• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Әдебиет 24 Қараша, 2020

Бір өлең оқыған адам – ақын

530 рет
көрсетілді

«Күніне бір өлең оқыған адам – ақын, аптасына бір өлең оқыған адам – азамат!» Расул Ғамзатовтың осы бір кестелі сөзі нақ бүгінгі қоғамды бейнелеп тұрғандай. «Ақын» деген ардақты есімді өлеңді жазған емес, оқыған адамға берсек, әдеби оқуда озат емес екеніміз тағы анық. ХХІ ғасыр қазақ руханиятына «кітап оқымау» деген мазалы тақырыппен аяқ басты. Жас пен жасамыстың бойына бірдей сіңген бұл ғадет көбеймесе, азаяр емес. Өмірінің алғашқы баспалдағында кітап ұстамаған баладан ертеңгі аузы дуалы қария шығады дегенге сену қиын екен.

 

 Шартарапқа шолу

Өлшемге сыймайтын ғұмырда әр адам өз қалауымен өмір сүргенді құп көреді. Біреу Сталин сияқты күніне төрт жүз бет кітапты парақтаса, ендігісі Бальзакқа еріп, жарты сағатта екі жүз бетіңіздің шаңын шығарады. Кейінгісі Рубакиннің ізімен екі жүз елу мың кітапты түгесіп тастаған. Ал аталған қауымнан бірнеше есеге көп адамдар тобының есте қалған бір-ақ кітабы бар: оның өзі мектеп кезінде арқасына жүк болып, бірде ашып, бірде ашпаған көзқимас кітаптары. Бұл типтегілерге қандай том-том кітапты көрсетсеңіз де басын шайқайды. Олардікі біз үшін зая кеткен есіл өмір болса, өздеріне ел қатарлы қалыпты ғұмыр секілді көрінеді. Бәлкім, бәрі Шекспирше ойламайтын да болар: «кітап маған тақтан да қымбат».

Адамдардың рухы әлсіреп, құлқыны жеңіп жатқан қоғамда күллі адамзат жылдам һәм жеңіл дүниеге әуес болғаны рас. Түрлі техника мен жаңалыққа рухымызбен берілгеніміз соншалық бұрынғы оқушылық кейпімізден айрылып қалдық. Әдеби шығармаға шұқшиып отырған бала көрсек, бата беріп, бет сипайтын дәрежеге жеттік. Әлқисса. Ғаламдық мәселеге айналған «кітап оқымау» өзге шет мемлекеттерде қалай шешілуде? Орыс оқушысы Достоевскийді дәріптеп, Чеховқа еліктей ме? Барлап көрейікші...

Орыс әлеуметтанушыларының зерттеуінше, әрбір оныншы қыз бала классиканы оқу керек деп есептесе, әрбір алтыншы ер адам классиканы оқудың қажеті жоғын алға тартады. Аталған пікірлер оқушының физиологиялық ерекшелігіне де байланысты болар. Өйткені Толстойды түсіну үшін де қылдай нәзіктік керек. Ал мүлдем кітап оқымайтындардың саны алпыс бес пайызды құрапты. Аз көрсеткіш емес. Жалпы, орыс әдебиетінің негізін ұстап тұрған классиктер емес пе?! Оқырманды өмір туралы көп толғандыратын да солар. Мәселен, Чеховтың мына бір сөйлемі кімді болса да еріксіз ойландырады: «Өмірді түсінгің келсе, біреудің айтқаны мен жазғанына сенгенді доғар. Бақыла. Сезін».

Орыс әдебиеттанушыларының назарында жүрген тағы бір мәселе – оқушылардың көркемдік шындық пен тарихи шындықты ажырата алмауы болып отыр. Нақ осы жағдай қазақ оқырмандары арасында да белең алуда. Әрине, бұл білімнің аздығынан туындаған мәселе. Тарихи шығармаға бармас бұрын кез келген оқушы тарихтан хабардар болуы міндетті. Ондай болмаған жағдайда оқушының қай шындыққа сенерін білмей, шатасатыны хақ.

Әлемнің ең озық дамыған мем­лекеттерінің бірі саналатын Америкада әрбір оқушы партасының қасындағы шағын кітап сөресінен небір жанрдағы шығармаларды байқайсыз. Ағылшын балаларының алдыңғы елге қарағанда кітап оқу мәдениеті жоғары. Мектеп мұғалімдері балаларға үй тапсырмасын бермей, есесіне жиырма минут кітап оқуды міндеттеп, оны ата-анасының бақылауында ұстауды тапсырады екен. Ал «кітап оқитын ел» атанған Жапонияда балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін бар мүмкіндіктер қарастырылған. Оны жылдан-жылға саны артып келе жатқан кітапхана орындарынан көре аламыз.

