Ұлттық банктің шешімімен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен несиелеу бағдарламасына өзгерістер енгізілді.
Атап айтқанда, төтенше жағдай кезінде зардап шеккен ірі кәсіпкерлік субъектілерін және агроөнеркәсіп кешеніндегі кәсіпкерлерді несиелеуге қосымша 200 млрд теңге бөлінді. Бағдарламаны қолдану мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін, ал қаржыны игеру мерзімі 2021 жылдың 31 наурызына дейін ұзартылды.
Ұлттық банк қабылдаған өзгерістерді іске асыру және бағдарламамен қамтуды кеңейту мақсатында Ұлттық экономика министрлігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, төтенше жағдай уақытында барынша зардап шеккен салаларды анықтау бойынша жұмыс жүргізген. Соның нәтижесінде өндеу өнеркәсібінде және қызмет көрсету саласында зардап шеккен қызмет түрлерінің тізбесі айқындалды. Оны Ұлттық экономика министрлігі 2020 жылғы 18 қарашада Ұлттық банкке бекітуге ұсынды. Ол банк төрағасы мен министрдің бірлескен бұйрығымен бекітілді.
Осылайша, төтенше жағдай енгізілгеннен кейін шығынға ұшыраған және экономиканың зардап шеккен салаларында қызметін жүзеге асыратын ірі кәсіпорындар жеңілдетілген несиелерді алу үшін екінші деңгейлі банктерге өтініш беруі керек. Бұл ретте ірі кәсіпкерлік субъектілеріне лимит белгіленген. Яғни қарыз алушыға 6 млрд теңгеден артық берілмейді. Шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған лимит – 3 млрд теңге. Жеке кәсіпкерлік өкілдері алатын сома 50 млн теңгеден артық болмауы керек.
Агроөнеркәсіпті жеңілдікпен несиелеуге бөлінген қосымша 200 млрд теңгенің 100 млрд теңгесіне лимит бөлінді. Оның ішінде 70 млрд теңге екінші деңгейлі банктер арқылы, ал 30 млрд теңге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы үлестірілуі керек.
Бағдарлама қатысушыларының көбеюіне байланысты оның атауы «Кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы» деп өзгергенін де атап өткен жөн. Бағдарлама Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы наурызда қабылданған болатын. Ол төтенше жағдай кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған.
Осы жылдың 18 қарашасындағы деректер бойынша екінші деңгейлі банктер 567,4 млрд теңгеге 2 311 өтініш қабылдаған. 1 370 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісіне 455,3 млрд теңге қарыз берілді. Оның ішінде 101,6 млрд теңге бұрын берілген қарыздарды өтеуден түскен ақша есебінен үлестірілді.
Бөлінген қаражаттың негізгі үлесі сауда саласындағы шағын және орта бизнес субъектілеріне (319 млрд теңге немесе жалпы соманың 70 пайызы), құрылысқа (44,9 млрд теңге немесе 9,9 пайыз), өңдеуші өнеркәсіпке (39,8 млрд теңге немесе 8,7 пайыз) тиесілі.