• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Президент 24 Қараша, 2020

Өндірісті өңірдегі оң өзгерістер

264 рет
көрсетілді

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысында болды.

Жаңа мектепке – Абай есімі

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары облыс орталығында жаңа­дан салынған 1200 орындық мектеп-гимназияны аралап көру­­­ден басталды. Бұл жерде Пре­­зи­­­дент білім ордасындағы оқу-тәр­бие жұмыстарының ұйы­м­­дас­­тырылуымен танысып, бас­­тауыш сынып оқушылары оқи­тын кезекші сыныптарды ара­лады.

Сонымен бірге Мемлекет басшысына заманауи құралдармен жабдықталған кабинеттер, STEM-зертхана, робот-техника жә­не зияткерлік бөлмелер, мек­теп теле­­сту­диясы мен медиастудия көрсе­тілді. Мектепте сабақтан тыс ұйым­дастырылатын үйірме жұмыс­тары үшін ART-студия және хореография залы салынған. Жалпы, бұл мектеп – үш ауысымда оқыту мәселесін шешуге игі ықпалын тигізетін нысан. Мұнда жақын жерлердегі қазақ мек­тептерінен 900 оқушы ауысты­рылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа мектеп-гимназияға Абай Құнан­байұлының есімін беру жөнін­дегі ұсынысты қолдайтынын мәлімдеді. Білім ұясы ұлы ақын әрі ойшылдың мұраларын зерттеу, насихаттау орталығына айна­лады деген сенім бар. Мек­теп базасында қалалық қана емес, облыстық іс-шаралар да өткі­зіп тұруға арналған 700 орын­дық акт зал бар. Оның іші Абай шығармашылығымен безен­ді­рілген.

Президент облыста пандемия кезіндегі оқу үдерісінің қалай ұйым­дастырылып жатқанына қызығушылық танытты. Қазіргі таң­да өңірдегі 504 мектепте 204 мың шәкірт, соның ішінде, бірінші сыныптың 22 мың оқу­шысы білім алып жатқаны хабарланды. Сондай-ақ өңірдегі оқу­шы саны 300-ден аспайтын 279 мектеп штаттық режімде жұмыс істейді. Мұндай білім мекемелерінде 29 мыңға жуық оқушы оқып жүр. Бастауыш және бесінші сынып оқушылары үшін 6166 кезекші сынып ұйым­дас­тырылған. Бұл сыныптарда 77 мыңнан астам бала оқып жатыр. Айта кететін бір жайт, білім беру мекемелерінің бәрінде  сани­тар­лық режім барынша күшейтілген.

 

Спорт – мықты денсаулық кепілі

Қазақстан Президенті Қара­ғанды қаласындағы жаңадан са­лынған теннис орталығының жұмы­сымен танысты. Орталықта бір мезгілде 650 бала жаттыға алады.

Нысанның инфрақұрылымы әлемнің ең озық стандарттарына сай келеді. Мұнда 11 корт бар, оның 7-уі – жабық. Сонымен қатар жалпы және арнайы дене шы­­нықтыру жұмыстарына арнал­ған залдар бар.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа орта­лықтың техникалық жабдықталуы туралы егжей-тегжейлі баяндалды. Атап айтқанда, орталықта ATP/WTA Challenger деңгейіндегі әлемнің үздік 100 ойыншысы қатысатын халықаралық және республикалық теннис жарыста­рын өткізуге, сондай-ақ отан­дық спортшылардың кәсіби шебер­лігін шыңдауға мүмкіндік жасал­ған.

– Қала өміріндегі осындай маңызды нысанның пайдалануға бері­луімен құттықтаймын. Біз қазір бұқаралық спортты дамы- туды мақсат етіп отырмыз. Мына спорт орталығы барлық бала­лар­дың үлкен тенниспен шұғыл­да­нып, денсаулығын күшей­туге мүмкіндік береді. Бұл – көп­­жақты әрі ыңғайлы нысан. Осы мүмкіндікті пайдалана оты­рып, Қазақстан теннис федера­ция­сының президенті Болат Жәміш­ұлы Өтемұратовқа риза­шылы­ғымды білдіремін, – деді Мемле­кет басшысы.

Орталықтың жалпы көлемі 7,8 мың шаршы метрді құрайды. Онда мәжіліс залы мен 2 кафетерий және қонақүй кешені бар.

Шаһар шаруашылығын дамы­тудың үздік әлемдік тәжіри­белеріне сәйкес теннис орталы­ғының айналасындағы 1,5 гектар аумақ толығымен абаттандарылып, көгалдандырылған. Нысан құры­лысына жеке инвесторлар 2,4 млрд теңге көлеміндегі қаражат салған.

