Мемлекет басшысы көтерген бастамаларды жүзеге асыру барысы бойынша кеше Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілхановтың брифингі болып өтті. Сондай-ақ, «E-Islam» ақпараттық-ағартушылық ғаламтор-порталы және дін мәселелері бойынша кеңес беру мен шағымдарды қабылдауға арналған «Қауырт желі-114» жобасы таныстырылды.
Мемлекет басшысы көтерген бастамаларды жүзеге асыру барысы бойынша кеше Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілхановтың брифингі болып өтті. Сондай-ақ, «E-Islam» ақпараттық-ағартушылық ғаламтор-порталы және дін мәселелері бойынша кеңес беру мен шағымдарды қабылдауға арналған «Қауырт желі-114» жобасы таныстырылды.
Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкімі Алтай Әбибуллаев діни экстремизм мен лаңкестіктің алдын алу мәселесі Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда және бүкіл әлемде өзекті мәселе екендігін айтып өтті. Сондықтан да салт-дәстүрімізге әбден сіңіп, ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан дәстүрлі Ислам дінінің құндылықтарын халыққа дұрыс түсіндіріп, жеткізу мақсатында «E-Islam» интернет-порталы ашылып отыр, деді ол.
Аталған интернет-портал туралы Дін істері агенттігінің Төрағасы М.Әзілханов жан-жақты әңгімелеп берді. Оның айтуынша, «E-Islam» ғаламтор-порталын Дін істері агенттігі Рухани бірлік қорымен бірігіп жасаған. Негізінен ғаламтор-порталының қызметі еліміздегі дәстүрлі Исламның рухани құндылықтарын, мемлекеттік құрылымның зайырлы қағидаларын насихаттауға, сондай-ақ, діни экстремизм мен терроризмнің таралуының алдын алуға бағытталыпты.
Тұсауы ағымдағы жылдың 13 қарашасында кесілген «Е-Islam» интернет-ресурсының 7 негізгі айдары бар екен. Атап айтқанда, «Ислам», «Қазақстандағы Ислам», «Ислам және зайырлы мемлекет», «Ислам және қоғам», «Ислам – ізгілік діні», «Дінаралық үнқатысу» және «Мультимедия» болып бөлінеді. Сонымен қатар, 12 қосымша тақырыптық айдарлар да бар көрінеді. Күнделікті жаңартылып отыратын жаңалықтарда ағартушылық ақпараттар, Ислам білімі, ғылымы, мәдениеті туралы анықтамалар беріліп отырмақ. Сондай-ақ, Қасиетті Құран кітабының толық мазмұнымен танысуға, намаз оқу, ораза тұту, зекет төлеудің ережелері мен ерекшеліктері туралы да мол мағлұмат алуға болады.
Бұдан басқа, оқырмандар пікірталас алаңында өздерін қызықтырған проблемалар бойынша ойларын ортаға сала да алады. Дінтанушы-ғалымдардың жеке блогтары орналасқан «Сарапшылар бағаны» әрбір порталға кірушінің сауалдарына жан-жақты жауаптар беретінін де айта кету керек. Порталда кітап қоры жинақталса, қазірдің өзінде мыңдаған кітаптар қотарылып алынғаны белгілі болып отыр. «Е-Islam» порталының басқа діни сайттардан ерекшелігі – «Діни радикализм қауіптері» мен «Зайырлылық пен діндарлық» атты айдарлардың ұйымдастырылуында», деді Дін істері агенттігінің төрағасы.
Тағы бір мәлім болғаны, сайттың алғашқы кезеңінде күнделікті қолданушылар саны 3 мыңға жуық болса, қазіргі кезде күн сайын олардың саны мыңнан кем түспейді екен. Аталған ғаламтор-порталының бас редакторы Жасұлан Әбдіраманов дәстүрлі Ислам дінінің негізгі қағидалары мен қазақ жұртының салт-дәстүрлері арасындағы өзара байланыстар туралы айта келіп, жас ұрпақ санасына дәстүрлі Ислам құндылықтарын сіңіру арқылы теріс пиғылды діни идеология кеселдерінен сақтау жұмыстарын атқаратын боламыз дегенді ерекше атады. Порталда қазақ және орыс тілдерінде теріс пиғылды, жат ағымдардан әрі күмәнді ғаламтор көздерінен сақтандыруға ықпалы тиетін 2 мыңнан аса материалдар қоры жинақталыпты.
«Қауырт желі-114» ақпараттық-консультациялық орталығының жұмысы туралы осы орталықтың жетекшісі Юлия Денисенко жан-жақты мәліметтер бере кетті. «Қауырт желі-114» орталығы азаматтардан және ұйымдардан дін саласына қатысты сауалдар қабылдау және оларға кеңес беру үшін, сондай-ақ, теріс діни ағымдардың қызметінен зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсету үшін құрылып отыр», деді ол өз сөзінде. Ю.Денисенконың айтуынша, «Қауырт желі» Қазақстанның барлық аумағына тәулік бойы қызмет көрсетеді және ол тек еліміздегі ғана емес, бүкіл Достастық кеңістігіндегі осындай алғашқы орталық болып табылады.
Орталық кешеге дейін қанатқақты режімде жұмыс істеп келгеніне қарамастан, оған түсіп жатқан қоңыраулар мен өтініштер мұндай жобаларға қажеттіліктің бар екенін көрсетуде екен. Және де «Қауырт желі» теріс діни ағымдардан зардап шеккендерге жәрдем көрсететін орталықтармен, еліміздің өңірлеріндегі басқа да дағдарыс және оңалту орталықтарымен байланыс орнатуда, сондықтан да түрлі мәселе бойынша еліміздің кез келген өңіріндегі мамандармен жедел байланысқа шығудың мүмкіндігі зор көрінеді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».