Қалай десеңіз де өнерге мұнша ғашық адамды жолықтыра алмасыңыз анық. Мүмкін жолықтырарсыз да, бірақ тағдыр суреті сәйкес келе қоя ма екен? Жетпісті жетелеп, жетер биігін бағамдаған жан «Мен әлі театрдың шәкіртімін» дегенде «ұлылық қарапайымдылықта екен ғой» деп қайыра айтқыңыз келеді. Мұзбалақ Мұқағалидың мұңына құлақ түріп, қайыңмен қатар сырласқан өнер иесінің ғұмырнамасы қызық та қым-қуыт. Сіздің де көңіліңізді тербей жөнелетіні күмәнсіз. Сенбесеңіз, Қазақстанның Халық әртісі Алмахан Кенжебекованың жансарайына үңіліп көріңізші... Өкінбейсіз...
– Алмахан апа, небір өзен-көл, дариялар бастауын бұлақтардан алатыны секілді, сіздің де арманыңызға қанат бітірген топырақтың бары анық. Әңгімеміздің әлқисасын балдәурен шақтан бастасақ...
– Ех, шіркін, бақыт іздеп міне, 70-ті де алқымдадық. Ал нағыз бақытты шағымыз шын өнерді іздеп жүрген кезіміз екен ғой. Бала көңіл, сол сұлу сәттің тұнығына бойлай алсын ба? Мен өзі Райымбек ауданы, Қайнар ауылының тумасымын. Әкеден де, шешеден де жалғызбын. Әкем дүниеден озбағанда анам әлі де өмірге сәби әкелер ме еді. Ажал айтып келе ме, соқырішегі жарылып қайтыс болды. Әйтпесе адам түйнектен өле ме? Мал бағып жүргенде таудың басындағы әйелдер суық ұстап қалды ма деп, күл баса берген ғой, содан сырқаты асқынып кетіпті. Екеуі де жылқышы болған кісілер. Анам небәрі 30 жасында күйеуінен айрылса да мені жетімкөңіл етпейін деп қайта тұрмыс құрмады.
Қыздың артынан қамшыұстар келе ме деген ниетпен ұлша киіндіріп, ұлша тәрбиелеген. Содан да болар күні бүгінге дейін, тік сөйлеп, бетке айтатыным. Не керек, шамның пілтесін көтеріп қойып, түнімен кітап оқып өстік. Радиодан гүрілдеп шығатын әртүрлі әуендер жаныма майдай жағатын. Сол сезім домбыра, сырнай, скрипка үйренуіме жол ашты. Ол уақытта скрипка деген не теңім десеңші, бой бермей сатып алдым ғой. Мен ән салмай, ауылдағы жиын аяқталмайтын.
– Ер мінезді екеніңізді айтып қалдыңыз. Бұл қылық болмысыңыздан да байқалады. Куәліктегі «Нүрпейісова» деген тегіңізді тырнақпен өшіріп, «а» әрібінің артық екенін айтып, көпшілікті күлкіге көміпсіз. Сол артықшылық сізге өнерде де оқшау, өзгеден дара тұруға сеп болған секілді...
– Иә, балам небір қызық бастан өтті ғой. 6-сынып оқып жүрген кезімде қаладан ауылымызға жаңадан жас мұғалім келіп, бірінші күннен-ақ Нүрпейісов «шашыңды ал» деді. Ойымда түк жоқ, үйге барып анама айттым. Ол кісі сөзіме мән де берген жоқ. Ертесінде әлгі мұғалім сабақта ұрыспасы бар ма, сонда сыныптастарым «ағай, ол негізі қыз» деп жамырай жөнелді. Сөйтсем, менен басқасының бәрі біліп жүрген екен. Екі бетім өрттей лаулап, кірерге тесік таппадым. Есейіп қалған кезім, өзім піскен көмештей топ-томпақ болатынмын. Содан ағайын-туыс жиылып, юбка тігіп берді. «Кимеймін» деп қиғылық салып көріп едім, өзіңе жарасып тұр деп асты-үстіме түсіп қызша сылап-сипап қойды.
