• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Ауыл 25 Қараша, 2020

Ауылға қамқор Ақпанов әулеті

340 рет
көрсетілді

Қарғалы ауданының Ащы­лысай ауылдық округіне қарасты Бозтөбе ауылының тұрғындарына Амангелді Ақпанов сегіз жылдан бері қамқорлық жасап келеді.

Шаруаға ыңғайлы жер болса да отын-судың тапшылығынан, жол қатынасының қиындығынан бірнеше жыл бұрын Бозтөбенің халқы жан-жаққа көшіп кетіп, біраз үй қаңырап қалды. Адамы кетіп ауылдың күйі тайғанда Аман­гелді Бақытжанұлы «туып-өскен Бозтөбемді тастамаймын» деген ұйғарымға келген. Ол көп­шілікпен ақылдаса келе ірі қара, қой өсіруге шешім қабылдап, «Ақ­жан» шаруа қожалығын құ­рып, күндіз-түні тыным таппай жұмыс істеді. Егін екті, шөп шап­ты, көкөніс өсіріп, оны ерте көк­темнен күз түскенше баптады. Қо­жалықтың жұмысын жалғыз адам шаруалай алмайды. Көмекке күндіз-түні, қысы-жазы бел шешпей еңбек ететін жұмыскер жандар керек. Амангелді Ақпановтың ержеткен балалары әкесіне сүйеу болды. Қысы-жазы бітпейтін тірліктен қажығанда, қолды бір сілтеп, малды сатып, қалаға кетіп қалуға мүмкіндіктері болса да, бұл әулеттің балалары қиындықты еңсере жүріп әбден шыңдалды.

Ақтөбе облысының ішкері аудандарына қарағанда, солтүстік беттегі Қарғалы мен Мәртөк аудандарында мал ұстау өте қиын. Өйткені бұл жақта мал қазанның ортасынан бастап қораға кіреді де, содан сәуірді орталай бере жайы­лымға бір-ақ шығады. Дала қара суық, жер балшық. Әсіресе алты ай қорада байланған ірі қараға қаншама жем­шөп керек? Есептей келгенде бір ірі қа­раның жемшөбіне жұмсалатын қаржы оны саудалағандағы ба­ға­сынан бірнеше есе асып тү­седі. Жемшөп шығынын азайту­ үшін Амангелдінің балалары­ көктем шыға осы шаруаға кі­ріседі. Үлкен баласы Сұлтан – әкесінің оң қолы. Ол қысы-жазы шаруашылықтың басы-қасында жүріп, егін егу мен оны жинауды жақсы ұйымдастырады. Қазіргі кезде бұл үйдің отанасы мен келіндері сүтті жақсы ұқсатады. Олар мал жайылымға шыққан кезден бастап өздері сауған сүт­тен май, құрт, ірімшік жасап, Қар­­ғалы ауда­нының орталығы Бадам­ша мен Ақтөбе қала­сының базарларында саудаға шығарып жүр.

Қожалықтың 708 гектар жері бар. Оның 600 гектары жайы­лым­дық мақсатта пайдаланыла­ды, 108 гектар жерге арпа, бидай, тары егіледі. Сегіз жылда шаруа­шылықтың шеңбері кеңейіп, лизингке жаңа техникалар сатып алған. Жаңа техниканың көмегімен суармалы шаруашылыққа көшті. Күзгі жиын-терім уақытында өз комбайны, тракторлары, шөп шабатын және тығыздайтын, буа­тын техникалары да іске қосы­лады. Шаруашылық аумағы ке­ңей­ген соң Бозтөбе ауылының екі тұр­ғынын тұрақты жұмысқа алды. Ал маусымдық жұмыстар қыз­ған кезде, әсіресе күзгі жиын-терім бас­талғанда басқа да ауыл тұр­ғын­дарына жұмыс табылады.

«Ақжан» шаруа қожалығы жыл­ сайын облыс орталығында тұ­­­рақты түрде өткізілетін ауыл ша­­ру­а­шылығы жәрмеңкелерінде 2,5 мың тоннаға жуық ет сатады. Қожалықтың өз бордақылау алаңы бар. Бұл шаруашылықтың бас­қа жаққа ірі қара етін саудалауға сеп­тігін тигізіп отыр. Фермердің ай­туын­ша, өткен жылы 16-18 ай бойы ерекше күтіммен бағылған 15 бас ірі қараның әрқай­сысынан 200 килодан астам ет алынған.

Бұл әулет қазір ауылдастары­на үлгі. Ащылысай ауылдық ок­­ру­гінің әкімі Асылбек Биман­баев­тың айтуынша, төңіректегі ауыл­дарда тұратын мұқтаж отба­сы­лардың үй­леріне қыстық соғым ет, көмір, та­мызық отын түсіріп беріп кө­мек­тесіп отырады екен.

 

Ақтөбе облысы,

Қарғалы ауданы