• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Қараша, 2020

Субсидияны қайтарыңдар дегені қалай?

1146 рет
көрсетілді

Мөр соғылған құжаттары қолдарында. Соған қарамастан Шығыс Қазақс­тан­да­ғы 13 шаруа қожалық иесінен мемлекеттен берілген субсидияны қайтару ке­ректігі талап етілген.

Олар демеу қаржыны қыстақтарына күн панельдерін орнатқандары үшін алған екен. Алайда аймақтағы ауыл шаруашылығы басқарамасы қожа­лық­тар­ға хат жолдап, артық беріліп қойған ақшаны қайтару керектігін айтқан.

Субсидияның бір бөлігін қайтару қажет деген мазмұндағы хат таяуда қожалық иесі Сағындық Сапаровқа да келген. Оның шаруашылығы таулы жерде орналасқандықтан электр желісі тартылмаған. Майшамның жарығымен отыратын емес, сатылымда болған соң күн панельдерін орнатқан. Сол үшін де мемлекеттен 2 920 000 теңге инвестициялық субсидия алған.

– Қажетті құжаттың бәріне мөр мен қол қойылып, субсидия алғанбыз. Енді міне, 480 мың теңге артық кетіп қалыпты деп жатыр. Келісімшартта үш мөр басылған, қол қойып өздері берген. Енді осыны қайта бұзып жатыр. Осы дұрыс па? – дейді Сағындық Сапаров.

Сапаровтардың бұл қыстақта табан ет, маңдай терімен төрт түлігін бағып отырғандарына 45 жыл болған. Жарты ғасырға жуық уақыт. Күн көзінен электр қуатын алатын панельдерін орнатуға кеткен шығынның 80 пайызын мемлекет өтеп бергенде қуаныштан бөріктерін аспанға атқан. Мемелекеттен мұндай көмекті алғаш рет алған соң қуанбай қайтсін?!

– Берген қаржыны қайтарыңдар дегені ақылға қонбайды. Дұрыс емес. Біз енді оны қалай қайтарамыз?! Оны облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дұрыс есептемей бергеніне біз кінәлі емеспіз, – дейді Құмкөл ауылының тұрғыны Төлеу Қадирова.

Қожалық иелері субсидияны алуда да аз әуреленбеген сияқты. Субсидия беру ережелері өзгеріп, қыл аяғы шытырман іске прокуратура араласқаннан кейін ғана шаруалар қаржыға қол жеткізген.

– Ревизиялық комиссия тексерген кезде берілген субсидияны заңсыз деп, артық ақшаны үкіметке қайтару керектігін хабардар етіп кетті, – деді об­лыстық ауыл шаруашылығы бас­шы­сы­ның орынбасары Ербол Қуанышев.

Шығыстағы шаруалардың күн па­нельдерін жаппай қолдана баста­ған­дарына екі-үш жыл болған. Қожалықтарға инвестициялық субсидия ретінде барлығы 5 млрд теңгеден астам қаржы берілген.

Осы салаға жауапты лауазымды тұл­ғалар жылдың басында ұнның ішіне ақша жасырып, 35 млн теңге пара алды деген күдікпен ұсталғаны да елдің есінде. Ол қылмыстық іс әлі тергеліп жатыр. Ал субсидияны артық алып қойды деген шаруалар қайтпек?!

 

Шығыс Қазақстан облысы