Енді юбкамен далада ойнай қояйын десем шалбарға үйреніп қалған аяқ, өз етегіме өзім сүрініп әбден қиналдым. Ақыры қолымды бір сілтедім де, ұятты жиып қойып, юбканың ішінен шалбар киіп алдым. Сөйтіп әдеттегі шаруаммен айналыса бердім. Мектепке киіп бармайын десем, ағай ұрсатын болған соң амалсыз оған да көндім. Оң мен терісін білмей талай әбігерге түстік қой. Мектептегі құрбыларым қайта-қайта айтып жүріп, оны да үйретті.
– Сол мектеп қабырғасында оқып жүргенде, қазақтың тұңғыш кәсіби операторы Ескендір Тынышбаевтың батасын алған екенсіз. Бұл сіздің өміріңіздегі жарқын сәттердің бір болар? Олай дейтініміз, үлкен өнерге жол ашқан сол кісі емес пе?
– Құдай көп көрмесін, өмірде жолы болған адамның бірі менмін. Күндіз Қайнар бұлағынан су алып келе жатқан бетім, есік алдында колхоз бастығы жүр. Алыстан барлап қарасам, анамнан менің қайда кеткенімді сұрап жатыр. Алматыдан арнайы қонақтар келіпті. Солардың алдында өнер көрсетуім қажет екен. Бірден қолыма домбырамды ала салдым да, соңынан ере жөнелдім.
Барсам, төрде ұзын бойлы, ақсары әдемі кісі отыр. Бір ойым орыс па деп қоямын, ол уақытта баламыз, орыстың атын естімесек, көрген адамымыз емес. Ештеңеге қарағаным жоқ, «Жетісу» әнін шырқадым. «Болды, осы қыз жарап тұр, ертең бізбен бірге тауға барады» деді қонақтар разы болып. Сөйтсем, кинооператорлар екен. Мұндағы қойшылардың тыныс-тіршілігін түсіруге келіпті. Жетісу табиғаты аясында отырып ән айтатын оқушы қыз іздеген. Міне, содан көпке мәлім, қаршадай қыздың тастың үстінде ән айтқан шағын эпизоды мұрағатқа енді де кетті.
Түсірілім аяқталған соң, барлығымыз артынып-тартынып колхоз бастығы Рауан Әріповтің үйіне шай ішуге бардық. Дастарқан басында бағанағы төрде отырған ақ шашты кісі: «Талабыңа нұр жаусын, ботам! Алматыда эстрада және цирк өнері студиясы ашылып жатыр. Сонда Жүсіпбек Елебеков деген ағаң бар. Барсаң, сені ойланбай оқуға алады. Роза Жаманова апаң жаман әкесін жақсы етті. Кім біледі, кейін сен де халық әртісі болатын шығарсың» деді. Бұл – өнеріме берілген ең алғашқы баға болатын. Оны айтқан қазақтың тұңғыш темір жол инженері Мұхамеджан Тынышбаевтың жалғыз ұлы, өнер қайраткері Ескендір Тынышбаев еді.
– Қазақ әнінің ардағы Жүсіпбек Елебеков қалай қарсы алды? Ауылды мойындатқан балауса қыз Алматыны мойындата алды ма?
– Жүсіпбек аға мені өте қатты жақсы көрді. Құдай оңдап, барған бетте бірден оқуға түсіп кеттім. Халық әні «Шәпибай-ау» туралы шығарма жазып, мөлдіретіп орындағанымнан кейін ұстаздың ықыласы тіпті ерекше болды. Студенттік өмірдің әрбір сәті әлі күнге көз алдымда. Бәріміз ағайдың келе жатқанын терезеден бақылап отырамыз. Қалаға жаңа келген «балмұздақтарға» ұлы тұлғаны сырттай бақылағанның өзі сүйініш еді.
