«Аполлон дәрігердің, Асклепийдің, Гигиея мен Панакеяның және түрлі тәңірлердің атын атап, оларды куә ете отырып, мына серт пен жазбаша шартты шама-шарқымның жеткенінше адал орындауға ант етемін...» деп дәрігерлер қызметке алғаш қадам басқанда Гиппократтың уәдесін береді. Уәде – құдай аты. Осыдан соң ақ халаттылар адам жаны үшін шыр-пыр болып жүгірмей қайтсін?! Әрине, пендеауи тірлікпен «бір қарын майды шірітіп» қоятындарды да жоққа шығармаспыз. Бірақ дәл бұл жолғы айтпағымыз – коронавирус дейтұғын кеселмен кірпік ілмей күрескен дәрігерлердің тірлігі.
2019 жылдың соңына қарай Қытайдың Ухань қаласында коронавирус инфекциясы шықты дегенді жүре тыңдағандай болып, елемегенбіз. Халқы соның кесірінен аурухана төсегіне таңылып жатқанын біле тұра, ақылға қонымды-қонымсыз болжамдар айттық. Ол кездері тым жайбарақат едік. Италияның қарттары қынадай қырылып жатқанда ғана жаңалықтарға құлақ түрген болдық. Десе де шыны сол, Қытайдың сонау шығысындағы қаласында тұтанған дерттің қазақтың даласына дендеп кіруі тірліктің күйбеңімен жүрген бұқараның ойына кіріп-шықпаған. Бұған дейін де көрші елде өршіген «шошқа тұмауы», «құс тұмауы» сияқты жұқпалы аурулар елімізге айтарлықтай қауіп төндірмеген. Жо-жоқ, төндірді де. Бірақ бүгінгідей шекараларға шектеу қойылып, елді мекендерде жаппай карантин жарияланбаған. Қашықтан жұмыс істеп, онлайн оқу деген мүлде болмаған. Дәл осындай жағдай тарихта тұңғыш рет.
Аты өшкір Covid-19 ғой, дүниені дүрліктіріп, алаңсыз күйдегі халықтың тірлігіне тұсау болды. Тұсау болғаннан бұрын қаншама азаматтарды алып ұрып, келместің кемесіне мінгізді. Халықтың берекесін қашырды.
Көктем шығып, жер аяғы кеңи бастағанда көзге көрінбейтін коронавирус індеті Қазақстанға да жеткен. Ел шу етті. Күн сайын вирус жұқтырғандарды қалт жібермей санаумен болды. Алғашында біреу, екеу, тоғыз, кейін отыз, жүз деп кете берді... Жұқтырғандар саны артқан сайын көпшіліктің бойын үрей билей бастады. Кейбіреу керісінше, кесапат емес, саясат десіп, күмәнмен қарады. Біреудің пікірімен санасып, кеңседе кеңінен кеңесіп отыратын уақыт емес. Әр минут қымбат еді. Аудан, қала қақпаларына блок-бекеттер қойылды. Автомат асынған әскерилер, полицейлер, дәрігерлер кірпік қақпай жолаушылардың денсаулықтарын тексерді.
Өскеменнің көшесіндегі сабылысты азайту үшін «тақ, жұп» деген ереже енгізілді. Тұрғындарға ақ және жасыл түсті карта таратылып, сол бойынша ғана далаға шығуға рұқсат етілді. Сөйтіп, айналдырған бір ай ішінде Шығыста темірдей тәртіп орнады. Бәрі халықтың амандығы үшін. «Сақтансаң – сақтайды» дейді емес пе?! Әй, бірақ, әлемді жайлаған вирус қойсын ба?! Күндердің күні індет жұқтырғандар Семейден шықты. Араға аз уақыт салып, Өскеменнен анықталды. Аудандарға, ауылдарға тарады. Алғашында қалалық жерде коронавирус инфекциясы шыққан көпқабатты үйлердің айналасына лента тартылып, әр тұрғыннан ПТР-тест алынды. Маңайын қиқулатып жедел жәрдем көлігі торуылдап, тұмшалана киінген медицина қызметкерлері кіріп-шығып жататын. Олардың қызметтегі қауіпсіздігін облыстағы эпидемиолог дәрігердің бірі Айдын Жұмай қадағалап жүрді. Өйткені әр дәрігердің денсаулығы маңызды. Абзал жандар ауырып жатса, халықтың күні кімге қарайды?! Сол бір кезеңде ақ халат кигендер құдайдай көрініп, «дәрігерлерге күнімізді салмасын» дегендер де сап тыйылған.
Ең алғаш індет іргеге келгенде тұмшаланып жүрген ақ киімділерге былайғы жұрт үркіп, үрейленіп те қарағаны жасырын емес. Тіпті вирус шыққан көшені айналып өтуге тырысатын. Ал арты қандай жағдайға әкеліп соқтырары белгісіз вируспен күрестің бел ортасыда жүрген дәрігерлердікі ерлік. Соғыста кеудесін оққа тосқан сарбаздай дәрігерлер де коронавируспен күреске білек сыбана кірісті. Гиппократтың антына адал абзал жандар кері шегінбек емес. Кері шегінгенді қойып, кезекті еңбек демалыстарына шығу-шықпаулары екіталай болған. Жауапкершіліктің бәрі медицина саласы майталмандарының мойнында-тұғын (әлі де солай).
