Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы әлеуметтік-экономикалық міндеттерді жүзеге асыру бағытында Шығыс Қазақстан облысында қандай шаруалар атқарылды? Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі Даниал Ахметов баяндап, журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Дәл қазіргі уақытта өңірдегі ең өзекті мәселе – коронавирус инфекциясының таралуын тоқтату. Өйткені соңғы айларда Covid-19 вирусы күрт көбейіп, халықты елеңдетіп қойғаны жасырын емес. Бүгінде облыста вируспен ауырғандар саны – 14 402, дәл қазір ауруханаларда 659 адам жатыр, науқастанғандардың 95 пайызы емделіп шықты.
Облыс әкімінің мәлімдеуінше, өңірде 40 инфекциялық стационар дайындалып, толық жабдықталған 6 мыңнан астам төсектік орын ұйымдастырылды. Биылғы ақпан айынан бері науқастарға арналған төсектік орын саны – 12 есеге, реанимациялық төсектік орын 10 есеге артқан.
Ауыр науқастар үшін иммундық плазманың 3 мыңнан астам дозасы дайындалды. Бұл бүкіл республика бойынша әзірленген дозаның 62,5%-на тең. Қазіргі уақытта 150 пациентке 309 доза плазма құйылды. Сонымен қатар дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдарының тұрақтандыру қоры құрылды. Демалыссыз тәулік бойы 15 компьютерлік томограф жұмыс істейді. 1 желтоқсаннан тағы үш жаңа КТ аппараты іске қосылады. Медициналық құралдармен толық жабдықталған жедел медициналық жәрдем көлігі 2,5 есеге көбейді. Індетті уақтылы анықтау үшін ПТР зертханалар жұмыстарын күшейтті.
– Мен күнделікті аудан, қала әкімдерімен байланысқа шығып, өңірлердегі санитарлық-эпиедмиялық жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отырмын. Әзірше Өскемен, Алтай, Риддер, Серебрянка қалаларында және Глубокое ауданында ауру белгілерінің өскені байқалады. Вирустың таралуы тұрғындардың санитарлық талаптарды сақтауына, бақылаушы органдардың қызметіне, климатқа және денсаулық сақтау саласының жағдайына байланысты. Індет ең көп жұғатын орындардың бірі – қоғамдық көліктер. Ал кәсіпорындарда аурудың жұғуы аз. Мәселен, «Казцинк» зауытында бүкіл кезең ішінде небәрі 104 адам ғана вирусқа шалдыққан, – дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Облыстағы шектеу шаралары білім беру жүйесіне де айтарлықтай әсер еткен. Өйткені мұғалімдер қысқа мерзім ішінде жаңа форматқа көшуге мәжбүр болды. Ал оқушылар кедергісіз білім алу үшін жалпы мектептерге 33 мыңнан астам компьютер сатып алынды. Оқушылардың 90 пайыздан астамы интернет желісіне қосылып, балалардың 6 пайызы роутермен қамтамасыз етілді.
Карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Баспасөз конференциясында Даниал Ахметов аталмыш бағдарлама аясында 479 әлеуметтік нысанға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 21 мың жұмыс орны ашылғанын атап өтті. Семейдегі перинаталдық орталықта, Аягөз, Глубокое, Жарма және Ұлан аудандарындағы ауруханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал Шемонайха қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, Семейдегі радиологиялық орталықтың, сондай-ақ екі пәтерлі 37 үйдің құрылысы аяқталуға таяды.
Үй құрылысы демекші, өткен жылдың басында баспана кезегінде тұрған 906 отбасының 563-і баспанаға қол жеткізді. Жыл соңына дейін өңірде 1038 көпбалалы отбасы қоныс тойын тойламақ.
Аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына келер болсақ, соңғы он айда атқарылған жұмыстар аз емес. Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында экспорттық өндірістерді құру үшін 2020 жылдан 2025 жылға дейін облыста 10 мың жаңа жұмыс орнын құруға бағытталған 32 жоба іске асырылмақ. Аймақ басшысының айтуынша, маңызды жобалардың бірі – жылдық қуаты 200 тонна уран өндіретін АЭС-ке арналған жылу бөлетін зауыт құрылысы. Бұл жоба Азия нарығына бағытталып отыр. Сондай-ақ «Қаршыға» кен орнының кен байыту кешенінің және «Суықтыбастау» учаскесінде әктасты қайта өңдеу зауытының құрылысы аяқталып қалды. «Қызылқайың» кен учаскесінде қуаттылығы жылына 25 млн тонна кен өндіретін байыту комбинатының құрылысы басталады. Ол кәсіпорын өнімдерін Ресей мен Қытайға экспорттауды көздеп отыр.
Экспортқа шығаратын дәнді-дақылдардың көлемін арттыру бойынша да нақты жұмыстар жүзеге асып жатыр. Күзгі жиын-теріннің өнімі 340 млрд теңгеге бағаланып, өткен жылмен салыстырғанда 130%-ға өсті. Барлығы 804 мың тонна дәнді дақылдар жиналса, оның 626 тоннасы – майлы дақылдар.
