Нұр-аға, биіктесіз сан тұлғадан,
Әлемнің мінбесінен саңқылдаған.
Жаһанның жанарында топты жарып,
Тарихи сәттеріңіз жарқылдаған.
Не қиын артта қалды өткеліңіз,
Мұратқа осы емес пе жеткеніңіз!
Көш бастап Сарыарқаға күні кеше,
Көк мұзды күтірлетіп сөккеніңіз.
Уақыттың бүркесе де көк тұманы,
Тарихтың ізін қалай жоқ қылады?
Ел куә елорданың көшкеніне,
Көрінбес ақ боранда ат құлағы.
Кеткендей бар өмірі селге тіпті,
Сұм тағдыр арыстарды жерге тықты.
Ерліктің арқасында Сіз жасаған,
Ордасын Қазақ елі кеңге тікті.
Тамылжып бейбіт күннің таң шуағы,
Өмірге ұрпақ келер сансыз әлі.
Жұлдыздай жайнай берсін жамыраған,
Нұр-Сұлтан қаласының шамшырағы!
Келешек ғасырлардың алдын орап,
Тарихқа еңбегіңіз берді жауап.
Атадан асып туған марғасқаның
Жазылған маңдайына ел құрамақ!
Қазақтың риза ғып күллі атасын,
Алыпты сірә Сіздей кім батасын?
Көтеріп шаңырағын, туын қалап,
Бекіттің шегарасын, іргетасын.
Туғызған Сіздей ерді дәуір нағыз,
Тілекші қауым да – біз, бауыр да – біз!
Алатау секілденіп аласармас,
Жүріңіз аман-есен, ауырмаңыз!
Несіпбек Айтұлы