Тұманды күн. Жаңбыр сіркіреп жауып тұр. Бір күні ағайдың көңіл күйі жоқ, сыныпқа кіріп келді. Қоңыр плащын іргедегі киімілгішке ілді де, маған қарап «Алмажан, ән айтшы» деді. Қатты күрсініп, терезеге қайта-қайта қарайды. Сөйтсек, Мәскеуде машина қағып, Шәкен Айманов қайтыс болыпты. Тағы бірде Жаппас Қаламбаев өмірден озды деп көзіне жас алып отырды. Ағайдың жетпіске таяп қалған кезі, жанарындағы мұңды көріп біздің де көңіл жабырқады. Қазақ өнерінің кенішіне айналған тұлғалардың келмеске кеткеніне жүрек қалай езілмесін. Тарихтың бәрі ішінде. Кеңес өкіметі ауыз аштырмайтын кер кезең. Ағай өзінің репрессияға ұшыраған «Қанатталды» әнін үйретті. Осындай керемет күнде «неге қанат талады» деп кеңес идеологиясы тыйым салған туынды. Менің орындауымды естіген Ғарифолла Құрманғалиев: «Жүсеке, сенің «Қанатталдыңның» бағы жанды» деп лебізін білдіріпті. Оны кейін естідім. Екі алып тұлға үзіліс кезінде фойеде халықтың жай-күйін уайымдап, шер тарқатысып отыратын.
Ашаршылық нәубеті келген тұста әр көшеге бір-бір арба қойып, өлген адамдарды тереді екен. Тау болып үйілген өліктің санында есеп жоқ. Сол уақытта Алматыда тасбақа қаптап кетіпті. Адамдардың біразы соны жеп аман қалған көрінеді. Қолдан жасалған кесапат демесіне болар ма, көрпенің ішіндегі жүнді де жинатқан ғой, пәтшағарлар! Көп үнсіз жүретін, қазір ойласам дерт ішін жеп жатқан екен. Сәкен Сейфуллиннің серілігіне жиі тоқталатын. Алаш арыстары хақында там-тұмдап айтатын, біз баламыз өзгеге айтып қойып, басымыз пәлеге қала ма деп алаңдаса керек. Зұлмат заман зиялыларымызды осылай тұқыртты. Ағайдың әңгімелерінің астарын кейін бағамдадық.
– Ұстазыңыз өзінің жолын жалғар деп сенген екен. Алайда әншіліктен әртіс болуға бет бұрыпсыз. Бұл шешімді Жүсіпбек Елебеков қалай қабылдады?
– Ұстаздарым қанша қолпаштаса да, өзімді жақсы әнші емеспін деп ойладым. Дәстүрлі әнші болуға қабілетім жетіп тұрса да «әртіс боламын» деген бала арманым басқа арнаға бұрды. Оны естігенде ұстазым Жүсіпбек Елебековтің көңілі түсіп кетті. Қабағы салыңқы: «Қайда барасың? Онда сені кім қабылдайды екен?» деді бұртиып. КСРО халық әртісі Шолпан Жандарбекова деп едім, лезде жүзіне күлкі үйірілді. «Ол менің Құдай қосқан көршім, бір ауыз сөз айтайын» деді жадырап. Ол кезде ауылдан келген салбыраған қыз емеспін, жинақы, жігіт сүйсінер сұлу бойжеткеннің біріне айналған арумын.
Сол уақытта әртіске қояр талап өте үлкен болатын. Әрең дегенде орыс тілінен 3 алып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына түстім. Сенсеңіз, сол үштің нәтижесінде Халық әртісі атандым емес пе? Кейіннен Шолпан апамның қандай мықты актриса екеніне көзіміз жетті. Бізге оқу бітіргенше бірде-бірің үйленбейтін болыңдар деп міндеттеді. Қайдағы, оқуға түскен 17 баланың бірінен соң бірі отбасын құрды. Кендебай екеуміз де қатарымыздан қалмай бас құрадық. Шолпан апамыз бізге ұрысып жүріп, қала сыртындағы 3 бөлмелі үйін берді.
