Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) сүреңсіз өнер көрсетіп, қатарынан бес ойында жеңілген Нұр-Сұлтанның «Барысы» жанкүйерлердің көңіл селкеу түсірген еді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Соңғы турда жерлестеріміз Мәсекеудің «Спартагын» қабылдады. Бәсеке өте шиеленісті өтті. Қос командаға да бір-бірінің қақпа кілтін табу оңайға соқпады. Десек те бұл жолы «Барыстың» жолы болды. 13-минутта канадалық легионер Кертис Волк есеп ашты. Үзілістен кейін де екі жақ біраз тіресті. 37-минутта дәл сол Волктың керемет пасынан кейін швециялық шабуылшы Якоб Лиллья екінші голды соқты. Үшінші кезеңде Сергей Широков есеп айырмашылығын қысқартты. Одан әріге мәскеуліктердің әлі жетпеді. Бұл кездесу 2:1 есебімен елордалық хоккейшілердің пайдасына шешілді.
Тұрақты біріншіліктің жарыс кестесінде «Барыс» 18 орында тұр. 27 кездесуден кейін олар 27 ұпайға иелік етуде. Енді өзінің келесі кездесуін астаналықтар бүгін «Сочиге» қарсы өткізеді.