• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Күрес 30 Қараша, 2020

Саңлақтар сыр бермеді

113 рет
көрсетілді

Алматыдағы «Достық» спорт кешенінде бір аптаға созылған күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Біз бұған дейінгі нәтижелерді үзбей беріп тұрған едік. Жарыстың соңғы күндері грек-рим күресі шеберлері боз кілемге шығып, 10 салмақ дәрежесі бойынша түрлі-түсті медальдарды сарапқа салды.

55 кило салмақтың жартылай фина­лында алматылық Қорлан Жақанша тал­дықорғандық Марлан Мұқашевты ұт­са, жамбылдық Жансерік Сәрсембиев петропавлдық Аманғали Бекболатовтан басым түсті. Екі мықты ақтық сында жо­лықты. Көпшілік бұл жекпе-жекте Жа­қан­шаның ұтатынына сенімді болды. Осыған дейін Азия біріншілігінде үш рет жүлдегерлер қатарынан көрінген ол былтыр Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында күміс медальды иеленді. Сәрсембиевте ондай атақтың бірі де жоқ. Бірақ ол мінезді жігіт екен. Әйгілі қар­сыласымен қаймықпай айқасқан Жансерік бас жүлдені жеңіп алды. Қорлан күмісті қанағат тұтты. Жартылай финалда оларға жол берген екі балуан қола медальды ие­ленді.

60 кило салмақ дәрежесінің фаворит­тері Мейрамбек Айнағұлов пен Айдос Сұл­танғали екені сөзсіз. Екеуі де дүние­жүзілік додаларда дараланған дүлдүлдер. 26 жастағы Мейрамбек 2017 және 2019 жылдары жүлдегерлер қатарына қо­сыл­ды. Парижде ол күміс алса, Нұр-Сұл­тан­да қолаға қол созды. Одан бөлек Ақ­төбе облысының өкілі Азия ойындарын­да үшінші сатыға табан тіресе, Азия бі­рін­­шілігінде бір күміс пен екі қоланы қор­жынға салды. 24 жастағы Айдос 2018 жылы Будапештте ұйымдастырылған әлем чемпионатында қола медальды мойнына ілді. Қызылордалық спортшының басқа да атақтары аз емес. Осы жайттың барлығын ой елегінен өткізген мамандар бас­ты тартыс аталған екі саңлақ арасында өрбиді деп топшылады. Бірақ бұл жорамал жоққа шықты. Айнағұлов ширек фи­нал­да өскемендік Ернар Фидахметовке жол берді.

Финалда Айдос Сұлтанғали Ернар Фидахметовтен басым түссе, Мейрамбек Айнағұлов пен ақмолалық Дастан Зарлыханов қола медальды еншіледі.

63 кило салмақта Қорланның туған ағасы Бағлан Жақанша да ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Бірақ ол да ше­шуші тұста сүрінді. Алматылық өрен­нің жамбылдық Сұлтан Әсетұлына әлі жетпеді. Нұрсұлтандық Асаухат Мұха­мадиев пен талдықорғандық Ғалым Қаб­дунасаров қола медальды еншіледі.

67 кило салмақтағы Алмат Кебісбаев­тың жанкештілігіне сүйсінбеу мүмкін емес. Жасы 33-ке таяп қалған Алматтың ха­­лық­аралық аренада Қазақ елі намысын қорғап жүргеніне 12 жылдан аса уақыт болды. Сол аралықта Семей өңірінің өре­ні әлем чемпионатында төрт рет және Азия ойындарында екі рет жүлде алды. Арасында күмісі мен қоласы да бар. Кебісбаев екі мәрте Азия чемпионы ата­нып, тағы екі рет күміспен күптелді. Лондон мен Рио Олимпиадаларында бақ сынады. Соңғы жарысында ол бесін­ші орынға табан тіреді. Биылғы ел бі­рін­шілігінде Кебісбаевқа Мейіржан Шер­маханбет лайықты қарсылық көрсе­теді деп ойладық. Бірақ жас дарын бастапқы бәсекелердің бірінде Солтүстік Қазақстан облысының балуаны Данияр Қаленовтен 3:5 есебімен ұтылды.

