• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Қараша, 2020

«Теңізшевройлдан» – 825 көшет

207 рет
көрсетілді

Атыраудағы өткір мәселенің қатарында көгалдандыру да бар. Өңірде орман алқабы тым аз. Темір жол мен автокөлік жолдарының бойында өсіп тұрған тал жоқ. Енді бұл мәселе оң шешілетінге ұқсайды. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуына қарағанда, келесі жылдан бастап орман қоры мен елді мекендердің аумағын қоса алғанда 6 мың гектарды көгалдандыру көзделді. Бұл үшін көшет егуді жүргізуге ірі мұнай-газ компанияларын тарту жоспарланып отыр.

Үш жылдан он жылға де­йінгі кезеңге жоспарланған кө­галдандыру барлық ауданда жүргізіледі. Бұл жыл сайы­н 100 мыңға дейін көшет егуге мүмкіндік береді. Бұған қоса Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бір­лесіп, өңірдің экологиялық өзекті проблемаларын шешу жөніндегі Жол картасы әзірленді. Жол картасы қоршаған ортаны жақсарту бағытындағы 40 тармақты қам­тиды.

– Жайық өзенін сақтау мен тиімді пайдалану мәселесі өткір тұр. Өзен ағынының шамамен 80 пайызы көршілес Ресейде қалыптасады. Сондықтан өзеннің төменгі сағасында орналасқан өңір жоғары жақтағы ірі су қоймалары мен гидротехникалық құрылғыларға тәуелді болып отыр. Соңғы екі жылда ағын кө­лемі үш есеге жуық қысқарды. Осы себептен Жайық пен Қиғаш өзендерінің 200 шақырымында бірнеше жыл бойы тереңдету жұмыстары жүргізілуде, – дейді М.Досмұхамбетов.

Әкімнің пікірінше, өңірдегі ірі мұнай-газ кәсіпорындарын «Ластаушы қалпына келтіреді» ұстанымына сәйкес қоршаған ортаға келтірген залалдың орнын толтыру үшін көгалдандыру жұмыстарына тарту көзделуде. Өйткені бірінші санаттағы кәсіп­орындардың атмосфераға шы­ғарған 165 мың тонна шы­ғарындылар көлемінің 86 пайызы алты ірі кәсіпорынға тиесілі болып отыр. Облыс әкімдігі негізгі ластаушы саналатын ірі кәсіпорындармен келіссөз жүр­гізіп, оларға тал егу үшін арнайы жер учаскелерін бекітіліп берілді. Осыған байланысты қазір Атырау қаласының аумағынан орман қоры мен елді мекендер жерін қоса алып, учаскелердің тізбесі жасақталды.

Атмосфераны ластаушылар қатарындағы «Теңізшевройл» ЖШС «Атырау-Доссор» бағы­тындағы жолдың бойына 825 тал көшетін егуді қаржыландырады. Осыған орай өткен аптада кө­шет егілетін аумақта жер қазу жұмысы басталды. Аталған аумақтың топырағы сортаң. Себебі жер астындағы тұзды су тым тереңде емес. Оның үс­тіне қар мен жаңбыр суы да жерге тез сіңбейді. Ал бұл тал көшетін егуге арналған аумақтың құнарлылығын арттыру қажеттігін туындатады. Сондықтан шетелдіктермен бірлескен кәсіпорын бөлін­ген аумаққа табиғи тыңайт­қыш­тармен байытылған құнарлы топырақ төгуді көздеп отыр.

«Ынтымақ Атырау» ҮЕҰ-ның директоры Майя Шаменованың айтуынша, егілетін көшеттердің тамыры кесек топырақ ішінде, жабық күйінде келеді. Бұл кө­шеттердің тез жерсінуіне ық­пал етеді. «Атырау-Доссор» жо­лының бойына кәдімгі шаған, шашыранды бұтақты шаған, үйеңкі, ағаш тектес тал көшеттері егіледі. Көшеттердің барлығы Атырау қаласынан 15 шақырымда орналасқан Қайыршақты ауыл­дық округіндегі орман тәлім­бағында 4-5 жыл бойы өсірілді. Әр көшеттің биіктігі – 1,2-1,8 метр. Көшеттер өңірдің құрғақ, шөлді климатына бейімделген. Себебі бұл көшеттер – қалада өсіп тұрған ағаштардың тұқымы.

 – Атырауда туып-өстім. Сондықтан туған өлкемді жасыл желекпен көмкеру – ең маңызды жоба. Көшет егілетін аумақты дайындауға тек жергілікті жұ­мысшылар тартылды. Ал кө­шет­тер атыраулық шаруа қожа­лықтарынан сатып алынды. Біз өл­кеміздің жасыл желекке көм­керілгенін қалаймыз, – дейді М.Шаменова.

 

Атырау облысы