Елордада Еуразиялық интеграция институтының ұйымдастыруымен «Парламенттік сайлау: ерекшеліктері мен маңызы» тақырыбында сараптамалық кездесу өтті. 10 қаңтарға жоспарланған Мәжіліс сайлауына орайластырылған жиынға Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері, бірқатар саясаттанушы мен ғалымдар қатысты.
Аталған іс-шараның модераторы, саяси ғылымдардың кандидаты Ерлан Саиров өз сөзінде еліміз парламенттік сайлаудың жауапты кезеңіне аяқ басқанын айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша саяси реформалардың бірінші пакеті енгізілді, оның шеңберінде митингілер туралы жаңа заң күшіне енді, 7 заңнамалық актіге өзгерістер мен түзетулер енгізілді. Осы өзгерістердің барлығы – ел дамуының эволюциялық жолының белгілері. Мемлекеттілік институтын жаһандық қайта құру жағдайында біздің басты мақсатымыз тәуелсіздік пен мемлекеттілікті сақтау болуы тиіс. Барлық саяси процесс, соның ішінде сайлау процесі де қоғам мен азаматтардың мемлекеттік құндылықтары аясында бірігуі үшін жұмыс істеуі керек, – дейді Е.Саиров.
Әрбір сайлау қоғамның, азаматтардың саяси мәдениетін өсірудің бірден-бір құралы екенін айтып өткен Е.Саиров кезекті сайлаудың ел саясаты үшін тиімді тұстарын жеткізді.
– Демократияның ең негізгі атрибуты – халықтың саяси мәдениеті. Менің ойымша, бұл сайлау халықтың саяси мәдениетін арттыруға, пікірлер плюрализмін дамытуға, елдегі саяси жүйені эволюциялық деңгейде жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік беретін белес. Мемлекеттік институттарды дамыту да бүгіннің басты мәселесінің бірі. Ал алдағы мәслихаттар депутаттарының сайлауы да бұған оң әсер бермек. Бүгінде елімізде 216 мәслихат, 3 350-ден астам депутат бар, – деді ол. Сонымен бірге биылғы сайлауда жастардың да белсенді екенін айтты.
Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айдос Сарымның пікірінше, елдегі көп нәрсені өзгертуге және азаматтардың энергиясына, олардың іскерлік және саяси белсенділігіне сүйенетін шикізаттық емес экономиканың негіздерін жасауға бағытталған жаңғырту заңдарының үлкен пакеттерін қабылдауға ықпал ететін Мәжілісті сайлау қажет. Сонымен қатар барлық реформа әлемдік үрдістерді де, қоғамның мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін де ескеруі керек.
– Бұрын-соңды болмаған дағдарыс кезінде өмір сүріп жатырмыз. Пандемия дағдарыспен қатар жаңа контекстегі жаңа жағдайларды көрсетті. Ең алдымен біз осы кезге дейін көп сыналған институттар мен механизмдердің өміршеңдігін байқадық. Қалай десек те, ұлттық мемлекет өз күшін жойған жоқ. Қазір жаһандануға қарсы процесс басталды деген түсінік бар. Аймақтар бұрынғыдай жаһандық романтикадан гөрі, аймақтық блокқа, аймақтық ұйымдарға басымдық беруде. Сол арқылы өз әлеуетін асыру сияқты үдерістерге бет алып бара жатыр. Әр мемлекет жаһандық емес өзінің артықшылығын дамытатын, өзі маска тігіп, өзі дәрі шығаратын, өз кәсіпкеріне мүмкіндік беретін деңгейге өтті. Бұл ертеректе меркантилизм деп сыналса, қазір көптеген экономикалық теорияны жоққа шығарып отыр, – дейді сарапшы. Сондай-ақ ол қазір Қазақстан үшін пропорционалды жүйе ауадай қажет екенін, ең алдымен елдегі саяси өмір, шындап келгенде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сияқты үлкен қалалар мен бірнеше облыстан аспай отырғанын атап өтті.