Нәтижесінде Алмат барлық қарсы­ласын қапы қалдырып, бас жүлдені қан­­жығасына байлады. Ақтық айқаста ол Алматы облысының өкілі Нұрбек Қы­зы­ровты 7:5 есебімен ұтты. Ақтөбелік Тә­ңір­берген Наурызбаев пен шымкенттік Әділ­хан Сәтаев жүлдегерлер қатарына қо­сылды.

72 кило салмақ дәрежесінің финалында атыраулық Каһарман Қисметов пен алматылық Азат Садықов күш сынасты. Бұл бәсеке алғашқысының пайдасына шешілді. Темірлан Өмірбай (Алматы қаласы) мен Олжас Сүлеймен (Қызылорда) үшінші сатыға табан тіреді.

77 кило салмақта бас жүлде үшін тар­тыс Алматы облысының екі саң­лағы – Асхат Ділмұхамедов пен Демеу Жады­раевтың арасында өтті. Бұл белдесуді барша маман тапжылмай тамашалады. Біраз жылдан бері осы салмақтың тіз­гіні Асхаттың қолында. Оның Азия чем­пионы және сол жарыстың үш дүр­кін жүлдегері деген атақтары бар. Әлем­дік додаларда Ділмұхамедов жеңіс тұғы­рына сынық сүйем қалғанда сүрініп жүр. Демеу 2017 жылы Парижде өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Құр­лықтың басты додасында екі рет жеңіс тұғы­рына көтерілді. Бірақ бұл атақтарға ол сәл жеңіл салмақтарда қол жеткізді. Со­ған қарамастан, Жадыраев Алматыдағы жа­рыста өзін жақсы қырынан көрсетті. Финалда Демеу Асхаттан 7:3 есебімен айласын асырып, ел чемпионы атанды. Азия чемпиондары Мақсат Ережепов пен Темірлан Шадукаев қола медальды қоржынға салды.

82 кило салмақта Мирас Баршы­лы­қовтың бағы жанды. Қос­танайлық спортшы финалда шымкенттік Шәміл Баты­ровты шаң қаптырып кетті. Темірлан Байғанин (Қостанай) мен Қуанышбек Дос­жанов (Ақтөбе) үшінші орынды ие­ленді.

87 кило салмақ дәрежесінде Азия чемпионы Нұрсұлтан Тұрсыновтың тұ­ғыры биік болды. Бірнеше жыл спорттан шеттетілген Шығыстың шымыр жі­гіті боз кілемді әбден сағынып қалған екен. Алатау баурайында ол тамаша өнер көрсетті. Жарысты басынан аяғына дейін бір деммен өткізген Нұрсұлтан финал­да елордалық Азамат Кұстыбаевтың тас-талқанын шығарды. Есеп – 9:1. Эл­мар Укали (Шымкент) мен Абдулазиз Кочерадзе (Алматы) үшінші орындарды иемденді.

97 кило салмақта Ерұлан Ысқақов­тың тегеу­рініне ешкім шыдамады. Азия ойын­дарының екі дүркін қола жүл­­дегері, Азия чемпионы деген атағы бар Қарағандының қыраны финалда Сыр бойының сайып­қыраны Олжас Сырлыбайға сан соқтырса, Мейірбек Қордабай (Жамбыл) мен Салауат Ахмет­қали (ШҚО) жүлдегер­лер санатына қ­о­сыл­ды.

130 кило салмақтың финалында шым­кенттік Әлімхан Сыздықов пен ақ­молалық Талғат Жиентаев күш сынасты. Бұл бәсеке Оңтүстіктен келген алыптың асығы алшысынан түсті. Ақтөбелік Асылбек Жәнібекұлы мен қостанайлық Мансұр Шадукаев үшінші сатыларға жайғасты. Бір айта кетерлігі, еліміздің ең үздік балуандары Нұрмахан Тыналиев пен Дамир Күзембаев айтулы додаға қатыспады.