– Әлемде бұршақ және майлы дақылдарға сұраныс жоғары. Біздің тұтынушымыз – Қытай. Елімізде өсірілетін күнбағыстың 66%-ы Шығыс Қазақстанға тиесілі. Сондықтан өсімдік майының алуан түрін өндіру бойынша көшбасшы болатын мүмкіндігіміз зор. Майлы дақылдар егістігін 23%-дан 40%-ға дейін ұлғайту қажет, – дейді аймақ басшысы.
Бұдан басқа, тиімділігі жоғары жүгері, соя, рапс сияқты дақылдардың алқаптарын ұлғайтып, егістіктерді әртараптандыру жұмыстары қолға алынған.
Аймақ басшысы мал шаруашылығы саласындағы жетістіктерді де тілге тиек етті. Сүт және ет өндіру көлемі бойынша өңір алдыңғы орында. Биыл 7 мың бас ірі қараға арналған үш бордақылау алаңы пайдалануға берілді, 1600 басқа арналған 8 тауарлы-сүт фермасы салынып, реконструкцияланды. Бес сүт қабылдау пункті іске қосылды.
Әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалып жатқан жоқ. Халықты ауыз сумен қамту бойынша жобаларды жыл сайын қаржыландыру көлемі 2015 жылдан бастап 3,6 есеге дейін өскен. Су құбырлары 209 елді мекенге тартылып, 240 мың адам ауыз сумен қамтылды. Қолға алынған сумен қамтудың 41 жобасы осы жылдың соңына дейін аяқталады. Бұдан басқа 51 блок-модульді станса орнатылып, 21 мың тұрғын сапалы ауыз суға қол жеткізеді. Оның ішінде шекаралық ауданның тұрғындары да бар.
Сонымен қатар Даниал Ахметов өңірдегі іске асып жатқан инновациялық жобалар туралы да сөз етті. Тың жобалардың бірі – Шығыста травматология мен ортопедияға арналған медициналық импланттар өндіруді бастаған. Қазақстандық импланттардың сапасы ғана емес, бағасы да тиімді. Ортопедиялық протездер шикізаттың өзіндік құнының төмендігіне байланысты шетелдіктерден 70%-ға арзан екен.
Әлеуметтік-экономикалық міндеттерді жүзеге асыру бойынша жасалған баяндамадан соң Д.Ахметов журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Сол сауалдардың бірқатарына тоқталайық.
– ПТР-тестің құны тым қымбат, оны тұрғындар үшін тегін етуге болмай ма? Облыстағы әр аудан орталығына бір-бірден компьютерлік томограф (КТ) құрылғысын орнатуға бола ма?
– Иә, алғашында тест құны 18 500 теңге болды, кейін 11 500 теңгеге арзандады. Қазір – 8 125 теңге. Бұл мәселені Үкімет қарастыруы тиіс. Бізде ондай мүмкіндік жоқ. Тек бекітілген 10 санаттағы азаматтарға ғана тест тегін жасалады. Томографтар туралы айтсам, облыста қазір 18 КТ аппараты істеп тұр. Әр 250 мың тұрғынға 1 құрылғыдан келеді. Алдағы уақытта Зайсан, Күршім, Тарбағатай аудандарына томограф алуды қарастырып отырмыз. Томограммаға кезекте тұрған азаматтар жоқ.
– Көпір құрылысынан тәжірибесі жоқ компания Бұқтырма көпірін салу тендерін қалай ұтып алды?
– Бұл – жалған ақпарат. Тендерді жеңген компанияның бұл салада үлкен тәжірибесі бар, әлеуеті де жетерлік.
– Шығыс Қазақстан облысындағы басты мәселелердің бірі экологияға қатысты. Осыған орай өңірдегі зауыттарда тазарту құрылғыларын орнату ісі қалай жүруде?
– Әрине экология өңіріміздің басты проблемаларының бірі болып қалуда. Соңғы кездері мәселені шешуге 35 миллиард теңге қаржы салынды. Шығарылатын қалдықтар 10 мың тоннаға азайып отыр. Ең ірі кәсіпорынның бірі – «Казцинк» 15 жылда шығарындылар көлемін 41,7 пайызға кемітті. Бүгінде біз кешенді бағдарлама әзірлеп отырмыз, оны іске асыруға 50 миллиард теңге көзделген.
– «Өскемен – Рахман қайнары» жолының құрылысы қашан жалғасады?
– Құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасы қайта қаралып жатыр. Нысан құрылысы міндетті түрде аяқталады.
– Бұқтырма көпірін салуға облыс сұраған 5 млрд теңгенің өтінімін Үкімет қабылдамай тастады. Атыраулық компания іске қашан кіріседі?
– Жоба бар, 200 миллион теңге салынған. Жұмыс жуық арада басталады.
– Әлеуметтік желілерде сіздің Өскеменде Пушкин ескерткішін орнату туралы тапсырма беріп жатқан видео тараған болатын. Білгім келгені, бір қалаға екі Пушкин ескерткіші көптік етпей ме?
– Бұл әлі басы ашық мәселе. Нақты шешім қаланың қоғам өкілдерімен өтетін бірлескен жиында қабылданады.
Шығыс Қазақстан облысы