• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Қараша, 2020

Тобыл өңіріндегі тың жобалар

308 рет
көрсетілді

Облыс орталығымен іргелес жатқан Қостанай ауданында 15 ауылдық округке қарайтын 51 елді мекен бар. Жалпы саны 72 мыңға жуық тұрғыны бар ауданның әкімшілік орталығы – Тобыл қаласы. Облыс орталығына жақын орналасқандықтан, аталмыш ауданда кәсіпкерлік саласы жақсы дамыған. Тіпті, биыл көктемнен бері енгізіле бастаған қатаң шектеу шараларының өзі бұл ауданда жаңа бизнес нысандарының көптеп ашылуына айтарлықтай кері әсерін тигізе қойған жоқ.

Аудан әкімі Жансұлтан Тәу­ке­новтың айтуынша, карантин жағ­дайына қарамастан, ауданда мемл­екеттік бағдарламалар ая­сын­­да тың инвестициялық жоба­лар іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылған.

«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасын жүзеге асы­ру аясында осы жылдың 9 айын­да Қостанай ауданында 1 млрд теңге қаржыға 26 жобаға несие беріліп отыр. Мысалы, тобылдық кәсіпкер «авто бала күтуші – баланы автокөлікпен алып жүру» жобасын жасауға грант ұтып алған. Аудан әкімі мұндай несиелер көбіне жүк тасымалдауға, көкөніс өсіру, сауданы дамыту және жиһаз өндірісі бойынша қызметті ке­ңей­туге берілгенін айтады. Со­ны­­мен қатар Қостанай ауданында кәсіпкерлікті қолдаудың облыстық картасына енген жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Мәселен, Жуков ауылында бройлер етін өндіретін агро­өнер­кәсіптік кешен, Садовый ауылында сүт фермасы және сүт өңдеу және ірімшік өндіру цехы салынып жатыр. Ал Тобыл қаласында осы жылдың соңына қарай қоқысты сұрыптау кешені іске қосылады.

 Болашақ инвестициялық жобаларға келсек, 2022 жылы Ульянов ауылдық округінде құс шаруашылығы қалдықтарынан органикалық тыңайтқыштар өндірісін іске қосу жоспарланып отыр. Жобаның құны – 450 млн теңге, ал 2030 жылға қарай Тобыл қаласында қуаты жылына 360 мың тонна ет өн­ді­ретін және малды қолдан ұрық­тан­дыратын кәсіпорын іске қо­сыл­уы тиіс. Жобаның құны 1 млрд теңгеге жуықтайды. Жел электр стансасы 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Мұнда 2018 жылдан бері жұмыс жүріп жатыр. Генераторлардың қажетті бөл­шек­тері Ресей Федерациясы мен Қытайдан әкелініп қойылған. Қазір жұмысты «Жел электрик» ЖШС жалғастыруда. Жобаның жалпы құны 18,7 млрд теңгеге бағаланып отыр. Қазір жел стан­сасының іргетастары орнатылып жатыр.

Кәсіпорын басшылығының айт­уынша, жаңа электр стан­са­сының құрылысы 2021 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін аяқталады.

Ауданда биыл «Қарапайым заттар экономикасы» бағ­дар­ла­масы тиімді жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама аясында Қостанай ауданында жылқы өсіру, майлы дақылдар, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар тұқымдарын өсіру, ұн тарту, жарма өнеркәсібі өнімдерін өндіру бойынша тоғыз жоба қар­­жы­лан­дырылып, оларға жал­пы көлемі 1,5 млрд теңге бө­лін­ген. Өтінімдерді қабылдау әлі де жал­ғасуда. Сонымен қатар аудан­да «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 28 жобаны іске асыруға 4,3 млрд теңге бөлініп отыр. Мысалы, білім беру саласында 4 нысанға күрделі жөндеу жүргізуге, 2 нысанды ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстарына 1,3 млрд теңге қарастырылды. Екі мәдениет ошағына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оған жалпы сомасы 111,2 млн теңге жұмсалды. Бағдарламаның шарапаты спорт саласына да тиіп отыр. Мысалы, Заречный ауылында 71,5 млн теңгеге стадион салынды. ТКШ саласында жалпы сомасы 2,6 млрд теңгеге 19 нысанға жөндеу жұмыстары жүр­гізілген. Сонымен қатар биыл Алтын Дала ауылына орта­лық­тандырылған су құбыры тартылды.

– «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру барысында биыл 1177 жаңа жұмыс орындары құрылды, оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 605 адам жұмысқа орналастырылды. Бағдарлама шарттары бо­йынша жұмысқа орналасу кезінде жұмыссыз жастарға басымдық берілетіні ескеріле отырып, жоба­лар­ға 29 жасқа дейінгі жас­тар санатынан шамамен 241 адам тартылды, – деді аудан әкімі Жасұлан Тәукенов.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдар­ла­масы шеңберінде Қоста­най ауданына қарасты Октябрь ауы­лын­дағы Совхоз орта мек­те­бі­не күрделі жөндеу, сон­дай-ақ Октябрь ауылындағы 2 көшеге және Шеминов ауылындағы 4 көшеге орташа жөндеу жүр­гі­зіл­ді.       

Облыстық трансферттер есе­бі­нен Тобыл қаласының, Мичу­рин және Майкөл ауыл­да­ры­ның көшелері, Озерная стансасының кіреберісі мен Шеминов ауылының бірнеше көшесі, Осинов, Абай, Новоселов ауылдарын жалғап жатқан аудан­дық маңызы бар күре жол орташа жөндеуден өтті.

«Еңбек» бағдарламасының тиімді жүзеге асырылуы Қостанай ауданындағы жұмыссыздық деңгейін азайтып қана қоймай, тұрғындардың жеке бизнесін кеңейтуіне немесе жаңа кәсіп ашуына мол мүмкіндік беріп отыр. Биыл аталмыш бағдарлама аясында ауданның 2657 тұрғыны уақытша, тұрақты жұмыс орындарымен қамтылып отыр.

Бағдарламаның екінші бағы­ты - «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 113 адам оқуға жібе­­ріліп, 61 адам шағын несие алды. Сондай-ақ бизнес идеяларды іске асыру мақсатында 81 грант­қа 45,004 мың теңге қаржы бөлініп отыр. Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша 34 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылса, жастар практикасына 52 адам, қоғамдық жұмыстарға 202 адам жіберілген. Биылдың өзінде жұмыспен қамту орталығы арқылы ауданның 1377 тұрғыны тұрақты жұмысқа орналасты.

 

ҚОСТАНАЙ