 

Оралу

Ауылға барып жатсақ, кейде «Жу­сан иісіндегі» Аянның образын іздеп, көше аралап шығатынымыз бар. Мая үстіне топырлаған балалардың «Ерте­де бір жетім бала болыпты...» деп ерте­гі айтып отырғанын көргіміз келеді. Алай­­да қазір қарыштап дамыған қоғам­ның әсерінен болар, Аян да, оның кітап оқитын достары да өзгерді.

Еліміздегі оқушылардың кітап оқу деңгейін пайызбен көрсетіп, санмен санамалаудың қажеті шамалы. Әдеби шығармалардың қаншалықты оқылып жатқаны бәрімізге мәлім болса да даурыға беруден жалыққан емеспіз. Неге себебін айтып, салдарына үңіліп көрмеске? ХХ ғасырдың 70-80 жылдары «ең көп оқыған ел» атандық. Ол кезде бүгінгідей емес қаптаған техниканың миға шабуылы аз һәм оқушылар шын мәніндегі оқушылық келбетке сай болуға тырысатын. Десек те, кітапты ізденіп оқымайтын бала бұрын да болған. Идеологиясы мықты кезеңнің өзінде сыныптағы жиырма бес оқушының төрт-бесеуі ғана кітапқа құмартыпты. Қазір де сондай жағдай. Кітапты қызығып, іздеп, талғаммен оқитын оқырман жастар жоқ емес. Кітапханада ұзын-сонар кезекте тұрмаса да, күнделікті келушілер бар дейді.

Кітап оқымауға ең бірінші «жау» – әлеуметтік желілердегі жеңіл дүниелер екеніне көзіміз жетіп отыр. Оған отбасында қалыптаспаған әдет пен насихаттың жоқтығын қосыңыз. Ал үлкен күшке ие ғаламтордың пайдалы-зиян жағы бірдей: жақсысы сол, кітап оқуға насихат жүргізуге қолжетімді. Жаман жағы – онда «қоқыс» көп. Редакцияланбаған ақпараттардың көптігі де кітаптың оқылуына кері әсерін тигізбей ме?..

Алайда кей тәуелсіз көзқарастарға сүйенсек, «жастар кітап оқымайды деген бүгінгі күннің ең басты өтіріктерінің бірі» саналып, тіпті жаттанды ұранға айналыпты. Психологтардың айтуынша, адамдар қай заманда өмір сүрсе де өзінен кейінгі ұрпаққа көңілі толмайды екен. «Жастар кітап оқымайды» деген сөз аға буынның сол дәстүрлі көңіл толмаушылығынан туған пікір дейді. Бұл, әрине, кітап оқитын интеллек­туал ұрпақтың ойы. Классиктерді жиі оқымаса да бизнес, психология, өзін-өзі тану секілді бағыттағы кітаптар за­мандастардың арасында сұранысқа ие екенін де жоққа шығара алмай­мыз. Бір жағынан, кітапханалардың қаңы­рап бос тұрғанына қарап «оқымайды­лап» өзеурегеніміз де негізсіз секілді. Себебі бүгінгі оқырман шаң басқан кітап сөрелерінен әдебиет іздегенше, интернетте қолжетімді, сондай-ақ, кез келген жерде оқуға ыңғайлы электронды кітаптарды жөн санайды. Адамзат тарихындағы ең сауатты адамдар заманы – ХХІ ғасырда оқудың жаңа тенденциялары қалыптасқанын да мойындау керек. Дегенмен, қоғамға жоғарғы ракурстан көз салсақ, кім қалай оқыса да бұл жақсы өзгерістің кеңістігі үлкен емес. Өкінішке қарай, тұтас қоғамның бет-бейнесі аз ғана кітапсүйер қауымнан тұрмайды. Бәлки, өркениеттен алыс, шалғайдағы елді мекендерде халық мегаполистегілерге қарағанда көбірек кітап оқитын шығар. Кім біліпті?..

Кейде жапон мен қытай, орыс пен ағылшын балалары кітап оқымаса, оқымасын: ал қазақ баласына оқымауға расында да болмайтын сияқты көрінеді. Бұл, әрине, ұлттық өзімшілдікке саяды. Дегенмен, тәуелсіз ұрпақтың өткен ата-баба алдында кітап оқудан өтелмеген борышы бар. Келер ұрпаққа да қарыз болғымыз келмейді...