Алматыдағы «Достық» спорт кешенінде грек-рим күресінен өткен Қазақстан чемпионатында 67 кило салмақ дәрежесінде Алмат Кебісбаевтың асығы алшысынан түсті, деп хабарлайды Egemen.kz.
67 кило салмақтағы Алмат Кебісбаевтің жанкештілігіне сүйсінбеу мүмкін емес. Жасы 33-ке таяп қалған Алматттың халықаралық аренада Қазақ елі намысын қорғап жүргеніне 12 жылдан аса уақыт болды. Сол аралықта Семей өңірінің өрені әлем чемпионатында төрт рет және Азия ойындарында екі рет жүлде алды. Арасында күмісі мен қоласы да бар. Кебісбаев екі мәрте Азия чемпионы атанып, тағы екі рет күміспен күптелді. Лондон мен Рио Олимпиадаларында бақ сынады. Соңғы жарысында ол бесінші орынға табан тіреді.
Биылғы ел біріншілігінде Кебісбаевқа Мейіржан Шермаханбет лайықты қарсылық көрсетеді деп ойладық. Бірақ жас дарын бастапқы бәсекелердің бірінде Солтүстік Қазақстан облысының балуаны Данияр Қаленовке 3:5 есебімен ұтылды.
Нәтижесінде Алмат барлық қарсыласын қапы қалдырып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Ақтық айқаста ол талдықорғандық Нұрбек Қызыровты 7:5 есебімен ұтты. Ақтөбелік Тәңірберген Наурызбаев пен шымкенттік Әділхан Сәтаев жүлдегерлер қатарына қосылды.