Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын елорданың «Барыс» клубы тұрақты біріншіліктің кезекті тур ойынын Санкт-Петербургте өткізген еді.
Бұл кездесуде елордалық команда СКА-дан 4:3 есебімен жеңіліп қалса да, жігерлі ойын көрсетті. Бірінші кезеңде Иван Морозов пен Евгений Кетовтың соққан шайбаларының арқасында СКА 2:0 есебімен алға шықты. Алайда жерлестеріміз айдын иелерінің голына жылдам жауап беріп, кезең аяқталғанша есепті теңестіріп үлгерді. «Барыс» сапынан Виктор Сведберг пен Якоб Лилья мергендігімен көзге түсті.
Екінші кезеңде Кирилл Марченко гол соғып, СКА клубын есепте алға шығарған-ды. Бірақ жергілікті жанкүйерлердің қуанышы ұзаққа созылмады. «Барыс» бұл голдың да қарымтасын жылдам қайтарды. Шайба авторы – Линус Виделль. Өкінішке қарай, тең дәрежеде өтіп жатқан кездесудің соңына таман СКА ойыншысы Владимир Ткачёв «Барыс» қақпашысын қапы қалдырып, командасының жеңіс голын соқты. Осылайша «Барыс» қатарынан бесінші ойында жеңіліске ұшырады.