• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ауыл 24 Қараша, 2020

Мемлекетке масыл болғым келмейді

370 рет
көрсетілді

Малсақ қауымға мемлекет тарапынан ауқымды көмек көрсетіліп жатқаны белгілі. Әйтсе де қанатын кеңге жайып келе жатқан «Қарлығаш» шаруа қожалығы өз шаруасын мұқият істеген адамдардың қолдаусыз да табысқа кенелетінін дәлелдеп отыр.

Шаруа қожалығын алғаш құрған кезде-ақ інісі Ерболат екеуі өз күштері­не сенген екен. Тоқсаныншы жылдар­дың басында ұйымдасқан шаруа қожа­лығына «Торғай» кеңшарынан сау тамтығы қалмаған көне комбайн мен «дімкәс» трактор бұйырған. Ал ортақ малдан тиесілі пайларына ештеңе тимепті. Сонда да болашақтарына сенім­ді еді. Адал еңбектерінің арқасында құт дарып, береке бітті. Қазір қожалықтың екі мың гектар жері бар. Оның 200 гек­­тары шабындық, 100 гектары екпе шөп, өзгесі жайылым жерлер. Өздері оған да тәубе дейді. Әйтпесе ауылдас­та­ры тоқымдай жерге зар болып, қол­дарын­дағы бірді-екілі малды қайда жая­рын, шөпті қайдан шабарын білмей қаңтарылып отыр.

– Қаншама қиындықты бастан өт­керіп жүрсек те, несие мен субсидия алып көрген емеспіз. Өз басым мем­лекетке ауыртпалығымды түсіргім келмейді. Кәсіппен айналысқан адам ешкімге тәуелді болмауы керек. Өз күшіне сенген адамның ғана қайығы өрге жүзеді, – дейді «Қарлығаш» шаруа қожалығының басшысы Ербол Дүйсен. – Қазір бұрынғы қиындықтың бәрі артқа қалды. Шаруа жайын үйрен­дік. Үйренетін де ештеңесі жоқ еді. Ата кәсіп. Азық-түлік белдеуіндегі Нұр-Сұлтан қаласын сапалы мал өнім­дерімен тұрақты қамтамасыз етуге септігі­міз тиіп жатыр. Біз тәрізді мал бақ­қан шаруа қожалықтары көбейсе, ішін­ара адал бәсекелестік туындап, сауда сөре­леріндегі ет бағасы да арзандар ма еді?!

Бүгінгі таңда кешегі шағын шаруа­шылықтың ісі дамып, тасы өрге домалап келеді. Қазір шаруа қожалығы 250 бас жылқы, сексеннен астам қара мал, 300-дің үстінде қой бағып отыр. Жыл басынан бері елуге таяу ірі қара мен бір отар қойдың семіз де сапалы етін Нұр-Сұлтан қаласының сауда сөрелеріне шығарыпты.

Бағымдағы ірі қара мен жылқы жер­гілікті тұқымнан. Шаруа қожалы­ғы­ның басшылары табысқа асыл тұқым­ды баққанда молынан жететіндігін ұғы­­нып отыр. Бірақ ол үшін жем-шөп да­йын­дау мәселесі туындайды. Жер көп болғанымен, шабындық, жайы­­лым­дық алқаптар бос емес. Ал азық-түлігі толымды болмаса, асыл тұ­қым­ды мал бағу оңай емес. Мал өнім­дерін өткізу қиындық тудырмайды. Өйткені Нұр-Сұлтан қала­сы қолсозым жерде. Әрі Нұр-Сұлтан – Шідерті тас жолының бойындағы дәмха­наларды етпен қамтамасыз етеді.

Алға ұмтылған шаруашылықтың қадамына тұсау болып отырған жалғыз жай – жайылымның жетімсіздігі. Биыл­ғы жыл мал азығы үшін 250 тонна жем-шөп пен 50 тонна арпа дайындаған. Осы мал азығының көлеміне қарай мал қыстатылады. Әйтпесе қыс қатты болса артық мал тілін тістеп қалмақ. Шағын ғана шаруа қожалығы он шақты адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Еңбекақылары істеген жұмыс ауқымына қарай уақтылы төленеді.

–Жайылымның жетімсіздігі жанға батып тұр, – дейді шаруа қожалығының басшысы, – жүз мың гектарға дейін жер иеленгендер не өздері пайдаланбай, не өзгенің игілігіне жаратпай отырғандары түсініксіз. Осындай келеңсіздіктің салдарынан шоқ жұлдыздай Торғай ауылы­ның қырыққа жуық отбасы көшеміз деп қопаңдап отыр. Егер мал сүмесімен күн көретін ауыл тұрғын­дарына жайылым үшін жер берілсе, мұндай олқылық орын алмас еді.

Шағын ауылдардың үлкен мәселесі­не көңіл аударатын кез жеткен тәрізді. Жомарт жердің жалын жанын салып жұмыс істейтіндер ғана ұстауы тиіс қой.

 

Ақмола облысы,

Ерейментау ауданы