Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданына қарасты 11 елді мекен табиғи газ желісіне жалғанды.
Биыл Батыс Қазақстан облысында 24 ауылға газ құбырын тарту жоспарланған болатын. Осының нәтижесінде өңір тұрғындарының 98,6%-ы от жағып, күл шығару бейнетін ұмытады. Міне, жақында ғана Ақжайық ауданындағы Алғабас ауылдық округіне қарасты Жаңажол, Тегісжол, Қарағай, Тоған ауылдарына және Жамбыл ауылдық округіндегі Жамбыл, Үштөбе, Бітік елді мекендеріне газ тартылды. Шағын ғана Жаңажол ауылына тартылған табиғи газ желісінің ашылуына Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев арнайы келді.
«Біздің жұмысымыздың басты бағыттарының бірі – ауылдық елді мекендерді газдандыру. Өздеріңіз жақсы білесіздер, тоқсаныншы жылдарға дейін ауылдарда газ болмады. Елбасының бастамасымен Қарашығанақ кен орнына шетелдік инвесторлар тартылып, инвестициялардың арқасында көптеген ауыл-аймақ газбен қамтылып отыр. Соңғы он-он екі жылдың ішінде шамамен 200-дей елді мекенге газ тартылды. Осы жұмыстарға 30 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Биылдың өзінде облыс бойынша 1 млрд 300 млн теңге қаражат қарастырылып, 164 шақырым газ құбыры тартылды. Облыс бойынша 21 ауылға газ жеткізілсе, сіздің ауданда 11 елді мекен көгілдір отынның игілігін көруге мүмкіндік алды. Газ бар жерде бизнес те өркендейді. Кәсіппен айналысамын деген жастарымыз ауылда тұрақтап, осы игіліктің жемісін көрсін деп тілейміз. Бүгінгі қуаныш құтты болсын, ел-жұрт аман болып, жақсылықтарымыз еселене берсін» деді облыс басшысы Жаңажол ауылына тұрғындарына көгілдір отынның алауын тұтатып тұрып.