Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Нюрнберг сабақтары: ұмытылмас үшін» көрмесі ашылды. Аталған шараны Қазақстандағы Ресей ынтымақтастық өкілдігі, Ресей тарихи қоғамы, Ұлы Отан соғысының Орталық музейі (Мәскеу) және Қазақстандағы Ресей Федерациясы елшілігі бірлесе отырып ұйымдастырды.
Көрменің ашылуында сөз алған Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Ұлттық музей тарихи оқиғаларды зерттеуде бір ғана ежелгі немесе ортағасырлар кезеңімен шектеліп қалмайды. Біз үшін жаңа заманда орын алған оқиғалар да өте маңызды. Бұған фашистік Германияның іс-әрекетін айыптаған Нюрнберг процесінің басталуының 75 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған бүгінгі көрмеміз дәлел болады», деді.
Шара барысында Ресей тарихи қоғамы басқармасының төрағасы, «История Отечества» қорының атқарушы директоры Константин Могилевский, Қазақстандағы Ресей ынтымақтастық өкілдігінің басшысы Алексей Коропченко, Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған сөз сөйлеп, Нюрнберг процесінің тарихи маңызын ашып көрсетті.
Көрме гитлерлік фашизмнің қылмысын айыптаған және Екінші дүниежүзілік соғыстың нүктесін қойған әлемдік тарихтағы алғашқы Халықаралық әскери трибунал туралы сыр шертеді. Түрлі тарихи деректермен қатар көрмеде Нюрнберг процесінің тікелей қатысушысы, киевтік Арсений Кудрявцевтің жеке мұрағатынан алынған ерекше фотосуреттер мен құжаттар экспозицияланды.