Қостанай облысында адам саудасына қатысты қылмыстарды анықтау, жолын кесу, алдын алу мақсатында «STOP-трафик» жедел алдын алу іс-шарасы аяқталды. Бес күндік шара барысында ойын-сауық орындары, монша кешендері, сауналар, жалдамалы пәтерлер мен қонақүйлер, сондай-ақ жеке шаруа қожалықтары мен құрылыс нысандары тексерілді.
Нәтиже көңіл көншітпейді. Полицейлер адамды заңсыз бас бостандығынан айыру, жас қыздарды тәнін саудалауға мәжбүрлеу, жыныстық қызмет көрсететін астыртын орындар ұйымдастыру, ол жерде адамды күштеп ұстау сияқты көптеген қылмыс түрлерін әшкерелеп отыр. Полицейлер мұндай орындарда мәжбүрлі түрде жүрген 3 адамды алып шығып, оларды арнаулы әлеуметтік қолдау көрсету орталығына орналастырды.
Мәселен, адамды заңсыз бас бостандығынан айыруға қатысты оқиғаның бірі Б.Майлин ауданында тіркеліп отыр. Осы ауданға қарасты Қайранкөл ауылының маңындағы жеке шаруашылықта 33 жастағы тұрғын 21 жастағы жігітке екі жыл бойы күштеп мал бақтырып қойған. Полицейлер шаруашылық иесіне қатысты ҚР ҚК 126-бабының 3-бөлім, 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеуге кірісті.
«STOP-трафик» шарасы барысында Қостанай қаласының Темірбаев көшесіндегі пәтерлердің бірінде 28 жастағы қыздың апалы-сіңлілі екі бойжеткенді жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеп келгені анықталып отыр. Аталған қылмыс бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Полицейлер адам саудасының белең алып кетпеуі үшін рейд жұмыстарын жиілетіп, қылмыстың алдын алу мақсатындағы шараларды күшейтті.
Қостанай облысы