Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев елімізіздің 6 қаласында қоқыстан электр өндірілетінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz
"Қоршаған ортаның жай-күйін жақсарту мақсатында Елбасы мен Қазақстан Президентінің тапсырмасымен ЭЫДҰ-ға мүше елдердің тәсілдері негізінде Экологиялық кодекстің жаңа жобасын әзірледік. Жоба белсенді талқылау кезеңінен өтті. Оған 2 мыңға жуық түзету келіп түсті, 40-50%-ға өзгертілді және онда 7 негізгі бағыт көзделген", деді министр.
Ең алдымен, атмосфералық ауаның, судың, топырақтың ластануы мәселесін шешу үшін өнеркәсіптерге ең озық қолжетімді технологияларды (ОҚТ) енгізу көзделген.
"Еуропада озық қолжетімді технологиялар арқасында шығындылар 94%-ға төмендеді. Бұл жұмыс 15 жылға созылған. ОҚТ енгізген кәсіпорындар эмиссия төлемінен босатылады. Егер кәсіпорындар ОҚТ пайдаланбаса, эмиссия үшін төлем ставкалары анағұрлым артады. Яғни мемлекет шығындарды табиғат пайдаланушылармен бөліседі", дейді М.Мырзағалиев.
Қалдықтардың жиналуын азайту үшін WASTE TO ENERGY технологиясымен қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату енгізіледі. Қоқыс өртеліп, электр қуаты өндіріледі және ол жалпы электр желісіне сатылады.
"Жақында ғана Мемлекет басшысы тиісті заң жобасына қол қойды. Қазіргі уақытта біз 6 қанатқақты қаланы анықтадық. Олар Ақтөбе, Алматы, Атырау, Нұр-Cұлтан, Тараз және Шымкент қалалары. Әкімдіктермен жер учаскелерінің, инфрақұрылымның болуы және кепілдендірілген қалдық жүктемесі мәселелері пысықталып жатыр. Қанатқақты жобалар табысты іске асқан жағдайда бұл тәжірибе басқа қалаларға да таратылады. Осы технологияның арқасында 2025 жылға қарай қайта өңдеу деңгейін 30%-ға, яғни орта еуропалық деңгейге жетуді болжап отырмыз", деп түсіндірді министр.