«Алматы қаласының Кәсіподақ орталығы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттары сайлауын байқаушылар штабының ашылуы өтті.
Құрамына салалық және жергілікті кәсіподақтар филиалдары төрағаларының, кәсіподақ белсенділерінің қатарынан 16 мүше кіретін штабты «Ұстаз» қалалық жергілікті кәсіподағының төрағасы Серікжан Байғұтдинов басқарады.
– Алдағы жылы 10 қаңтарда өтетін Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауына байланысты Кәсіподақтар федерациясы сайлауға байқаушы ретінде қатысу туралы өтініш жасады. Алдымызда екі міндет тұр. Біріншіден, жұмыс берушілердің өз қызметкерлеріне қысым жасамауы маңызды. Екіншіден, біз сайлау процесінің ел заңнамасына сәйкес өтуін қадағалауымыз керек. Біздің негізгі міндетіміз – осындай маңызды процесте демократия құндылықтарының дамуын және адамның таңдау еркіндігін заң шеңберінде қамтамасыз ету. Сол себепті байқаушылардың ашық әрі адал жұмысын ұйымдастыру қажет.
Кәсіподақтар федерациясы сайлау процестерінің ашықтығын және тікелей дауыс беру күнінде бақылауды толық қамтамасыз ететініне сенімді. Алматы қаласы бойынша аумақтық кәсіподақтар бірлестігі бұл жұмысқа белсене қатысады. Бүгін қалада 507 сайлау учаскесінде дауыс беру барысын қадағалайтын 715 мүше ұйымнан 1014 тәуелсіз байқаушы тіркелді. Коронавирус жағдайын ескере отырып, әр сайлау учаскесінде екі кәсіподақ өкілінен болады.
– Алматыдағы салалық және жергілікті кәсіподақтардың барлық филиалдары Кәсіподақтар федерациясының алдағы сайлауға байқаушы ретінде қатысу туралы үндеуін қолдағаны маңызды. Біздің сайлау кезінде байқаушы ретінде тәжірибеміз жеткілікті. Сондай-ақ сайлаудың қиын пандемия жағдайында өтетінін ескергеніміз жөн. Сол себепті процестің қауіпсіз, барлық санитарлық талаптарға сай өтуіне ықпал етуіміз керек, – деп атап өтті С.Байғұтдинов.
Штаб кәсіподақ байқаушыларының жұмысын үш бағыт бойынша ұйымдастырады. Бұл – оқыту, ұйымдастыру жұмысы және БАҚ-пен өзара іс-қимыл. Мұнда халықаралық байқаушылармен және шетелдік журналистермен кездесулер өтеді. Жоспарланған шаралардың бірі – аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мүшелерінің қалалық ұйымдардың ұжымдарымен және жұмыс берушілерімен кездесулері.
Сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін кәсіподақ байқаушылары арнайы дайындықтан өтеді. Штаб жанында байқаушылар мектебі жұмыс істейтін болады. Мұнда оқыту мен тренингтер онлайн форматта немесе барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып 50 адамға өтеді. Тәжірибелі дәріскерлер байқаушыларды «Сайлау туралы» заңмен таныстырып, құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді. Сондай-ақ олармен пандемия кезіндегі сақтық шаралары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.