Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, сондай-ақ Павлодар облыстарының және Алматы мен Шымкент қалаларының әкімдіктері қысқы кезеңде коммуналдық-тұрмыстық сектордың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін көмір жеткізуді аяқтады.
2020-2021 жылдардағы кезеңде коммуналдық-тұрмыстық және халықтың қажеттілігін қанағаттандыру үшін жоспарға сәйкес, тұтыну көлемі шамамен 10 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық секторға шамамен 2,8 млн тонна, сол секілді халыққа 7,2 млн тонна бағытталмақ. 17 қарашадағы жағдай бойынша көмір қорымен қамтамасыз етілу деңгейі – 87%.
Былтыр жылыту маусымының ұқсас кезеңінде қатты отынмен қамтылу көрсеткіші коммуналдық-тұрмыстық секторда 83,5%-ды, әлеуметтік секторда 81,1%-ды құраған еді.
Әкімдіктердің ақпаратына сүйенсек, өңірлердегі көмірдің бағасы халыққа тоннасына 6 мың теңгеден бастап, 19 мың теңгеге дейін белгіленген.
Кеніштегі баға тоннасына 2800 теңгеден 8200 теңгенің аралығында және көмір өндіру технологиясына байланысты. Елдің энергетикалық және өнеркәсіптік кәсіпорындарына көмір тікелей келісімшарт арқылы және шикізат ошақтарындағы босату бағасы бойынша жіберіледі.
Еліміздің энергия өндіруші кәсіпорындарына 47,3 млн тонна көмір тиелсе, өнеркәсіп кәсіпорындарына 4,7 млн тонна көмір жіберілді. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңінен 2% - ға артық. 23,7 млн тонна көмір экспортталды.