Облыстағы «Возрождение» немістер қоғамдық бірлестігінің әлеуметтік жұмыстар бойынша үйлестірушісі Марина Ангальд хабарлағандай, қоғамдық бірлестік мүшелері азық-түлікке толы себеттерді Павлодар, Ақсу қалалары, Тереңкөл, Шарбақты және Успен аудандарында тұратын ардагерлер мен зейнеткерлерге жеткізіп беріпті.
Марина Ангальдтің айтуынша, «Возрождение» немістер қоғамының мүшелері «Біз біргеміз!» республикалық шарасына қатысып, қайырымдылық, жанашырлық танытып, зейнеткерлерге, ардагерлерге, аз қамтамасыз етілген отбасыларына қолдау көрсетті.
Індет тараған уақыттан бері қоғамдық бірлестік мүшелері облыстағы балалар үйлеріне, мектептерге, қиын жағдайға тап болған облыс тұрғындарына жедел көмекке келді. Мысалы, В.Руф басқаратын «Рубиком» және А.Касицын басқаратын «Галицкое» серіктестіктерінің демеушілігі есебінен 20 миллион теңгеден астам қаржы қайырымдылық шарасына жұмсалған.
Железин ауданында тұратын Нина Герберт көп жыл бойы әлеуметтік волонтер. Осы ауданда тұратын неміс ұлтының өкілдеріне әлеуметтік тұрғыдан жанашыр, қазір Лидия Оттоға қарасуда. Ал Людмила Сипий болса 2015 жылдан бастап әлеуметтік волонтер қатарында қысылғанға қол-ұшын беріп жүр. Өңірдегі Успен, Железин, Ертіс, Тереңкөл, Павлодар аудандарында неміс ұлтының өкілдері тұрады. Людмила өзі тұратын ауданда облыстық «Возрождение» қоғамының негізінде Успенка ауылында тұратын жалғызілікті қарттарға, ауру жандарға көмектеседі. Бірлестік мүшелерінің әрқайсысы «Жақыныңа жанашыр бол!» атты қазақстандық әлеуметтік қайырымдылық шараларына қатысады.
Людмиланың айтуынша, ол «Үйдегі қамқорлық» жобасын таңдаған. Осы жоба арқылы топтағы 5 адам қарттарға көктемде картоп, көкөніс егуге көмектессе, жазда бақша суарады, арам шөптерін жұлады, күзде өнімдерін жинап береді.
– Міне, қазір қыс та келді. Қарт адамдарға барып үйлерінің ауласын қардан тазалаймыз, отындарын жинап береміз. Күнделікті тұрмысқа қажетті барлық шаруаларын атқарамыз. Зейнеткерлерге «Возрождение» қоғамы сыйлықтар тарту етеді, неміс ұлтының өкілдері сонау бір қуғын-сүргін жылдары қазақ жерінен пана тапты, – дейді Людмила.
«Возрождение» қоғамы төрағасының орынбасары Ольга Литневскаяның айтуынша, жергілікті Ассамблеяда ел бірлігі мақсатында атқарып жатқан өзге де жұмыстары аз емес. Бұдан басқа, қазір жалпы, «Елімізде тұрып жатқан неміс ұлтының өкілдеріне әлеуметтік-гуманитарлық қолдау көрсету» жобасы да басталды. Өңірімізде қазір 20 мыңдай неміс ұлтының өкілдері тұрады. Қайырымдылық көмек азық-түлік себеттері, дәрі-дәрмек алуға кеткен шығындарды өтеу түрінде көрсетіледі. Көмек ең бірінші кезекте төтенше жағдай және карантиндік шектеулер кезінде табысынан айырылған отбасыларына, жұмыссыздарға, барлық мүгедектерге, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және зейнеткерлерге көрсетіледі.
Павлодар облысы