Қазақстанның теннис федерациясы орталықты әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етіп, опера­­циялық басқару қызметін үйлес­тіреді.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті Үстел теннисі орталы­ғының жұмысымен танысты. Жаңадан ашылған спорт нысанында 18 үстелге арналған ойын залы, 9 теннис үстелі орналасқан жаттығу залы, медицина және массаж кабинеттері, жаттығу залы, әкімшілік ғимараты, төре­шілер мен бапкерлердің бөлме­лері, мәжіліс залы мен VIP-орын­дар бар.

Заманауи үстел теннисі орта­лығының ашылуы оқу-жат­тығу жұмыстарын сапалы өт­кі­зуді қам­тамасыз етуге, сон­дай-ақ респуб­ликалық және халық­аралық дең­гей­дегі жарыстарды жоғары дең­­гейде өткізуге мүм­кін­дік береді. Бұл өз кезегінде ел спорт­­шы­лары­ның шеберлігін шың­дауға ықпал етеді. Орталықта күні­не 400 адам үс­тел теннисін ойнай алады.

Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытудың, дене шы­нық­тырумен және спортпен айналы­сатын халықтың санын артты­рудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар Президент аталған орталықтың салауатты өмір салтын насихаттауға, аймақтағы үс­тел теннисімен шұғылданатын адамдардың қатарын арттыруға және оны дамытуға зор ықпал етеді деп сенім білдірді.

– Бұл тек жаттығып қана қой­май, халықаралық жарыс өткізуге барлық жағдай жасалған әдемі орталық екен. Үстел теннисі федера­циясының президенті Данияр Әбіл­ғазинге, Қарағанды облы­сының әкімі Жеңіс Қасым­бекке, Қазақстан үстел теннисі құрама­сының бас бапкері Эльмира Әлие­ваға алғыс айтқым келеді. Бо­ла­шақта үлкен жеңіске жете­сіз­дер деп үміттенемін. Көп жаттық­саңыздар, жетістік те мол болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Орталық құрылысына Қазақ­стан Республикасының Үстел теннисі федерациясы 1 млрд 950 млн теңге қаржы жұмсаған.

Биыл Қарағанды облысында 85 спорт нысаны пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

 

Балама энергия – маңызды бағыт

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың келесі аялдаған нысаны «Сарыарқа» арнайы эконо­ми­калық аймағы болды. Бұл жерде облыс әкімі Жеңіс Қасымбек арнайы экономикалық аймақтағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы, тұрақты жұмыс орындарын ашу, жеке жә­не шетелдік инвестицияларды тар­ту, сондай-ақ,  Қазақстан мен Гер­­­ма­нияның бірлескен кәсіпор­ны­­ның жұмысы туралы баяндап берді.

Сонымен бірге Мемлекет басшысына техникалық газ өндірумен айналысатын «ЛиндеГаз Қазақ­стан» ЖШС-ның, күн электростан­циясы бағытында қызмет ететін «ҚазСолар-50» ЖШС-ның, жылу өткізбейтін құбырлар өндіретін «Изоплюс» ЖШС-ның және шарлы крандар шығаратын «Бёмер Арматура» ЖШС-ның жетек­шілері өз зауыттарының жұмысы және өнім өндіру көлемін ұлғайту жөніндегі жоспарлары жайында ақпарат берді. Бұдан бөлек бүкіл әлемде қалыптасқан эконо­ми­калық ахуалды ескере отырып, пандемия кезіндегі жұмыс жағ­дайы, бизнестің әлеумет­тік жауапкершілігі мен қайырым­дылық істері туралы егжей-тегжейлі баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қаз­солар-50» компаниясының өкілі­мен әңгіме барысында жаңар­ты­латын энергия көздеріне қа­тысты жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығына назар аударды.

– Балама электр энергиясы бағы­тын қолдаймын. Жол­дау­да бір­тіндеп көміртек пайдала­нуды азайту саясатын жүргізу керек екенін айттым. Бұл бағыт­тың бо­лашағы зор. Бүкіл әлем атал­ған бағытта дамып жатыр. Мен Гер­манияға барғанымда осы тақы­рыпта неміс ком­па­ния­ла­рын­ың же­тек­шілерімен сөйлес­тім. Жалпы, олармен ынтымақ­тас­тыққа н­а­зар аудару керек деп санаймын. Күн электр энергиясы бола­шақта бірқатар проблеманы шеше алатын қуатты көзге айналады. Ол сонысымен тартымды, – деді Президент.

Содан кейін Президент кана­далық заманауи технология бо­йын­ша жылына жезден жасал­ған 30 млн бұйым шы­ға­ра­тын Steel Manufacturing ЖШС-ның өндіріс аумағын аралап көрді.

