• RUB:
    5.01
  • USD:
    492.14
  • EUR:
    528.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Желтоқсан, 2020

Алматыдағы Педиатрия орталығының дәрігерлері 160 литр қан тапсырды

408 рет
көрсетілді

Жылына бірнеше рет Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында «Қан тапсырып, өмір сыйла!» атты науқанмен қан тапсыру акциясы өтеді. Жуырда осымен үшінші рет өткен игі шараға орталық қызметкерлері мен жас дәрігерлер қатысты. Жыл басынан бері  акцияға  230-дан аса дәрігер қатысып, науқас жандар үшін 160 литр қан тапсырды, - деп хабарлайдв Egemen.kz

Педиатрия орталығының дәрігерлері мен қызметкерлері донор ретінде қан тапсыруды әдетке айналдырған. Соңғы қайырымдылық шараға 80-нен аса ерікті қатысты. Солардың бірі, Медициналық статистика бөлімінің қызметкері, орталықтың тұрақты доноры – Құралай Смағұлова. Ерікті осымен 22 жыл қатарынан донацияға қатысып жатыр. Акцияға қатысушылардың әрқайсысы 450 мл. қан тапсырды. Бұл істі игі дәстүрге айналдырған ақхалаттылар талай бала мен адамдардың өміріне араша түсуде. Шараға ұжым ұйымдасқан түрде бір кісідей атсалысты.

Шараның тұрақты түрде ұйымдастырушысы, клиникалық трансфузиология бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Үмбетовтың айуынша, «Қан тапсырып, өмір сыйла!» акциясымен өтетін шара жылына екі рет ұйымдастырылса, биыл үшінші рет өткізілген.

«Қан тапсырмас бұрын, донорлар алдымен медициналық сауалнама толтырды. Тек соның қорытындысы бойынша ғана қан тапсыруға рұқсат алды. Ақ халаттылар тапсырылған қан көлемі мен оның мінсіз сапасына баса назар аударады. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында қан тапсыру 2013 жылдан бастап өткізіліп келеді. Жылына 2-3 рет қан өткізіп тұратын тұрақты донорларымыз бар. Соңғы екі жыл ішінде біздің орталықтың қызметкерлері шамамен 180 литрдей қан тапсырды.  Бұл игі іске біздің орталықтың қызметкерлерімен қоса орталықта ем алып жатқан балалардың ата-аналары да қатысып келеді. Орталығымыздан жылына шамамен 130-160 адам қан тапсырады. Медициналық тексерістен өткен адамнан стандарт бойынша 450 мл қан алынады. Жыл сайын донацияға қатысушы қызметкерлер саны артып келеді. Дайын қан компоненттері республикалық Қан орталығынан әкелінеді. Бізге қажетті қан осы орталықта ем алып жатқан науқас балаларға қолданылады. Клиникада қатерлі дертке шалдыққан, жүрек ақауларымен туылған балалар, ауыр хирургиялық оталар қажет болған науқас балалар мен жаңа туылған нәрестелер ем алады. Осы балаларға ем алу барысында, атап айтқанда ота кезінде, сүйек кемігінің қатерлі ісіктерінде, оған қоса сүйек миын (костный мозг) трансплантациялау кезінде және т.б. жағдайларда  дәрігерлердің тағайындауымен қан және оның құрамдас бөліктері құйылады. Науқастарға қолданылатын барлық медициналық құрылғылар бір реттік. Ол бұйымдардың барлығы балаларымыздың ата-аналарының көзінше ашылады. Қан құю барлық медициналық талаптарға сай жүргізіледі», – дейді орталық дәрігері, Клиникалық трансфузиология бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Үмбетов.

