Қытай елінде қазақы дәстүрдің қаймағын бұзбай, ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеп отырған аса дарынды қандастарымыз бар. Атажұрттан жырақта қоныстанса да, бұл ағайындарымыздың мерейімізді тасытып, рухымызды оятатын ерен тірліктері көп. Мәселен, Ақсай қазақтары жасаған алып әуе шары.
Бұл шар қалай пайда болды? 2017 жылы 12 тамызда Қытай еліндегі Іле, Алтай Тарбағатай сынды үш аймақтан тұратын Іле-қазақ автономиялы облысынан тыс, Санжы облысындағы Мори Қазақ автономиялы ауданы, Құмыл аймағындағы Баркөл-қазақ автономиялы ауданы және Гансу өлкесінің Сорбұлақ (Жючуан) аймағындағы Ақсай-қазақ автономиялы ауданы дейтін «Үш Қазақ автономиялы ауданның төртінші ұлттық салт-сана, ақындар айтысы, ат ойындары» мерекесінің екінші кезеңі Ақсай ауданында өтіп жатты. Үш Қазақ автономиялы ауданның ұйымдасуындағы, Ақсай-қазақ автономиялы ауданының үкіметі өткізіп жатқан осынау мерекеде «Халықаралық рекордтар кітабына» енген «Әлемдегі ең үлкен қазақ киіз үйінің әуе шары» деп аталатын суреттегідей әдемі әуе шары аспанға көтерілді.
Ұлттық бірегейлігімізді асқақтатқан осынау ақжолтай ақпаратқа қол жеткізуімізге этнограф тарихшы, қаламгер бауырымыз Көкбөрі Мүбарак Қизатұлы селбесіп отыр.
Қазірге дейін бұл «әлемдегі жалғыз әрі ең үлкен киіз үй бейнелі әуе шары» болып саналады. Оны жасауға халықаралық деңгейдегі әуе шарын жасау шебері жарты жылға жуық уақыт жұмсаған.
Бұл әуе шарының диаметрі – 21 метр, биіктігі – 23 метр, көлемі 2800 текше метрді құрайды.
Киіз үй әуе шарын жасап ұшырудағы мақсат жайлы Ақсай-қазақ автономиялы ауданының ұлтжанды азаматтары бұл жасампаздықтарының «саяхатшыларды көптеп тартудың жолы екенін, киіз үй сияқты қазақ мәдениетінің жауһарларын заманауи салаларда түрлендіріп асқақтатуға болатынын, әуе спорттарын қолдау, көтермелеу» керек екенін айтып жеткізді.
– Шара барысында халықаралық рекордтар қауымдастығының адамдары арнайы келіп мерекеде қонақ болды. Ақсай ауданы Тибет үстіртінің солтүстік жиегіндегі Шөлен тауының бауырына орналасқан. Оңтүстігі күрделі мұзтаулардан, солтүстігі шөлді далалардан тұрады. Аудан жерінің табиғаты туризмге аса қолайлы болмағанымен, аудан үкіметі қазақтың ұлттық мәдениетін көтеру арқылы саяхатшыларды көптеп тартып отыр. Бұл жолғы шарада қазақтың киіз үйін бейнелейтін осындай әдемі әуе шарымен қатар, Еуропа елдері мен Қытайдың әлемдік әуе шары байқауларында топ жарған өзгеше стильдегі әуе шарлары да қатар ұшырылып мерекенің сәнін асырды. Қазақтың неше жүздеген өнерпаз қыз-жігіттері ұлттық әуе шарымыз ұшырылған сәтте, оның астындағы алаңда бытырай отырып бір тегіс күй тартты, қаражорға биін биледі, – дейді Көкбөрі Мүбарак.
АЛМАТЫ