Мемлекеттік орталық музейде «Таң-Шолпан» халықаралық тәуелсіз суретші әйелдер қорының онлайн-көрмесі ашылды. 1998 жылы құрылған шығармашыл ханымдардың өнер бірлестігі осыдан 22 жыл бұрын «Тенгри Умай» галереясымен өнер әлеміне қанат қаққан еді.
Арадағы үлкен үзілістен кейін аталған қор былтыр өзінің шығармашылық қызметін қайта бастады. Осы уақыт ішінде өмірін өнермен ұштастырып, қуанышын қылқаламнан тапқан ханымдар шығармашылық және ұйымдастырушылық жұмыста жаңа тәжірибе жинап, кәсіби өсу кезеңдерінен өтті. Бүгінгі таңда Қорда Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Аустрия, Германия, Канада, АҚШ, Түркия елдерінің кәсіби көркемөнер саласында жоғары білімдері бар кескіндеме, графика, сәндік-қолданбалы өнер, мүсін сияқты түрлі өнер саласында жұмыс істейтін, басқа да елдердің кәсіби суретшілері бар. Көрме үнемі жаңа бағыттарды, форманың, пластика мен композицияның мәнерлілігін, өзінің көркем тілін іздеп жүрген талантты жас суретшілердің шығармашылығын көрсетеді.
«Таң-Шолпан» қорының президенті суретші Жәмила Тәкеннің пайымынша, нәзік жанды суретшілердің шығармашылығы тек өз тұтастығы мен даралығын сақтай білумен шектелмейді. Өзін құрметтеуге және сүюге терең мән бергізіп, үйлесімді өмір сүру қабілетін қуаттай түседі. Сонымен бірге әйел – суретші-шебер, жасампаз, креативті ойлайтын және өмірге өзіндік әсермен қарайтын, барлық қиялдары, ойлары мен тәжірибелерін өз шығармашылық жұмысында бейнелейтінін түсінуге және мойындауға ынталанады.
– Биыл әлемде болып жатқан оқиғалар адамдардың өміріне әсер етті. COVID-19 пандемиясына байланысты біз өмірге деген көзқарасымызды өзгерттік, құндылықтарды бағалауды үйрендік, әлем басқаша кейіпке енді. Адамзат өмір салтын түбегейлі өзгертті, біз дамудың жаңа кезеңін бастан өткеріп жатырмыз және бұрынғыдай өмір сүру мүмкін емес. Тұйық кеңістікте болуды үйрендік, онлайн оқыту, локдаун және тағы басқалардың не екенін білдік. Біз өзгердік. Біз әдеттегіден әдемі көруді және бағалауды үйрендік. Өміріміз бен шығармашылығымыз жалғасуда. Суретші әйелдер өмірінің, оқиғалардың, бүкіл ішкі әлемінің өзгеруі – осының бәрі аталған көрмеге қатысушылардың шығармашылығында бар, – дейді Жәмила Тәкен.
Арманшыл ханымдардың қиялына қанат бітірген онлайн-көрмеге 100-ге жуық үздік кескіндеме және графикалық жұмыс, сәндік-қолданбалы өнер туындысы қойылған. Олардың қатарында әлем және Қазақстан бейнелеу өнеріне өз соқпағын салуға талпынған Сәуле Бапанова, Әсия Хайруллина, Раушан Базарбаева, Жәмила Тәкен, Гүлжамал Тағенова, Гүлжанат Қабижанова, Дилором Мамедова (Өзбекстан), Роза Жанғарачева (Қырғызстан), Галина Швайгер (Германия), Марлис Лепичник (Австрия), Әйгерім Ронахер (Австрия), Лейла Ахмет-Осман (АҚШ) сынды дарынды суретшілер бар.