– Үкіметтік емес ұйымдар десек, қалаларда ғана шоғырланған. Ауылдық жерлерде ондай ұйымдар жұмыс істемейді. Nur Otan партиясының филиалдары, Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдарынан басқа белсенділік байқамаймыз. Қазір кез келген азаматқа партия құруға мүмкіндік беру керек деген сөз айтыла бастады. Менің ойымша, бізге ірі жалпыұлттық партиялар қажет. Бұл – АҚШ, Еуропаның бірқатар елінде қалыптасқан жүйе. Алдағы сайлау реформаның, модернизацияның тағдырын шешетін сайлау болмақ. Сондықтан бұл сайлаудың әділ, заңды өтуі, халықтың мойындауы сөзсіз маңызды. Президент сайлауында байқағанымыздай, байқаушылар асқан белсенділік танытты. Мұның өзі де сайлаудың дұрыс өтуіне, нәтижесінің мойындалуына негіз болуы тиіс. Сайлаудың сыналуы заңды, бірақ оның заңдылығына күмән болмауы тиіс, – деді А.Сарым.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ саясаттану кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Индира Рыстина кезекті сайлауға қойылатын міндеттерге тоқталып өтті. Оның ойынша, алдағы Мәжіліс сайлауы бағдарламалық бәсекелестікті арттыруға себеп болу тиіс.
– Мемлекеттің жалпы жұмыс істеу механизмдері бар екенін көрдік, дегенмен коммуникациясы жолға қойылмағанын байқадық. Пандемия кезінде қанша көмек көрсетілді, қанша іс атқарылды. Ол туралы ақпарат халыққа жетпей қалды. Мемлекеттің «істеуі» мен «айтуының» арасында үлкен қадам барын байқадық. Алдағы сайлауға қатысып жатқан үміткерлер осыны ескеріп, мемлекеттің атқарған ісін халыққа жеткізуді мақсат етсе. Тәуелсіз Қазақстан тарихында 7 Парламенттік сайлау болса, оның бесеуі кезектен тыс өткен. Бір ескеретін жайт, елімізде тұлғалық бәсекелестік бар, алайда бағдарламалық бәсеке жоқ. Шетелдерде халықтың бағдарламаны таңдайтынын білеміз. Ал бізде керісінше тұлғаны таңдайды. Жақында элита сапасының рейтингі жарияланды. Еліміз 19-орынға жайғасқан. Бұл тізімнің басты талабы элитаның шешім қабылдауға әсері. Бұл дегеніміз, елімізде нақты бір шешім қабылдауға институттар емес, жекелеген тұлғалар әсер ететінін көрсетеді. Ендігі кезекте институттардың жұмысы мен бағдарламалық бәсекені арттыруға ден қойып, жұмыс істеуіміз керек. Ал тұлғалар осы бағдарламаларды жүзеге асырушы және халықпен байланыстырушы қызметін атқаруы керек, – деді ол.
Ал сарапшы Марат Шибұтов Парламент сайлауының маңызы туралы айта келе, келесі жылы көктемде өтетін ауыл әкімдерінің сайлауын да еске салды. Сонымен бірге ол байқаушылардың биыл да белсенді болатынын сөз етті. Оған қоса кезекті сайлауда «Ақжол» және Adal партиялары бір электорат үшін таласатынын айтты. «Олардың ортақ сайлаушылары – кәсіпкерлер», дейді саясаттанушы.
Саясаттанушы Қазбек Майгелдинов сайлау кезеңіндегі саяси партиялардың іс-әрекеттеріне түсініктеме беріп, олардың азаматтардың саяси мәдениетін дамыту тұрғысынан мүмкіндіктерін бағалады.
Одан бөлек «Қоғамдық пікір» ЗИ директоры, әлеуметтік ғылымдардың кандидаты Ботагөз Рақышева, саясаттанушы Бауыржан Серікбаев, саяси консультант, PhD докторы Дина Айкенова, сондай-ақ басқа да сарапшылар, ғалымдар өз пікірлерін айтып, алдағы сайлауға қатысты болжамдарын ортаға салды.