 

Дайын өнім шетелдерге экспортталады

Сапар барысында Президент Қарағандыдағы YDD COR­PO­RATION ЖШС-ның ферро­қо­рытпа зауытында болып, он­дағы болат, шойын қорыту кезінде ме­тал­­­дардың механи­ка­лық және кор­ро­зиялық төзім­ділігін жақ­­­сарту үшін қолданылатын жоға­ры сапалы ферросилиция (FeSi75) өн­ді­рісімен танысты.

Бүгінгі күнде табысты жұмыс істеп тұрған зауытта Мемлекет басшысына өндіріс процесі мен өнді­рісте, құрылыста, кеме, әуе көлік­терін және автомобиль жа­сау­­­да қолданылатын дайын өнім­дер көрсетілді.

Кәсіпорынның акционерлері Е.Нығматулин, А.Кемертелидзе және Ж.Аппаз аталған жобаның жергілікті және жаһандық сұра­ныс­ты қамтамасыз ететінін айтты. Атап айтқанда, мұнда өндірілген ферро­силиция Қазақстаннан бө­лек, Еу­ропа, Оңтүстік-Шығыс Азия, Сол­түстік және Оңтүстік Амери­ка елдерінің нарығына шығары­лады.

Аталған зауыттың қуат­ты­лығы жылына 180 мың тонна өнім өндіруге жетеді. Онда қол­да­ны­латын технология ферросилиция мен ферромарганец өндіруге мүмкіндік береді. Жобадағы отан­дық өнімнің үлесі 95 пайыздан асады.

Кәсіпорынның өнімі сапасы жағынан ең жоғары әлем­дік талапқа сай келеді. Пандемия кезінде компания өнімнің сатылу аумағын 15 елге арттырып, Қазақ­станның экспорттық әлеуе­тін көтеруге үлес қосты. Қазіргі таңда зауыт өз өнімін әлемнің 37 еліне экспорттайды.

Компания COVID-19 панде­миясының бірінші толқыны кезінде жұмыс кестесін вахталық әдіске көшіріп, барлық қажетті жағдай жасағанының арқасында қазіргі өндіріс көлемін сақтап қалды.

Сонымен қатар Президент өндірісті басқару орталығын аралап көріп, Qaz Qarbon ЖШС-ның жаңа жобасымен танысты.

– Бұл өте қажетті және жақсы жоба. Құтты болсын. Қазақстанды индустрияландыруға қомақты үлес қосқанын айтпағанның өзін­де, ел экономикасының маңыз­­­ды активі саналады. Өнді­ріс­ті жыл­дам көріп шықтық. Бірақ бұ­ған қатысты үлкен жоспарла­рымыз бар. Бақылап, көмекте­сіп отырамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Кәсіпорын жұмысына риза­шы­лық білдірген Президент еңбек ұжымына табыс тіледі.

Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапарын Мемлекет басшысы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның металлургия комбина­тында түйіндеп, алпауыт кәсіп­­орындағы мырышпен және алю­миниймен қаптау цехының жұмы­сымен танысты.

 

Металлургиядағы көшбасшы кәсіпорын

Бұл цехта мырышпен қап­тал­ған орамды және табақша өнім­дерін өндіріледі. Оның жалпы өндірістік қуаты жылына 700 мың тонна өнім шығаруға жетеді.

Кәсіпорынның атқарушы дирек­торы Вадим Басин Прези­дентке өндіріс процесін ұйым­дас­тыру және жабдықтау жұмы­сының қағидалары туралы айтып берген соң, Мемлекет басшысы цехтың дайын өнімдері мен жұмыс жүктемесін қарап көрді.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Наир Бид­жу Мемлекет басшысына кәсіп­орынды одан әрі дамыту перспективасы, жаңа кокс батарея­сы құрылысының жоспары, эколо­гиялық қалдықтарды азайту жө­нінде қабылданып жатқан шаралар жайында мәлімет берді.

Кәсіпорындағы еңбек ұжы­мы­мен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорынның қа­зақ­­стандық металлургиядағы көш­­басшы кәсіпорын екенін атап өтті.

– Мұнда Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің еңбек жолын бастаған. Біз өндіріс қуа­тын арттыруды мақсат етіп отыр­мыз. Маған жаңа инвестиция­лық жобалар, өндірісті жаң­ғыр­ту, әлеуметтік жағдайды жақ­сар­ту жайында баяндады. Кәсіп­орын­ның алдында тұрған міндеттер аз емес. Сондықтан оны ретіне қарай шешу керек. Ол жайында бұған де­йін Премьер-Министрмен сөй­лес­тім. Жаңа облыс әкімімен де бір­­қа­тар мәселені талқыладық. Бар­­лық мәселені ақырындап ше­шу қажет, – деді Қазақстан Прези­денті.

Кездесудің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев металлургия зауы­тының еңбек ұжымына жұмыс­тарына табыс тіледі.

 

Қарағанды облысы