• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Қараша, 2020

Алғысқа бөленген Анаргүл

113 рет
көрсетілді

Sweet heart немесе «Тәтті жүрек» кондитерлік студиясының негізін қалаушы Анаргүл Жантасова өзі үшін қайырымдылық жасаудың өмір салты екенін мақтанышпен айтады. Жаны жайсаң, жүрегі жомарт жанның адамдарға қол ұшын беруге мүмкіндік тудырған Zhas Project жобасына ризашылығы зор.

«Zhas Project – мен үшін тағдыршешті жоба. Неге десеңіз, мен тұрмысқа шы­ғып, балалы болғандықтан жағдайыма қарай қайырымдылық жасау ісінен шеттеп қалған едім. Енді міне, жобаның көмегімен сүйікті ісіммен қайта табыс­тым», дейді А.Жантасова.

Осылайша іскер келіншек көпбала­лы отбасыларға, мүгедектерге, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне және жалғыз басты зейнеткерлерге көмектесу мүмкіндігіне ие болды.

Қазіргі уақытта Анаргүлдің командасында төрт адам еңбек етеді. Әсіресе ол Zhas Project жобасының тәлімгері Анжела Алванованың қолдауына дән риза. Өзінің жұбайы да қолынан келген көмекті көрсетіп тұрады.

Кәсіпкер келіншек жобаны іске асыру үшін қажырлы еңбек пен табан­дылықтың керек екенін айтады. «Бұл жерде бүкіл команда сағаттың механизмі сынды жұмыс істейді. Бір млн теңге грантқа кәсіби миксер, тоңазыт­қыш, үрмелі пеш және барлық қажетті асүй мүкәммалын сатып алдық. Қазірдің өзінде біз шеберлік сабақтарын өткізе бастадық», дейді ол.

Sweet heart кондитерлік студиясын­дағы курстарда көп балалы аналар, жал­ғыз басты аналар және ерекше бала тәр­биелеп отырған әйелдер дәріс алады. Ал мұндай санаттағы тізімді қала­дағы Октябрь ауданының әкімдігі жібе­ріп отыратын көрінеді. Бүгінге дейін аталған студияда 18-55 жас аралығын­дағы 44 әйел курстан өтіп, қолдарына тәттілерді пісіруге және одан пайда табуға мүмкіндік беретін сертификат ұстаған. Енді Sweet heart басшысы алдағы желтоқсан айында «Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін шеберлік сабақтарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. «Ондағы қыз балаларды өз бетінше өмір сүруге үйретсек деген ізгі ниетіміз бар. Оларды алдағы өмірге осы бастан дайындау біз үшін маңызды шаруа», дейді кейіпкеріміз.

Sweet heart кондитерлік студиясы тек курстар ұйымдастырумен ғана ай­налыспайды. Жоба қатысушылары мұқтаж жандарға десерттер мен конди­тер­лік өнімдерді тегін таратып, қайы­рымдылық істерге де белсенді түрде атсалысады. Мысалы, таяуда кондитерлер «Добро» пансионатында тұратын елуге жуық қария мен мүгедек жанға чак-чак, торт, пирог, десерттер, қытыр­лақ тәтті нан, бауырсақ, кептірілген өрік пен күн­жіт қосылған тоқаштар сияқты тәтті түрлерінен белі қайысқан үстел әзірлеп, дастарқан жайды. Пансионат әкімшісі Дарья Николаеваның, ондағы қариялардың Sweet heart студиясының қызметкерлеріне, оның білікті басшысына деген ризалығын тілмен жеткізу тіпті де мүмкін емес.

Желтоқсан айында әлеуметтік жоба аяқталып, студия өзін-өзі қамтамасыз етуге көшеді. Ал Арнагүл болса, алдағы уақытта тағы бір өндірістік цех ашуды көздеп жүр. Тіпті, қазірдің өзінде ақылы пісіру курстарын өткізуге деген сұраныс та көптеп түсіп жатқан көрі­неді. Сонымен қатар кейтеринг қыз­метін көрсетуді, мерекелер өткізу үшін мей­рамханалармен және түрлі дәм­ха­налармен ынтымақтастық қарым-қатынас орнату да жоспарда бар.

Sweet heart студиясының іскер жетек­шісі Анаргүл Жантасова конди­тер­лік өнімдердің адам баласына қуаныш пен мерекелік сезім сыйлайтынын жақсы сезінеді. Сол себепті де ол өзінің сүйікті ісін ынта-шынтасымен атқарып, елдің алғысына бөленіп жүр.

 

ҚАРАҒАНДЫ