Биыл Бұланды ауданында ақ түйенің қарны жарылған сүйінішті оқиғалар көп. Соның бірі ретінде аудандағы 42 көп балалы отбасының баспаналы болғанын айтсақ болады.
Жалпақ жұртқа жақсы үлгі болуға әбден жарайтын көп балалы отбасыларды шадыман шаттыққа бөлеген қамқорлықты жергілікті серіктестік жасап отыр. Олар ұзақ уақыттан бері жайлы да жарық баспанаға қолы жетпей келе жатқан осынау отбасыларға жаңа пәтерлердің кілтін табыс етіп, жүрек жылуымен жылытып, мерейлерін тасытып жіберді. Айталық, таяуда баспаналы болған Бинимандар мен Чумаковтардың көп балалы отбасылары дәл осындай ақжарылқап сәтті ұзақ уақыттан бері тосқан еді. Бұрынғы тұрған үйлері апатты жағдайда болатын. Басқа барар жерлері болмаған соң, амалсыздан әлденеше жыл әбден көнерген, ескі үйлерді паналап келген. Таяуда серіктестік өз қаражаты есебінен екі үй сатып әперді. Тұруға әбден жарайтын үйлерді тап-тұйнақтай етіп жөндеп, тіршілікке қажетті инфрақұрылымдар тартып берді.
– Мінеки, қолыма жаңа баспананың кілті тиді. Дәл осындай үйге ие боламын деп армандаған емеспін. Еңсесі биік, үлкен, жылы үй. Жанашыр адамдардың осындай есіңнен кетпес қамқорлық жасағаны қандай жақсы. Біздің ортақ Отанымыз – Қазақстанда әркім де осындай жақсылықтың шарапатын көріп жатса, ғанибет емес пе?! – дейді Капитоновка ауылының тұрғыны Константин Биниман.
Екінші үйге ие болған Сергей Чумаков та – осы топырақтың тумасы әрі көп балалы әке. Сергей баспанамен қамтамасыз еткен «Журавлевка-1» серіктестігінің басшылығы мен ұжымына алғысын айтып тауыса алар емес.
Жергілікті атқарушы билік шағын ауылдағы алдарынан жұмыс үркіп отыратын еңбекқор тұрғындарды әрдайым бағалап, олардың мұң-мұқтажына жіті назар аударып, көмек-қолдауын көрсетіп отырады. Жоғарыда айтылған екі отбасының отағасы да аталған серіктестікте ұзақ жылдан бері қажырлы еңбек етіп келеді. Сондықтан бүгінгідей қуанышқа бөленуге әбден хақылы. Өз кезегінде олар да қамқорлықтың мәнін етене түсініп, алдағы уақытта жасалған жақсылықтың қарымтасын қайтарамыз деп білектерін сыбанып отыр.
– Округте көп балалы он отбасы бар. Олардың екеуі баспаналы болды. Алдағы уақытта қалған көп балалы отбасыларға да осындай көмек көрсетілуі әбден мүмкін. Ауылдық жер болғанымен, үйлер де арзан емес. Әрқайсысы шамамен 6 млн теңге тұрады, – дейді ауылдық округтің әкімі Бақыт Рақымжанова.
Ауданда өткен жылы көп балалы 15 отбасы қоныс тойын тойлады. Бүгінде бұл көрсеткіш 42-ге жетіп отыр. Жарық дүниеде үбірлі-шүбірлі ұрпақ өрбітіп, болашақтың тілеуін тілеп отырған көп балалы отбасыларды жан жылуымен жылытқаннан артық қуаныш болар ма екен?!
Ақмола облысы,
Бұланды ауданы