• RUB:
    5.03
  • USD:
    492.22
  • EUR:
    529.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Қараша, 2020

Тұңғыш Президент күніне орай Таразда тұрғындар баспаналы болды

98 рет
көрсетілді

Бүгінде Тараз қаласында жергілікті тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында жаңадан 15-ықшамауданы бой көтеруде. Жыл сайын тұрғын үй кезегінде тұрған жұртшылық баспаналы болуда. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай аталған ықшамауданда орналасқан №25 тұрғын үй пайдалануға берілді. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пәтер кілттерін тапсыру салтанатына арнайы қатысып, баспаналы болған тұрғындарды құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Баспана – қай уақытта да өзекті мәселе. Қала халқының санының өсуімен тұрғын үйге деген сұраныс көлемі де ұлғаюда. Тәуелсіздік жылдары елімізде Елбасының басшылығымен қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып, нәтижесінде мыңдаған, миллиондаған қазақстандықтың арманы ақиқатқа айналды», деді Бердібек Сапарбаев.

Сонымен қатар облыс әкімі елімізде қолға алынған тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың өңірде де жемісті жүзеге асырылып жатқанын, биылғы жылдың өзінде 1000-ға жуық пәтер ел игілігіне берілгенін жеткізді. Әулиеата аймағында әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға арналған 180 орындық жатақхана бой көтеріп, 180 тұрғын баспаналы болған. Ал, бүгінде облыс бойынша 65 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде екен. Ағымдағы жылы 55 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады деп жоспарланған. Сондай-ақ, әкім биыл ең кем дегенде 605 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланғанын, ол үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылғанын, облыста алдағы уақытта да тұрғын үй құрылысы қарқын ала беретінін айтты.

Бүгінде Тараз қаласының өзінде 32 мың 121 тұрғын пәтер кезегінде тұр екен. Кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамту облыстағы маңызды мәселенің бірі. Сондықтан да «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 17,5 миллиард теңгеге 48 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 2 260 пәтерлі 41 үй ел игілігіне тапсырылатын болады.

Сондай-ақ «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жылы екінші деңгейлі банктер арқылы өңірдегі 102 азамат 668,4 миллион теңгеге несие рәсімдеп, баспанаға қол жеткізген. Ал, облыста «Бақытты отбасы» бағдарламасы да оң нәтижесін беруде. «Тағы бір айрықша айта кетер жайт, 15-ықшамаудан тұрғындары тарапынан әлеуметтік желіде, баспасөзде жол, жылу, аулаларды абаттандыруға байланысты көптеген мәселе көтеріліп жатыр. Мәселенің бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда, барлық нәрсенің өз себебі бар. Мәселен, жолға байланысты. Қазіргі таңда аталған ықшамауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Құрылыс жұмыстарына жұмылдырылған техникалардың ол жолмен күнделікті сан мәрте өтуіне байланысты, қазір жаңадан жол салынса, ол көпке ұзамай жарамсыз күйге түседі. Сол себепті алдағы уақытта барлық мәселе кезең-кезеңімен шешімін табады. Жылу мәселесі бойынша кеше ғана аппараттық жиында жауапты мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берілді», деді Бердібек Сапарбаев. Салтанатты шара соңында баспаналы болған тұрғындар атынан қала тұрғыны Абай Өміртай мемлекеттің қолдауы үшін алғыс білдірді.

Соңғы жаңалықтар