– Алдымен барлық медицина қызметкерлерімен пандемия кезінде не істеу керектігін пысықтадық. Дәрігерлерге қорғаныс құралдарын дұрыс пайдалануды үйреттік. Күнделікті жаттығу жұмыстары тыңғылықты жүргізілді. Температурасы көтеріліп, жөтел қысып келгендер үшін жеке фильтрлер ұйымдастырылды. Сол жерде ПТР-тест алынып, оң нәтиже көрсетсе, оқшаулауға алып отырдық, – деді эпидемиолог дәрігер Айдын Жұмай.
Эпидемиолог дәрігердің айтуынша, жедел түрде медициналық мекемелерде қосымша постылар ұйымдастырылған. Наурыз айында шетелден келгендерді оқшаулап, денсаулықтарын тексеру үшін обсервациялық стационар ашылды. Дәрігерлер 14 күн бойы олардың жағдайларын бақылауда ұстады. Сонымен қатар коронавирус инфекциясы болуы мүмкін адамдар үшін 100 төсектік орын жабдықталды. Ал олармен байланыста болған дәрігерлер қонақүйде жатып жүрді. Сөйтіп, медицина қызметкерлері халықты барынша сақтандыруға тырысқан.
Әуелде профилактикалық жұмыс жүргізіп, ауырмаудың жолын іздегендерімен, кейін ем іздеуге тура келді. Жазға салым провизорлық инфекциялық бөлімдердің есігінде тыным болмады. Күніне ондаған адам түсетін. Науқастарды аман алып қалу үшін мыңдаған медицина қызметкері жұмылдырылды. Қауіпті вирус жұқтырғандармен тікелей қарым-қатынаста жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері, фельдшерлер, медбикелер, тамақ берушілер, дәрігерлер болды. Бірінің жұмысы бағаланып, енді бірінікі еленбей жатқанымен, бәрінің еңбектері ерен.
Індет өршіп, екі күннің бірінде қаралы хабар естіп жатқан уақытта алдыңғы шепте жұмыс істеген дәрігер Наркес Әділханованы әңгімеге тартып көрген едік.
– Провизор бөлімінде өмір мүлдем басқа еді. Нақты емі табылмай тұрған вирусты аяқасты жұқтырып алсақ, арты неге апарып соқтырарын елестетудің өзі қорқынышты. Өйткені дем жетпей, қиналып жатқандарды күнде көріп жүрдік. Бар мақсатымыз – науқастарды құтқару. Бейнебір соғыс кезіндегідей. Жедел жәрдем науқастарды үсті-үстіне әкеліп жатты. Қайсысына жүгірерімізді білмедік. Демалу, ұйықтау дегенді ұмыттық. Далаға шығуға да рұқсат жоқ еді. Рұқсат болған күннің өзінде уақыт жоқ. Қаптанып киініп, бетімізді тұмшалап жүруге мәжбүр болдық. Бір қызығы, жұмысқа кірісіп кеткен соң бойымызда үрей, қорқынышты біржола ұмыттық. Науқастар жазылып, ауруханадан шығып жатқандағы сәттер біз үшін баға жетпес бақыт еді. Ол уақыттардағы қуанышымызды айтып жеткізе алмаспын. Ауруларынан айығып кетіп бара жатса, біз үшін мереке сол, – дейді дәрігер Наркес Әділханова. – Дәрігерлердің, медбикелердің, тазалықшылардың еңбектері ұшан-теңіз. Қауіпті вирустың дәл ортасында жүрді. Олармен қатар тамақ тасушылар да тыным таппады. Науқастарға туған-туыстары кіруге болмағандықтан, олардың сәлем-сауқаттарын біріші қабаттан күтіп алып, үстіңгі қабаттарға жеткізу солардың мойындарында еді, – деп сабақтады дәрігер әңгімесін.
Қауіпті аймаққа кіруден ешкім бас тартпады. Керісінше, көмекке дайын тұрды. Өйткені олар Гиппократтың ант-суын ішті. Сол антқа адалдықтары үшін алғыс арқалап жатыр. Оның үстіне мемлекеттен қомақты көлемде үстемеақы төленуде. Бірқатар дәрігер «Халық алғысы» медаліне ие болды. Рас, күн-түн демей жүгірген дәрігерлерге халықтың ризашылығы шексіз. Ақ халаттылардың арқасында бірінші толқынның беті қайтты. Бүгінгі таңда облыста коронавирус жұқтырғандар үшін жасақталған төсектік орынның 17 пайызында ғана науқастар жатыр. Қиын күндер артта қалғанға ұқсайды. Дей тұрғанмен, арқаны кеңге салуға әлі ерте. «Сақтықта қорлық жоқ». Бас санитариялық дәрігердің қойып отырған талаптарына құлақ асқан абзал.