• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Қараша, 2020

Түркістан облысының жедел-жәрдем қызметі 77 көлікпен толықты

351 рет
көрсетілді

Түркістан облысы медициналық жедел-жәрдем стансасына  77 санитарлық көлік берілді. Салтанатты рәсімге қатысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, отандық өндірістегі жедел-жәрдем көліктерінің жасақталуымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

"Коронавирус індетімен күрес мақсатында елімізде медицина саласына үлкен көңіл бөлініп жатыр. Барлық елді мекендерде осындай жаңару бар. Жаңа көліктер ауыл тұрғындарының медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттырып, жедел-жәрдем паркін жаңартуға мүмкіндік беріп отыр. Осы орайда, сіздердің ерен еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіргім келеді", - деді Өмірзақ Естайұлы.

Мамандандырылған реанимациялық емдік шараларын көрсетуге мүмкіндік беретін   автокөліктер портативті өкпені жасанды желдету аппараты, дефибриллятор, электрокардиограф, реанимациялық көмек көрсетуге арналған чемодан, жылжымалы зембіл, пульсоксиметр, редуктор-ингалятор және электрсорғыштармен жасақталған. Жыл соңына дейін қосымша 45 дана санитарлық автокөлікпен жабдықтау көзделген.

Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, жедел-жәрдем стансасының 124 бригадасы шақыртуға шығады. Тәулігіне орташа есеппен 2000-ға жуық қоңырау түсуде. Келесі жылы бригадалар санын 150-ге дейін арттырып, медициналық жедел-жәрдем қызметін одан әрі жетілдіру жоспарланған.