Қазақстанның машина жасау саласы пандемия жағдайында қалай дамуда? Тауар өндірушілер нендей проблемалармен бетпе-бет келуде? Салаға мемлекет тарапынан қандай қолдау қажет? Осы сұрақтардың төңірегінде аз-кем әңгіме өрбіткенді жөн көрдік.
Шетелдік автоөнеркәсіпті шектей алмадық
Жоба-жоспарлар мен болжамдардың күл-талқанын шығарған биылғы пандемия машина жасау саласына да салқынын тигізбей қоймады. Бірақ өзге салалармен салыстырғанда анау айтқандай тығырыққа тірелмеді де. Мұның себебін Қазақстан Машина жасаушылар одағының басқарма мүшесі Павел Беклемишев түсіндіріп берді.
– Біріншіден, машина жасау – серпінді сала. Екіншіден, саланың өнімдеріне әрдайым сұраныс бар. Әлбетте, биылғы жағдай бізді де айналып өткен жоқ. Пандемия орын алса да, сұраныс сақталды. Оның үстіне салаға мемлекет тарапынан айтарлықтай көңіл бөлінеді. Әсіресе экономикада дағдарыс басталғанда мұндай қолдаудың көмегі зор, – дейді ол.
Деректерге сүйенсек, 2020 жылдың қаңтар-тамыз аралығында Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі 3,3 пайыз өсім көрсеткен. Соның ішінде машина жасау саласындағы өсім 16,3 пайызды құраған. Бұл ретте, автомобиль жасау көрсеткіші 51,8 пайыздық өсімге тең. Алайда біздің елдегі ресми статистика көп жағдайда шынайы ахуалмен сәйкес келе бермейді. Мұны биылғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ескерткен еді. Мемлекет басшысының Статистика комитетін Президент Әкімшілігіне бағынысты ведомство ету туралы тапсырма бергені де сондықтан.
Жоғарыдағы статистикада келтірілгендей, автомобиль жасау бағытының өсімі көңілге қуаныш ұялатады. Соған қарап-ақ машина жасау саласындағы табыстардың дәл осы бағытқа тиесілі деп бірден аңғаруға болады. Алайда Павел Беклемишев бұл пікірмен келіспейді.
– Дәл қазіргі жағдайда автомобиль құрастыруды машина жасау саласының негізгі бағытына айналды деп айта алмаймын. Себебі биылғы өсім – коммерциялық белсенділіктің жемісі. Аталған бағыттың пандемия жағдайында жақсы өсім көрсеткені түсінікті. Себебі шекара жабылды. Сырттан көлік сатып әкелу тыйылды. Демек, тұрғындар үшін көлік алудың бір ғана жолы қалды. Ол – Қазақстанда құрастырылған көліктерді сатып алу. Сондықтан мұны шынайы өндіріс деп атауға асықпайық. Оның үстіне бұл бар болғаны құрастыру ғана. Біз мұндай көліктерді қазақстандық компаниялардан сатып алсақ та, түптеп келгенде шетелдік автоөнеркәсіпті қаржыландырып отырмыз. Әрине, сырттан келетін өнімді шектегіміз келеді. Жоспар бар. Ынта зор. Бірақ мұның бәріне ұзақ уақыт керек, – дейді Павел Беклемишев.
Шикізат мәселесін қалай шешеміз?
Қазақстанның машина жасау нарығындағы белді ойыншылардың бірі – «Қайнар-АБК» ЖШС. Компанияның даму жөніндегі директоры Тұрар Жолмағамбетовтің айтуынша, пандемия наурыз және сәуір айларында аккумулятор шығаратын зауыттың жұмысына айтарлықтай әсер еткен. Өйткені наурыз-сәуірде, яғни төтенше жағдай кезінде кәсіпорын жұмыс істеген жоқ.
– Төтенше жағдай аяқталған соң өндіріс көлемін ұлғайта бастадық. Жоқ дегенде өткен жылғы өндірістік межені бағындырамыз деп жоспар құрдық. Былтыр 2,5 млн аккумулятор шығарылған болатын. Әзірше жоспардан аз-кем артта келе жатырмыз. Төтенше жағдай, карантинге байланысты өнімдерді шетелдік нарықтарға өткізу тұрғысынан шекарада проблема туындады. Өйткені серіктестер тауарды қабылдай алмады. Шикізатқа қатысты мәселе де алдан шықты. Компания оны Қытайдан әкелетін еді. Біздің негізгі шикізатымыз – бастапқы қорғасын, қорғасын сынықтары. Соңғы алты айда бастапқы қорғасынның құны әлсіреген теңге жағдайында тоннасына 2 мың долларға дейін көтерілді. Бұл біздің өнімнің өзіндік құнына, сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілікке әсер етеді, – дейді ол.
