• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Саясат 30 Қараша, 2020

Қай партияның асығы алшысынан түседі?

1101 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауы келгенде еліміздегі сая­си партиялардың белсенділігі қайта жандана бастады. Саяси партиялардың кейбірі атауын өзгертіп, жаңа құрамын жасақтап, науқанға бірнеше ай қалғанда қызметін жандандыра түсті. Мәжілістен мейлінше көп орын алғысы келетін партиялардың биылғы додаға әзірлігі қалай? Сайлауда қайсысының асығы алшысынан түседі? Шамамыз келгенше саралап көрелік.

Былтыр халық еліміздің екінші Пре­зи­дентін сайлап, тарихи оқиғаға куә болса, биыл Парламент Мәжілісінің кезекті сайлауына саяси дода басталып кетті. Жалпы, 2020 жылы электораттың көңіл күйіне әсер етіп, пікірін сан мәрте өзгертуге сеп болған оқиғалар жет­кілікті. Бүкіл әлем індет салдарынан эконо­­микалық, әлеуметтік дағдарысқа тап болып, қоғамда қалыптасқан өмір сүру қағидаттарының біразы өзге­ріс­ке ұшы­рады. Бұл жағдайдың сайлау процесіне қалай әсер ететіні де белгі­сіз. Өйткені дәл қазіргідей кезеңде халық­­­тың көңіл күйі де тұрақсыз. Бұл ретте еліміздегі саяси партиялардың алған бағыты мен ұстанымы баршаны қызық­­­тыратыны сөзсіз. Кей партиялар­дың мақсаты Парламент Мәжілі­сінен мей­лінше көбірек орын алып, қарсы­лас­тарынан басым түсу болса, енді бірі межеге ілігіп, заң шығарушы орган қыз­метіне араласуды көздейді. Саяси дода­ға қатысқалы отырған бес партияның қай­сысының мерейі үстем болатыны 10 қаңтарда нақты айқындалады. Әзірге пар­тия­лар құрылтайын өткізіп, сайлауалды бағдарламасын жариялап, партиялық тізі­мін бекітіп, додаға біржола кірісіп кетті.

Атауын өзгерткен партиялар демекші, бұрынғы Қазақстан коммунистік халық партиясы енді «Қазақстан халық партиясы деп аталатын болады. Бұл сәйкесінше партия «коммунистік» көзқарасымен біржола қоштасты деп айтуға бола ма? Жалпы, Қазақстанда бұл идеяны қол­дайтындар бар ма? Партияның өткен сайлауда 7,19% дауыс жинағанын ескерсек, қолдаушылары болған секілді. Қазір­гі Қазақстан халық партиясы – өткен кезеңде Мәжіліске өткен үш партия­ның біреуі. Алдағы саяси додада бұл партия халықтың қай бөлігінің қол­дауына сүйенбекші? Сайлауға қаты­сатын бес партияның бесеуі де өздерін «халықтың партиясымыз» дейтіні белгілі. Ендеше бұрынғы коммунистер, бүгінгі «халықшылдар» атауын өзгертемін деп тұрақты электоратынан айрылып қалмай ма? Дегенмен жаңадан сайланған төраға Айқын Қоңыров партия үшін Мәжіліс межесін бағындыру аса қиын емес екенін айтады. Алға қойған мақсаты – мүмкіндігінше көп орын алу. Ал партия атауының өзгеруіне қарсы болған 82 жастағы Мәжіліс депутаты Владислав Косаревті әріптестері қолдаған жоқ. Ол коммунистік идеологияны ұстанған Қытай мен Кеңес Одағының мысалын келтіріп жаңа атауға қарсы шыққан еді. Көпшіліктің қол­дауымен партия атауы өзгерді. В.Коса­ревтің және бірнеше Мә­жіліс депута­тының партия тізіміне енбей қалуы кейінгі буын арасында коммунистік идео­ло­гияның қолдау таппайтынын көрсетсе керек.

Айқын Қоңыров жақында өткен съезде билік пайданы қоғам мүддесінен биік қоймауы керек деген пікір білдірді. Партия бағдарламасында да халықтың көкейіндегі әлеуметтік мәселелерге баса назар аударылған. Бұл – жеке және заңды тұлғалардың несиесіне рақым­шылық ету, әр отбасына 20 сотықтан жер беру, тегін білім беру, медициналық шығындарды мемлекеттің өтеуі, зейнет жасын 60-тан асырмау. Әйтсе де пар­тияға қойылатын басты сұрақ – пар­тияның аты өзгергенімен, заты қанша­лықты өзгерді?

Атауын өзгертіп, белгілі тұлғаларды қатарына қабылдап, халықтың назарын өзіне аудартқан тағы бір саяси партия бар. Бұрынғы «Бірлік» партиясы атауын Adal деп ауыстырды. Партияның атауы өзгергелі қатарына тағы 5 мың мүше қосылғаны қоса хабарланды. Саяси додаға ерекше екпінмен қосылған партия жаңа технологияны да дер кезінде іске қоса білген секілді. Алғашқы қадамдары осыны аңғартады. Партия тізімінде саясаткерлерден гөрі, түрлі саланың мамандарына басымдық берілгені де бірден көзге түседі. Өздерін нақты істің партия­сы деп таныстырған бірлестік қатарына қосылам деушілерді де құшақ жая қарсы алып жатыр. Алдағы уақытта Adal партиясы «Ақ жол» партиясының электоратына таласып, өзара бәсеке көрігін қыздыратын сыңайлы. Adal өз бағдарламасында кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығына, халықтың әл-ауқатын көтеруге баса назар аударып отыр. Партияның ауыл шаруашылығы мәселелерін көтеріп қана қоймай, Қазақстан фермерлер одағымен ынтымақтастық орнатып, өз қатарына одақ басшысын қабылдауы да айтулы оқиға деуге болады. Осылайша Adal партиясы «Ауыл» партиясының электоратын да өздеріне қарай икемдеуге ықыласты. Партия бұл сайлауда қажетті дауыс жинап, Парламент Мәжілісінен орын алуды көздейтіні түсінікті. Алдағы уақытта да белсенділікті осы ыңғайда жалғастыра берсе, оны қолдаушылар қатары өсуі де мүмкін.