Біз тәлім алған мектеп – мектептердің ұлысы еді ғой. Әнуар Молдабеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Таңат Жайлыбеков, Камал Қармысов, Асанәлі Әшімов, Бикен Римова, Фарида Шәріпова секілді тау таланттардан үлгі алдық. Әрқайсысы сахнаға шыққан сайын зал лық толып отырады. Образ орнында, оқиға шиеленісіп жатады. Көрген жан рухани байып қайтады. Жазушылармен кездесуден қалмайтынбыз. Бір кездесуде Кендекең екеуіміз Абай мен Әйгерімнің монологын орындадық. Залға Мұқағали Мақатаев кіріп келді. Көрермендер тік тұрды. Мұқаң шашын қайырып жіберіп, бірден сахнаға беттеді. Өзімен қатар қаламгерлердің «әй» дегеніне қараған жоқ, бұза-жарып екі өлең оқыды. Халық қоймай тағы бірнеше өлеңін оқытты. Несін айтасың, 70-жылдар әдебиет пен мәдениеттің нағыз алтын дәуірі еді.
– Қара өлеңнің қағбасына айналған Мұқағали Мақатаевпен жерлес екеніңізді ел біледі. Сіздер түлеп шыққан топырақ таланттардың анасы іспетті. Бір әңгімеңізде ақын өмірден озғанда қиналғаныңызды айтыпсыз. Бұл «Жас қайың» әнінің өмірге келуімен тұстасып жатқан оқиға. Қаламгермен қаншалықты жақын болдыңыз?
– Сол уақытта Нарынқолдан қалаға үш-ақ автобус жүреді. Соның біреуіне үлгеріп, ілініп келе жатқан бетім. Көлігіміз Сарыжаздан тоқтағанда, артынып-тартынып көппен бірге Мұқағали Мақатаев та отырды. Достары жабылып жүріп, есіктен кіргізіп жібергенін көріп тұрмын. Аң-таңмын. Сол сәтте қасымдағы кісі түсіп, оның орнына Мұқаң жайғасты. Ішімнен осыны тілеп отырғанмын. Мұқаңмен қалаға бірге келдім деген мақтаныш әлдилеп барады. Маған қарай жайлап бұрылды да «Қайда оқисың?» деді. Сасып қалдым, бір жұтынып барып, болашақ өнер адамы екенімді айтым. «Еее, екеуіміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы екен» деді де, иығыма құлай кетті. Содан Мұқағали қалаға дейін иығымда ұйықтап барды.
Ақын бақиға аттанғаннан кейін көп уақыт түсіме кірді. Орындықта отырған қалпы көзінде жас ұйып тұр, маған әлденелерді баяндайды. Жүрек арызын жеткізгісі келетіндей...
Жаймашуақ көктем мезгілі. Алакөл ауданына гастрольдік сапармен келгенбіз. Өнер көрсетіп болған соң, ауыл халқы далаға дастарқан жайды. Қазан көтерілді, ел у да шу. Үстел басында жиылған жұртқа жөпелдемеде өмірге жаңа ән келгенін айтып, тұсауын осында кеспек ниетте екенімді жеткіздім. Ол кезде жаспыз, жалындап тұрмыз. Ойымызда түк те жоқ. Қолыма домбырамды алып «Жас қайың» әнін бастағаным сол-ақ еді, кенет төбемізге қара бұлт үйіріліп, апыр-топыр жаңбыр жауа жөнелді. Халық орнынан тұрар емес, әуенге елітіп барады. Ғажабы сол, ән қалай аяқталды жауын да сап тыйылды. Шамасы, Мұқаңның ішіндегі шер төгіліп кетті ме деймін. Бұл ақиық ақынның ешкімге жеткізе алмаған мұңын табиғатқа айтып кеткен туындысы. Ішіндегі запыраны тасқа айналған зар. Әнді алғаш рет Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сағат Жылкелдиев әлдебір байқауда орындады. Содан ел-жұртқа кеңінен таралып кетті. Мен Мұқаңның 15 өлеңіне ән жаздым, көбі әлі жарыққа шыққан жоқ.
– Мұқағали дегеннен шығады, сіздің де өлең шығаратын қабілетіңіз бар екенін білеміз. Ақындық Алладан түсетін қасиет. Жырдан жырақ жүргеніңізге не себеп?