Осы орайда, Мемлекет басшысы кәсіпорындарды қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ететін реттеуші тетік болуы керектігін айтқан болатын. Бірақ бұл бағыттағы жұмыстар әлі тиісті нәтиже берген жоқ. Он жылдай жұмыс істеп келе жатқан Индустрияландыру бағдарламасының негізгі мақсаты да шикізатты мүмкіндігінше дайын өнімге дейін өңдеуге қол жеткізу еді. Алайда кейбір өндіріс орындары үшін шикізатты шетелден сатып алған тиімді болып тұр. Өйткені құны арзан. Ал отандық шикізаттың бағасы бас айналдырады.
– Біздің кәсіпорын қорғасын өңдейді. Егер шикізатты сырттан сатып алуға мәжбүр болсақ, қосылған құны жоғары өнімді қалай шығарамыз? Сондықтан Үкімет жыл соңына дейін машина жасаушылардың шикізатқа қол жеткізу тетігін әзірлеуі керек. Мәселен, Ресей Федерациясында өндірушілерге бастапқы металды шетелге арзан бағаға сатуға тыйым салынған. Керісінше, ішкі нарыққа әлдеқайда арзанға сатуы керек. Дәл осы принципті Қазақстанда да қолдануға болады. Ресейдің алюминий шығаратын «РУСАЛ» компаниясы сыртқы нарықпен салыстырғанда, ішкі нарықтағы өңдеушілерге шикізатты 10-15 пайызға арзанға береді. Соның нәтижесінде арзан шикізатқа қол жеткізген ресейлік өндірушілер ішкі-сыртқы нарықтың бәрінде бәсекеге қабілетті болып отыр, – дейді Тұрар Жолмағамбетов.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті машина жасау басқармасының бас сарапшысы Руслан Хисамутдиновтің айтуынша, министрлік отандық өндірушілерге шикізат беру мәселесін қарастырып, тиісті тетіктерді пысықтауда. Бұдан бөлек, шикізатқа квота бөлу мәселесі де қарастырылып жатқан көрінеді.
Салықтық, кедендік жүктемені кеміту керек
Павел Беклемишевтің айтуынша, түрлі өнімдер шығарылатын материалдар мен жинақтауыштардың құны өнеркәсіптің кез келген саласы үшін өзекті. Оның ішінде машина жасау саласы үшін өзектілігі әлдеқайда жоғары.
– Таңғаларлығы, отандық тауар өндірушілер пайдаланып отырған қорғасынның құны Лондон металл биржасында көрсетілген бағадан қымбат. Лондон биржасындағы қорғасынның бағасы нарықтық құнға және материалды еуропалық порттарға жеткізу шығындарына байланысты қалыптасады. Егер қорғасын Қазақстанның өз ішінде жеткілікті түрде тұтынылатын болса, оны сыртқа шығарудың қажеті жоқ. Шетелге тасымалдауға онсыз да шығын шығарып отыр. Осының есебінен қазақстандық тауар өндірушілер үшін қорғасын бағасын төмендетуге болады. Бұл бір. Екіншіден, шикізат бағасын төмендетуге мүмкіндік бар. Себебі материал ел аумағында қайта өңделіп, қосылған құны жоғары өнім алынған жағдайда республика бюджетіне түсетін салықтық түсімдер әлдеқайда жоғары болады, – деді Павел Беклемишев.
Оның айтуынша, машина жасау саласына қолдау көрсету үшін шетелден материалдар мен жинақтауыштарды импорттаған кезде салықтық және кедендік жүктемені төмендету керек. Сондай-ақ Қазақстан аумағында жинақтауыштар мен дайындамаларды шығару үшін өндіріс базаларын құру маңызды. Өз кезегінде бұл салаға қосымша бәсекелестік береді.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңдеу өнеркәсібі департаментінің директоры Зифа Якупованың айтуынша, машина жасау саласындағы кәсіпорындардың дені жинақтауыштарды шетелден тасымалдайды. Сондықтан карантин жағдайында кедендік әкімшілендіру бойынша тиісті шаралар қабылдау керек.
– Саладағы компаниялар өз өнімдерін шетелдің нарығына таныстырып, сапасын дәлелдеу үшін үлкен шығынға батады. Бірақ онсыз өнімді экспорттау тағы мүмкін емес. Сертификат алу үшін алдымен үлгіні жіберу керек. Бұл да оңай шаруа емес. Әсіресе машина жасау саласы үшін қымбатқа түседі. Ережеге өзгерістер енгізіледі. Бұрын сертификат алу шығындары өтелетін. Енді мұндай қолдау сертификат алу үшін шетелге шығарылатын үлгіге де қатысты болмақ. Яғни үлгінің де шығындары өтелетін болады. Бұл саладағы кәсіпорындар үшін қаржылық тұрғыдан үлкен қолдау екені анық, – дейді кәсіпкерлер палатасының өкілі.
Биыл Индустрияландыру картасы аясында 996 млрд теңгеге 206 жоба іске қосылуы керек. Бұл өз кезегінде өндіріс көлемін 1,3 трлн теңгеге, экспорт көлемін 325 млрд теңгеге ұлғайтады деп күтілуде. Сондай-ақ 19 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деген болжам бар. Бұл ретте машина жасау саласында 170 млрд теңгеге 19 жоба жүзеге асырылуда.