Экологиялық шара барысында белсенді жастар облыс тұрғындарына құрамында сынап бар тұрмыстық қалдықтарды жоюдың дұрыс жолын түсіндірді. Жергілікті телеарналар мен қоғамдық орындардағы LED-экрандар арқылы сынаптың зияны жөнінде шағын бейнебаяндар көрсетіліп, оқу орындарында осы тақырыпқа арналған конкурстар ұйымдастырылды.
Ал облыс орталығындағы ірі сауда орындарының бірінде ересектер мен балаларға арналған викторина өтті. Сонымен қатар эковолонтерлер қала тұрғындары көп жүретін орындар мен автобус аялдамаларына сынаптан төнетін қауіп туралы плакаттар жапсырып, қала тұрғындарына танымдық-ақпараттық буклеттер таратты.
Акцияны ұйымдастырушылардың айтуынша, тұрғындардың, әсіресе электр қуатын үнемдейтін шамдарды сындырып алудан сақ болғаны абзал. Өйткені қуат үнемдегіш шамның ішінде адам ағзасы үшін аса қауіпті саналатын сынап буы бар. Мәселен, абайсызда сынып қалған бір шамның өзі айналаға шоғырланған сынап мөлшерін бірнеше сағат бойы арттырып, 6 текше метр ауаны улайды екен. Иіссіз әрі зиянды бумен тыныстаған адамның ағзасына сынап сіңіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін. Сынап буының, әсіресе әйелдер мен балаларға тигізетін зияны мол. Сондықтан қауіптен сақтанудың бірден-бір жолы – құрамында сынабы бар қалдықтарды басқа тұрмыстық қалдық түрлеріне араластырмай, бөлек жинау. Волонтерлер тұрғындарға істен шыққан электр шамдарын қаладағы қоқыс орындарына арнайы қойылған қызылсары контейнерлерге жинауға кеңес берді.
Қостанай облысы