О, Тіршілік, өзіңнен өтінішім,
Арқалатпа арманның өкінішін.
Жалындаған шағымда жапа шегіп,
Жаралғам жоқ арманда кету үшін.
Осы өлеңім Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетіне жарияланды. Сол уақытта аудандық газетте белгілі ақын Еркін Ібітанов жұмыс істейтін. Ақын ағамыз менің балдырған жырларым балаға тән емес деп, сыни көзқараспен қарады. Ағаның сынағанына шамырқанып қалсам керек, өлеңге жоламадым. Табиғаттың еркіндігі жүрегіме ұялағанда, анда-мұнда тығылып жазатыным бар. Ақыры, бір блокнот өлеңімді біреуге сыйлап жібердім.
– Алмахан апа, әңгімеміздің ауанын басқа арнаға бұрсақ. Бізге де, өзгеге де қызық болар, бір отбасында есімі дардай екі өнер адамының ұйысуы. Өмірлік жолдасыңыз – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Кендебай Темірбайұлы. Өнер жолы – ең ауыр жол. Сіз алдымен анасыз. Сахнада шебер екеніңіз мәшһүр, ас бөлмесінде ше?
– Екеуміз егіз туған бала сияқтымыз. Қыркүйектің бірі. Студенттік өмірдің алғашқы күні. Бірінші сабаққа сап-сары ұзынтұра жігіт кешігіп келді. Бірге емтихан тапсырсақ та Кендебайды көрген емеспін. Ұстаздың нұсқауымен, менің қасыма келіп жайғасты. Алқам-салқам портфелінен кітап-дәптерін алып жатқанда оқу құралдарымен ілесіп сақина жерге домалап түсті. Байқаймын қатты қысылған сияқты, екі беті нарттай. Маған ұяла қарап: «Мына сақинаны сіз алыңызшы» дейді. Содан арамызда махаббат оты тұтанды. Сабақтан кейін, екеуміз еден жуамыз. Тұратын жеріміз бен консерваторияның арасы өте алыс. Автобуспен кемінде 1 сағат жүресің. Қарнымыз ашып жүрсе де өнерге іңкәр болдық. Қазір бәрі ертегі секілді. Бала күнімнен менің өмірлік жолдасым өнер адамы болуы керек деп ойлайтынмын. Несін жасырайын, ас үйдің шаруасына аса бейім емеспін. Десе де Кендекең жасаған тамағыма сын айтқан жан емес. Көп уақытымызды қойылымға арнаймыз. Бір-біріміздің кемшін тұстарымызды айтып, кеңесіп отырамыз. Оқушылар сарайында бірлесіп балаларды театрға баулып жүрміз. Міне, бүгінде өнердің ақсақалдары атанып, Б.Римова атындағы Алматы облыстық қазақ драма театрына тіреу болып жүрміз.
– Сол театрдың іргетасын қалаған адамдардың бірі сіздер емессіздер ме? Қазығы қағылған сәттен осындасыздар. Таланттардың ұстаханасына айналған қасиетті шаңырақтың қазіргі жай-күйі қалай?
