Тұңғыш Президент күні елдің мерейлі мерекесіне айналып келеді. Елбасымыздың тәуелсіздік жолында атқарған еңбегі – ұрпаққа үлгі, жасампаздыққа жолбелгі. Осы орайда Ұлттық музейде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Бірінде – Бірінші Тұлға жөнінде» мәдени-танымдық жобасының ашылу рәсімі өтті.
Жобаның мақсаты – қазақ мемлекеттілігін қалыптастыруда елеулі жетістіктерімен танылған қазақ халқының тарихындағы ұлы тұлғалардың, соның ішінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі мен қызметін насихаттау.
Аталған жоба аясында ең алдымен белгілі мемлекет, қоғам және мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен «Бірінде – Бірінші Тұлға жөнінде» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Салтанатты басқосуда сөз алған Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Елбасымыз – тәуелсіз Қазақстанның ғажап архитекторы. Себебі Нұрсұлтан Назарбаевтың жүйелі жүргізген сарабдал саясатының арқасында тамырлы тарихымыз жаңаша жаңғырды. 30 жылдың ішінде ел өмірінің барлық салалары түрленді», деді.
Өз кезегінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков: «Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіз Қазақстанды осы деңгейге жеткізуде ерен еңбек сіңірді. Өйткені кез келген елді әлемге танытудан гөрі, оны мойындату қиынға соғады. Бір сөзбен айтқанда, Елбасы – теңдесі жоқ ерлікпен, даналықпен жарқын болашақтың іргетасын қалаған дара тұлға», деп атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаев, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, сатирик-жазушы Көпен Әмірбек, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова, Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева сөз сөйлеп, Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен жүргізілген саяси, әлеуметтік, экономикалық реформаларға тоқталып, олардың қоғам үшін маңызын ашып көрсетті.
Дөңгелек үстел аяқталған соң Ұлттық музейдің қорынан жасақталған «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» көрмесі және танымал қазақстандық фотограф Тұрар Қазанғаповтың «Бірінде – Бірінші Тұлға жөнінде» жеке фотокөрмесі ашылды.
Тұсаукесер рәсімінде талантты фотограф Тұрар Қазанғапов, «Орда FM» радиосының бас директоры Ержан Жүнісов сөз сөйлеп, Елбасымыздың қоғамды демократияландыру институтын нығайтудағы, халықты біріктіру процесіндегі, бейбітшілік пен келісімді насихаттаудағы рөлін атап өтті.
«Ұлы даланың ұлы тұлғалары» атты көрмеде әлемдік мәдениет пен өркениеттің дамуында елеулі із қалдырған Әбу Насыр әл-Фараби, Құрманғазы Сағырбайұлы, Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Нұрсұлтан Назарбаев және басқа да көптеген тарихи тұлғаға арналған көркем шығармалар ұсынылды.
Ал Тұрар Қазанғаповтың «Бірінде – Бірінші Тұлға жөнінде» жеке фотокөрмесінде автордың тәуелсіз Қазақстанды дамыту мен нығайтуға елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен еңбек жолына арналған 40-тан астам туындысы ұсынылды.