Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Палатаның Бюро отырысында алдағы сәрсенбіде қаралатын өзекті мәселелер топтамасы талқылаудан өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Айта кету керек, жалпы отырыстың күн тәртібінде 20-ға жуық мәселе қамтылып отыр.
Атап айтар болсақ, депутаттар назарына ветеринария, мақта саласын дамытуға қатысты мәселелер бірінші оқылымда ұсынылады.
Сонымен бірге, «Астық туралы» Заңға толықтырулар енгізілмек.
Ал, екінші оқылымда қаралатын заң жобалары қатарында «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заң жобасын, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауының жекелеген ережелерін іске асыру, «Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту, жылжымайтын мүлікке құқықтарды және заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, экономикалық өсуді қалпына келтіру, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар арасында ауызсумен жабдықтауды субсидиялау жөніндегі өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелерін айрықша атап өтуге болады.
Ратификациялық құжаттар қатарында Азия Даму Банкімен Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі белсенді шаралар мен шығыстарды қолдау бағдарламасы, Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкімен Қарыз туралы келісімді (COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі белсенді шаралар мен шығыстарды қолдау бағдарламасы), «1999 жылғы 8 қазандағы Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің арасында тасымалданатын тауарларды кедендік ресімдеудің және кедендік бақылаудың тәртібі туралы келісімге байланысты заң жобалары бар.
Сондай-ақ алдағы жалпы отырыстың күн тәртібіне баланың құқықтарын қорғау бойынша Заң жобасымен жұмысты жалғастыру, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодекске (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексті (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Заң жобасына Сенат енгізген өзгерістерге қатысты мәселелер енгізілген.
Тағы бір мәселе өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы қорытынды әзірлеу жөнінде болмақ.