• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Оңтүстік Қазақстан 01 Желтоқсан, 2020

Шымкентте Тұңғыш Президент күніне орай бірнеше нысан пайдалануға берілді

164 рет
көрсетілді

1 желтоқсан "ҚР Тұңғыш Президенті күні" мерекесіне орай Шымкент қаласына жаңадан 590 автобус әкелінді, деп хабарлайды Egemen.kz қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жаңа автобустарды көру үшін "T-bus" автопаркіне арнайы барды.

Yutong автобустары Қостанайдағы "СарыарқаАвтоПром" зауытында құрастырылды. Көлік шығаратын отандық кәсіпорын 2010 жылы Елбасы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тікелей бастамасымен ашылған болатын. Қалаға әкелінген автобустар жоғары сапа стандартына сәйкестендірілген. Басты артықшылығы –автобустардың табиғи газбен жұмыс істеуінде. Сондай-ақ барлық автобустар бейнекамера, желдеткіш, хабарлама жариялауға арналған микрофондармен жабдықталған. Пандус пен мүгедектердің арбаларын орналастыратын орындар да қарастырылған.

Бүгіннен бастап жүз елу автобус №103, 27, 35, 84, 135, 92, 74, 12 маршруттарында қызмет көрсетеді.

Одан өзге, Бадам өзенінің үстінен өтетін көпір тұрғындар игілігіне берілді. А-2 "Хоргос-Алматы-Шымкент-Өзбекстан Республикасының шекарасы" автокөлік жолын қайта құру жұмыстары толығымен аяқталды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов құрылысы аяқталған көпірдің ашылу рәсіміне қатысты. 

Қолданыстағы көпір 1970 жылдары салынған. Ұзындығы 144 метр, ені 11 метрді құрайтын. 2005 жылы көпірдің техникалық жағдайы апатты деп танылды. 2016 жылы аталған республикалық маңызы бар автомобиль жолы Шымкент қаласының теңгеріміне қабылданып, 31,6 шақырым жолды қайта құру жұмыстарына жобалық-сметалық жұмыстар (7 кезең) әзірлене басталды. 1 кезең бойынша көпір құрылысы үш кезең бойынша жүргізіліп, 1 148 шақырым жол жөнделді. Қайта құру жұмыстарының есебінен, апатты көпірдің орнына жаңа көпір салынып, ені 22 метрге ұлғайды. Нәтижесінде көпірдің көлік өткізу қабілеті 2 есеге артты.

Сонымен қатар, мереке қарсаңында жаңа білім ордасы ашылды. "Шым сити" шағынауданында орналасқан №135 жалпы орта білім беретін мектеп 1200 орынға арналған.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жаңадан салынған білім нысанымен танысып, ғимаратты аралап көрген болатын.

Мектепте лингафонды кабинет, арнайы  бастауыш сынып кабинеті, ер балаларға арналған технология кабинеті және спорт зал бар. 720 оқушы білім алуда.

Айта кету керек, Шымкентте жыл соңына дейін бірқатар білім ошағының құрылысы аяқталып, үш ауысымды мектептер саны азаятын болады.