Оның пікірінше, қан тапсыру ағзаға пайдалы. «Қан тапсырудың пайдасы мен зияны қоғамда көп талқыланып жатады. Медицина маманы ретінде қан тапсырудың  негізгі пайдаларын атап өткім келеді. Біріншіден, ең бастысы – қан тапсырған әр адам 3 адамның өмірін сақтап қалуға тікелей көмегін тигізеді. Екіншіден,  ағзаңыздың қан құрамы жаңарады, қан құрамының жаңаруы теріге өте пайдалы. Үшіншіден қан тапсыру арқылы адам бойындағы қан қысымын реттейді. Төртіншіден,  қан тапсырудың семіздіктің алдын алуға үлесі бар. Бесіншіден, адам өмірін ұзартады. Сонымен қатар, Сіз қан тапсыра отыра, ағзаңыз туралы ақпаратты ала аласыз. Қан тапсырудың ағзаға еш зияны жоқ. Үлкен адам ағзасында шамамен 4,5-5литрдей қан болады, қан тапсыру барысында әр адам 450 мл. аспайтын қан тапсырады. Ол ағза үшін ешқандай жанама, зиян әсерін тигізбейді», деп атап өтті Қуаныш Үмбетов.

 

Айта кетсек, акцияға қосылғысы келетін жандар қан тапсырар алдында ішімдік, шылымнан бас тартып, медициналық дәрілерді қабылдамаған жөн. Сондай-ақ донация күні жеңіл түрде тамақтануы қажет.

Бала дәрігерлерінің ішінде жүйелі түрде қан тапсырып отыруды әдетке айналдырған белсенді донорлар да бар. Солардың бірі анестезиолог дәрігер Гүлжахан Абдуллаева.

– «Мен қан тапсыруды азаматтық міндетім деп білемін.  Бір донор – бір өмір. Біздің игі ісіміз көптеген адамдардың,  өмірін құтқаруға септігін тигізеді. Осы көмектің арқасында біз біреудің анасының, әкесінің, баласы мен бауырының өмірін сақтап қаламыз. Осы Педиатрия орталығындағы балаларға да көмегі тиюі мүмкін. Біз осы әрекетімізбен азаматтарды қан тапсырып, көмек көрсетуге шақырамыз. Қан тапсырып – өмір сыйлайық!», дейді Гүлжахан Абдуллаева.

«Донор» сөзінің  латын тілінен аудармасы «Өмір сыйлаушы» деген мағынаны білдіреді. Көптеген науқастар үшін бұл екінші өмір секілді. Қазіргі кезде орталықта осындай жандарға қол ұшын созып жүргендердің саны 200-ден асады. Жыл сайын олардың қатары да артып келеді.

Қайырымдылық шарасына ұдайы қатысатын ақ халаттылар ішінде алғаш рет қан тапсырып, донор атанған қызметкерлер де бар.

– «Донор қаны – өмір нәрі. Шынымен елімізде сан мыңдаған адам қанға мұқтаж. Кез келген оқыс жағдайда, немесе ота кезінде өмір нәрі ауадай қажет. Қан құюға мұқтаж жандарға көмегім тисе болғаны.  Осында өзімнің бір адамға болсын септігімді тигізуге келіп отырмын», дейді алғаш рет қан тапсырған орталық қызметкері, телемедицина кординаторы Ұлжан Әлмен.

Бүгінгі күні орталықтың аферез бөлімінде 68 литр қан сақтаулы, бұл дегеніміз 227 доза. Қор үнемі толықтырылып отырады, материалдың сирек түрлерінің болуы бақыланады. Осындай шаралардың арқасында орталықта кез келген уақытта ауыр науқасқа қажетті қан табылады.

Елімізде жасы 18-ден асқан, медициналық көрсеткіші нәтижелі кез келген азамат донор бола алады. Ерлер жылына 6 рет, әйелдер 4 рет қан тапсыруға мүмкіндіктері бар.

Айта кетерлік жайт, орталықта жылдан-жылға ерікті қан тапсырушылар саны артып келеді.

Акцияға қатысқан әрбір донор тек қана қан тапсырып, біреудің өміріне араша бола қоймай, өзінің денсаулығы туралы да көп ақпарат ала алды. Атап айтқанда, ол өзінің гемоглабинінің деңгейін, түрлі инфекциялық аурулармен ауырған, ауырмағандығын, сондай-ақ, қан тобын біле алды.

 

 

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар