басталды. Бізге қала аумағында героин пайда болды деген ақпарат келді. Жүргізілген жедел тергеу іс-әрекеттері арқылы біз есірткі таратушыға шықтық. Шекара қызметі мен полицияның арнайы бөлімшесінің көмегімен 39 жастағы қала тұрғыны жанармай құю бекетінің жанында ұсталды, - дейді Әлібек Шандалинов.
Күдіктінің үйі мен гаражына тінту жүргізген полиция жалпы салмағы 499 грамм героинді тәркіледі. Күдікті есірткіні еденнің астына жасырып қойған. Тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде қызметтік іздестіру иттері пайдаланылған.
Қазір қылмыстық кодекстің «аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу және сақтау, тасымалдау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыстық істі тергеу аясында облысқа есірткінің қайдан әкелініп жатқаны анықталуда.
Айта кетейік, жыл басынан бері аймақта 473 килограмнан астам түрлі есірткі құралдары, оның ішінде 730 грамм героин және 260 грамм синтетикалық психотроптық заттар тәркіленді.
Қостанай облысы