Еліміздегі белсенді саяси пар­тия­лардың бірі, Парламент Мәжілісінде фракциясы бар «Ақ жолға» алдағы сайлау оңай болмайтын тәрізді. Оның басты себебі – ортақ электорат үшін Adal партиясымен бәсекеге түспекші. Алаш идея­сымен көпшіліктің көңіліндегі мәселені көтеріп жүрген партия үшін Мәжіліс сайлауы олжалы болады деп айту қиын. Сайлауда қажетті дауыс жинағанымен, өз­дері қалағандай жылдағыдан көбі­рек орын ала ма? Мәселе осында. «Ақ жол» партиясы белсенді болып, көп­тің көңіліндегі мәселелерді көтеріп жүргенімен, оның көбі арзан ұпай жи­науға ұласып кетпей ме? Бұл сұрақтың туындау себебі, ең алдымен жақсы идея­лар айтылып, жүзеге асыруға келгенде партияның пәрменсіз болып қалатын­дығында болып тұр. Әрине, бұл жерде қаржыландыру мәселесі де үлкен рөл ойнайтыны түсінікті. Партия төрағасы Азат Перуашев баяндаған бағдарламада бюрократия мен сыбайлас жемқорлық, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық, экономика мен биліктің монополиялануы мәселелері жан-жақты көтерілген. Одан бөлек Алаш идеясы секілді ұлттық бастамаларының бірі – Қазақ Республикасы атауын қай­тару мәселесі болды. Осы секілді ұлттық идеяға құрылған ұсыныстар арқы­лы сай­лау сайын көпшіліктің дау­сына ие болуды көздейтін партия бас­шы­сы­ның ұсыныстары ескірген де секілді. Төр­ағаның кейбір саяси мәселелерге қатысты айтқан пікірлері де қоғамда кеңінен сыналғаны белгілі. Осының барлығы сайып келгенде, «Ақ жол» партиясына бәсекеге қабілетті болу үшін түбегейлі өзгерістің уақыты келгенін көрсетеді.

Еліміздегі саяси партиялардың ішінде аудиториясы анық, электораты белгілі «Ауыл» партиясының Мәжілістен орын тимегеніне біраз болды. Қазақстан халқының 40 пайызы ауылдық жерлерде тұратынына қарамастан, партия бірде-бір рет Мәжіліске өту үшін қажетті дауыс жинай алмаған. Партия сайлауалды бағдарламасында да ауыл мәселесін көтеріп отыр. Алайда бұл ұсыныстармен ауыл халқын өзіне қарата алмайтын секілді. Жақында Adal партиясына мүше болған Қазақстан фермерлер одағының президенті Жигули Дайрабаев «Ауыл» партиясымен меморандумға қол қойғанымен партияға кіруден бас тартқан. Яғни фермерлердің мүддесін көздейтін одақ өз жақтастарын Adal партиясына дауыс беруге шақыратыны қазірдің өзінде белгілі болып отыр. Алдағы сайлауда «Ауыл» партиясы белгіленген межені бағындыра ала ма, жоқ па айту қиын. Өйткені, ауылдағы 40 пайыз халықтың дауысы үшін дода қызғалы тұр.

Алдағы сайлауға түсетін партиялар туралы сөз еткенде Nur Otan-ды ай­налып өте алмаймыз. Парламент Мәжі­­лісінде айқын басымдыққа ие пар­тия­ның сайлаудағы нәтижесі қалай бо­лар екен? Nur Otan – биліктің партия­сы. Қаржылық және адами ресурсы өзге­­лермен салыстырғанда әлдеқайда әлеует­ті. Сайлауда да барынша көп орын алуға тырысатыны түсінікті. Бәсеке­лес­тері жеткілікті дауыс жинап, Парла­мент­ке өтіп жатса, бас партия депутат­тары­ның үлесі де азаюы әбден мүмкін. Дәл қазір­гідей электораттың көңіл күйі тұрақсыз кезде нақты айту да қиын.

Әр азамат өзі сеніп дауыс берген партияның бағдарламасын, әрекетін сұраққа алып, биік талап қоя білуі ма­ңызды. Бұл – елдегі азаматтық қоғамның дамуына, демократия құндылықтарының үстем болуына кепіл болатыны сөзсіз. Сол себепті Парламент Мәжілісінде тұрғындардың әл-ауқатын жақсартып, елдің экономикалық, әлеуметтік дамуы үшін нақты шешім қабылдауға қауқарлы партия өкілдерінің болуын халық болып таңдау маңызды болып отыр. Саяси бәсекенің бет алысы алдағы үгіт-насихат кезеңінде нақтылана түспек.