Қазіргідей қысқы соғымның уақытында мал ұрлығының өрши түсетіні белгілі. Әсіресе ұрылар байланып, бабында тұрған ірі-қараны ұрлауға бейім. Жамбыл облысында да қазан, қараша айларында мал ұрлығы көбейген.
Біреудің адал еңбегін оңай жолмен пайдаланып кеткісі келгендердің біразы құрықталғанымен, анықталмаған жағдайлар әлі де бар. Мәселен, облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, өңірде ағымдағы жылдың 10 айында 169 мал ұрлығы тіркелген. Шаруалардан 623 бас мал ұрланған. Бірақ жергілікті полицейлердің жедел әрекетінің нәтижесінде, 295 бас мал иелеріне қайтарылып, жалпы құны 30 миллион теңгеден астам материалдық шығын өтелген. Алайда қалған малдың қайда кеткені белгісіз. Бұл орайда ауылды жерлерде тұратын тұрғындар күн суытып, қар түссе болды, мал ұрлығының көбейетінін айтып дабыл қағуда.
Биылғы қазан айында Жуалы ауданының тұрғыны аудандық полиция бөліміне ауласындағы мал қорадан жылқысының ұрланғаны туралы шағымданған. Келтірілген жалпы шығын көлемі 1 миллион теңгені құрайды.
Аталған дерекке қатысты жедел іздестіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде күдікті ретінде Жуалы ауданының 54 жастағы тұрғыны ұсталған. Бұл күнде ол жасаған қылмысын толығымен мойындап, Тараз қаласындағы уақытша ұстау абақтысына қамалған. Мұндай жағдай қазан айында Жуалы ауданының Шақпақата ауылында да орын алған. Ұрланған мал иесіне 600 мың теңге көлемінде шығын келген. Алайда көп ұзамай ұрлықтың ізі ашылып, қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Тараз қаласында тұратын Жуалы ауданының тумасы ұсталып, Тараз қаласындағы №13 тергеу абақтысына қамауға алынған. Сонымен қатар Т.Рысқұлов ауданы Жарлысу ауылының тұрғыны тау етегіндегі жайылымнан үш жылқысының ұрланғанын айтып, полицияға арыз жазған. Мұнда да екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Бұл күнде ұрланған жылқылар иесіне қайтарылған. Бүгінде мал ұрлығы өңірдің барлық аудан, ауылдарында бар. Бірақ құрықталған қылмыскерлерден бөлек, әлі күнге дейін ізін жасырып жүргендері қаншама. Бір үйдің бала-шағасының аузынан жырып, бір кәдеге дайындап отырған малын бір түнде үптеп кететін ұрылардың қарасы азаймай тұр.
Қазіргі кезде өңірде мал ұрлығының алдын алу маңызды. Бұл орайда облыста «Мал ұрысы» жедел алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылған болатын. Үш күннің өзінде облыстың полиция қызметкерлері мал ұрлығының 16 дерегін ашқан. Қабылданған шаралар нәтижесінде иелеріне 72 бас мал қайтарылған. Бұл да өңірде мал ұрлығының өршіп тұрғанын көрсетеді. Жуырда ғана Т.Рысқұлов ауданынан 23 бас ірі-қара мал ұрланып, аймақ тұрғындарын әрі-сәрі күйге түсірген болатын. Ал сол малдарды ұрлаған Байзақ ауданының екі тұрғыны болып шықты. Сонымен қатар мал ұрлығына қатысы бар 93 адам, оның ішінде 35 адамнан тұратын 16 топ ұсталған.
Жамбыл облысы