– «Талдықорған таланттар мектебі ғой, Шартарапқа дайындап беріп жатқан» деген сөзіміз бар. Біздің ашқан театрдың алғашқы буыны өте мықты болды. Талғат Теменов, Әлімбек Оразбеков, Тілеген Ахметов, Дүйсен Мұсабеков, Ораз Сәрсенбеков, Жібек Лебаева, Жанат Чайкина, Өмірсерік Қалиұлы, Мұса Әжібеков секілді майталмандардың бір шоғыры Жетісуда нағыз өнердің туын тікті. 1976 жылы Тәңірберген Қалиханов атамыздың «Алтын бесік» пьесасын тұңғыш рет сахналадық. Басты рөлді Тілек Әбжәлеев сомдады. Ол кезде мұндай тарихи қойылымдарды қоюға болмайды, қағып түсіреді. Түнгі сағат 12-ге дейін дайындалатынбыз. Бүгінгідей емес, бір спектаклді 3 ай електен өткіземіз. Театрда ине шаншар орын болмайтын. Өнердің шын жанашырына айналған жарық беруші Қасым Тұрсанов, сахна суреткері Сұңғат ағаларымыздың еңбегі зор болды. Қазаққа аты мәлім үлкен режиссерлер жұмыс істеді. Театрға көзқарас әр кезде де жақсы болды. Міне, бүгінде облыс әкімі Амандық Баталов патша сарайындай жаңа ғимарат салып берді. Бір әттеген-айы, әртістердің тынысын ашатын режиссерлерден ақсап тұрмыз. Бұл бүгінде еліміздегі барлық театрда бар мәселе. Бір жиында Асанәлі Әшімовке айтқанбыз, «жастарды Мәскеуге жіберіп оқытайық» деп. Бірақ әлі де сол баяғы жартас. Айлық аз, мұнда ешкімнің келгісі келмейді.
– Алмахан апа, өнердің отымен кіріп, күлімен шыққан жанның бірісіз. Мұны әңгімеңізден де байқадық. Егер Тәңірден тағы бір мүмкіндік берілсе, осы жолды таңдар ма едіңіз?
– Өкінішім жоқ, қарғам! Мен өнердің бір баласымын. Келіндерім «генерал» десе, ұлдарым «маршал» деп атайды. Кендебай екеуіміз бір шаңырақтың астында бақытты ғұмыр кешіп келеміз. Аллаға шүкір, азды-көпті өмір сүрдік. Биыл жетпіс жылдығымыз облыс көлемінде аталып өтілуі керек болған, аты жаман індет алдымызды орап кетті. Бұйырса, той алда. Арнайы кітабымыз да жарық көрмек. Ел аман, жұртымыз тыныш болсын. Өнердің де өз азабы бар ғой. Қайсібірін айтасың. Көңілдің кейбір кездері дегендей... Сөз соңында мына бір өлеңімді оқып берейін.
Мен қайтемін жанымды мұң басқанда,
Сырласқа да бармаймын, құрдасқа да.
Амандығын бәрінің тілеймін де,
Телмірем де отырам түнгі аспанға.
– Әңгімеңізге рахмет.
Тақырыпқа тұздық
Құланиектеніп атқан бозамық таңның сәулесіне иек сүйеп, болжап қойған жоспарды сана қатпарынан аршып, бір пысықтап алатын әдеті. Жанарында әлдебір мұңның табы бар секілді. Бәлкім, көңіл түкпірінде паналаған алқызыл сәттерге сағыныш болар, бәлкім, арманға толы күндерге аңсар болар, әйтеуір көңіл көзесін шайқайтыны анық. Алдағы күнге салқам көз тастап, әсіреқызыл дүниеден аулақтап, шәрбат көрінген тәтті кезеңдерге қайта қоныстанғысы келетіндей, аққан жұлдыздай азайып бара жатқан қатарластарына деген қимастық оты жанын шарпитындай...
Иә, өмір-керуені бір сәтке болса да кідіріп не тоқтап көрген емес. Бөкеннің желісіндей жөңкігеннен жөңкіп, тарихқа айғыз-айғыз ізін қалдырып, нар тұлғалы жандардың есімін екшеп беруде. Соған да тәубе! Жалт еткен жасындай, жарқ етіп өткен қаншама өнер майталмандары бар. Бүгінгі ұрпақ сол жұлдыз-ғұмырлы жандарға құрмет көрсетіп, есімін ардақтап келеді. Ал өнердің қара шаңырағы болып есептелетін театрдың сахнасында сайран салып өткен актерлердің шебі шектеусіз. Солардың қатарында Жетісу жампоздарының есімі ерекше бедерленгендей. 40 жылдан астам тарихы бар театрдан шыққан дарындылар легі толастап көрген емес. Сондықтан да болар, жанарға жылы ұшырап, жүрекке қуаныш ұялатады.
Әңгімелескен
Мұхтар КҮМІСБЕК,
«Egemen Qazaqstan»